БастыТеннис

Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасынан үшінші рет басым түсті

Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-та өтіп жатқан Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің финалына шықты.

Елена жартылай финалда әлемнің бірінші ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен шеберлік байқасты. Осыған дейін қарсыластар үш рет кездесіп, соның екеуінде қазақстандық теннисші ұтқан еді.

Бұдан екі ай бұрын Рыбакина Аустралия ашық чемпионатында әлемнің 1-ракеткасын 6:4, 6:4 есебімен жеңген.

Бұл жолы бірінші партияда Елена брейкпен алға шықты. Содан кейін тағы бір брейкпен бітірді – 6:2. Рыбакина екінші сетті де брейкпен бастады – 2:0. Тағы бір брейк – 4:0. Содан кейін есеп 5:1 болып, өзі доп бергенде, екі матчболын пайдалана алмады. Дегенмен матчты тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:2.

Бір сағат 15 минутқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 7 эйс жасап, 5 брейк-пойнтты түгел өз есебіне жазды. Қарсыласы 1 эйс, 1 брейкпен көзге түсті.

Осылайша, әлемнің бірінші ракеткасын айқын басымдықпен ұтқан Елена өз спорттық жолында алғаш рет Индиан-Уэллс жарысының (жүлде қоры – 8,8 млн АҚШ доллары) финалына өтті.

Ол соңғы бәсекеде әлемнің 2-ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенкомен бас жүлдені сарапқа салады. А.Соболенко жартылай финалда әлемнің 7-ракеткасы, грекиялық Мария Саккариді жолдан тайдырды – 6:2, 6:3.

Басқа жаңалықтар

Back to top button