«Жеңіс» дзюдо клубына Елдос Сметов капитан болмақ
Қарағандыда «Жеңіс» атты дзюдо клубы құрылған. Сол клубтың капитаны болып, Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері, әлем чемпионы Елдос Сметов таңдалды.
Дзюдодан құрлықтық лига 8 сәуірде Мәскеуде басталады. Қарағанды командасының құрамына Елдос Сметовтен бөлек, Жансай Смағұлов, Ислам Бозбаев әлемдік ареналардан ел намысын қорғаған балуандар қосылды.
«Жеңіс» клубының толық құрамы: Ғұмар Қырғызбаев, Айболат Ыстыбай, Нұрзат Салымбаев, Артем Штурбабин, Асқар Нарқұлов, Бақытжан Әбдурахманов, Мәди Амангелді, Руслан Мұсаев, Бекәділ Шәймерденов, Айбол Нысанәлі, Ерсұлтан Мұзаппаров, Ерлан Шеров, Ерасыл Қажыбай, Санжар Жабборов, Темур Рахымов.
Бұл дода командалық сайыс ретінде өткізіледі. Алғашқы маусымында 7 мемлекеттің 20 командасы бақ сынайды. Олардың арасында Ресей, Үндістан, Тәжікстан, Сербия, Беларусь, Иран және Қазақстан бар.
Жеребе қорытындысы бойынша «Жеңіс» клубы А тобына түсті. Қарсыластарымыз –»Самбо 70″ (Мәскеу), «Стайки» (Беларусь), Жемчужина (Краснодар), Ходжи Шариф (Тәжікстан).
Келесі раундқа өту үшін топта кемі үшінші орын алу керек. Әр команда өз тобында төрт кездесу өткізеді.
Жалпы жүлде қоры – 100 мың долларды құрайды. Қарағанды клубы белгілі меценат Алмаз Алсеновтің бастамасымен құрылған.