Басты

«Астана» футбол клубының экс-басшысы Президентке үндеу жолдады

“Астана” футбол клубының бұрынғы басшысы Тастанбек Есентаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Ол зейнеткерлікке шығуына сегіз ай қалғанда заңсыз қызметтен қуған Туризм индустриясы мен спортты қолдау қорын қатаң тексеруді талап етіп отыр.

Мемлекет басшысынан араша сұраған Тастанбек Есентаев үндеу хатын өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялады. Онда ол әділетсіздіктің құрбаны болғанын және еш себепсіз жұмыстан қуылғанын жазған.

Соның салдарынан денсаулығы сыр беріп, ауруханаға да түсіпті. Есентаев өзін қудалаудың артында министр Дәурен Абаев пен спортты қолдау қорының басшысы Асхат Сейсенбек тұр деп есептейді.

«Бұл мәлімдемені мені жұмыстан шығарған күні жасауға дайын болдым. Бірақ президент сайлауы алдында елді дүрліктіріп, саяси науқанға кедергі келтіргім келмеді. Президент мырза, мен сізге еліміздің спорт саласындағы былықтар туралы, оған жол беріп отырған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пен оның айтқанымен ғана жүретін қорқаулар туралы мәлімдеме жасаймын. Ата заңымыздың кепілі ретінде өзіңізден көмек сұраймын. Жетінші қарашада мен еш себепсіз туризм индустриясы мен спортты қолдау қорының төрағасы Асхат Сейсенбектің бұйрығымен «Астана» футбол клубының бас директоры қызметінен босатылдым. Жұмыс істеген бір жыл ішінде менің тарапыма сын айтылған емес. Кемшіліктер мен заң бұзушылықтардың тіркелмегенін мәлімдеймін», — деді Тастанбек Есентаев.

Басқа жаңалықтар

Back to top button