Бокс

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатына дайын

Бокстан Қазақстан əйелдер құрамасы Делиде өтетін XIII әлем чемпионатына оқу-жаттығу жиынын аяқтады.

Шешуші дайындық жұмысы Үндістан астанасында 6-14 наурыз аралығында өтті.

Біздің спортшылармен бір залда жарыс қожайындары, Франция мен Оңтүстік Корея боксшылары болды.

Бас бапкер Шəміл Сафиуллин бастаған біздің делегацияда барлығы 21 адам бар, 12 боксшы, жаттықтырушылар мен кешенді-ғылыми топ қосыны.

«Біздің құрама жақсы оқу-жаттығу жиынын өткізді. Біз бастапқыда мұнда ерте келіп, ауа райына, тамағына бейімделгіміз келген. Мен үшін бұл екінші әлем чемпионаты. Мұнда барынша жүлделі орындарға ие болуға тырысамыз. Біздің спортшыларымыздың көбі әлем рейтингінде ондықта екенін атап өткім келеді. Атап айтар болсам, Алуа Балқыбекова өз салмағында көш бастап тұр. Ал Жайна Шекербекова мен Карина Ибрагимова екінші орында. Негізгі қарсыластар – Үндістан, Қытай, Ресей және Өзбекстан боксшылары. Әйелдер боксында біз бұрын естімеген көптеген ел бар. Қазір бұл спорт, әсіресе, Африка құрлығында қарқынды дамып келеді», – деді Шəміл Сафиуллин.

Үндістан астанасы әйелдер арасындағы әлем чемпионатын осымен 3-рет өткізеді. Алдағы күндері 60 елден келген 300-ден астам таңдаулы спортшы жүлдеге таласпақ. Чемпиондар Халықаралық бокс қауымдастығынан 100 мың, күміс медаль иегерлері 50 мың, қола 25 мың АҚШ долларын алады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button