БастыБокс

Руслан Задарновский: «Бізге оңай жеңістер керек емес»

24 желтоқсанда Алматыда жылдың қорытынды кәсіпқой бокс кеші өтеді. Рингке шығатындар арасында еліміздің бірнеше танымал боксшылары бар.

Олардың арасында ұзақ уақыттан бері рингке шықпаған Садридин Ахмедов бар. Оңтүстік Африка өкілі Нкулулеко Мхлонгомен жұдырықтасады. Сондай-ақ бір кездері сәтті өнер көрсеткен Батыр Жүкембаев, әуесқой мен кәсіпқой боксты қатар алып жүрген Фарух Тохтасунов, Мирас Ертанов, Ертуған Зейнуллинов, Жандос Несіпжан және тағы басқа жігіттер өнер көрсетеді.

Осы кеш туралы Luchy cent компаниясының промоутері Руслан Задарновский айтып берді.

«Биылғы маусым қазақ боксшылары үшін сәтті болды. Әуесқой бокстағы қыз-жігіттеріміз Иорданияда өткен Азия чемпионатында табысты өнер көрсетті. Кәсіпқой бокста Жәнібек Әлімханұлы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды. Одан бөлек тағы бірнеше отандасымыз кәсіпқой бокста бірнеше сәтті жекпе-жектер өткізді», — дейді Руслан Задарновский.

Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) әуесқой боксшыларға кәсіпқойды қатар алып жүруге мүмкіндік берген. Соның арқасында бірнеше жерлесіміз екі жаққа да қатар шығып жүр.

«Мысалы, 2021 жылғы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері Мирас Ертанов үшін Садридин Ахмедов, Батыр Жүкембаевтармен бір кеште өнер көрсету мәртебе деп ойлаймын. Сондықтан да сондай жігіттер аянып қалмауға тырысады», — дейді Руслан Задарновский.

Промоутерлік орталық боксшылары осы кештің алдында Өзбекстанның Әндіжан қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізген. Ол «бізге оңай жеңістер керек емес, боксшыларымыз тек мықтылармен шығып, өздерің дәлелдеуі керек» деп отыр.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button