Парадзюдошылар ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері атанды
Астанада өтіп жатқан парадзюдодан Азия чемпионатының алғашқы күнінде қоржынымызға төрт медаль түсті.
Бұған дейін J2 санатында Даяна Федосова (57 кг) мен 73 келіге дейінгі салмақта (J1) санатында өнер көрсеткен Ерғали Шамей Азия чемпионы атанып, Ақмарал Науатбек (48 келі) күміс медаль жеңіп алғанын жазғанбыз. Ал Олжас Оразалыұлы қоржынға қола медаль салды. Жүлделерді табыстау рәсіміне мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов қатысты.
Ауқымды турнир елордада құрлықтың 11 елінен ондаған спортшыны жинады. Бұл отандық параспорт үшін өте маңызды оқиға, өйткені біздің дзюдошылар Азия чемпионатының медальдары үшін ғана емес, Париждегі Паралимпиадада өнер көрсету мүмкіндігі үшін де таласады – деді ол.
Сондай-ақ қос парадзюдошы Ақмарал Науатбек пен Ерғали Шамейге ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері құрметті атағы табысталды.
Парадзюдодан Азия чемпионаты 30 сәуірге дейін жалғасады.