Футбол

Президент Алматыдағы футбол орталығының жұмысымен танысты

Президенттің Алматы қаласына жұмыс сапары Footlab футбол орталығының қызметімен танысудан басталды. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасай отырып Qazaqsporty.kz хабарлайды. 

Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңа орталықтың пилоттық режимде жұмыс істей бастағаны туралы мәлімет берілді. Мұнда қазір жоғары білікті 8 бапкер 50 баланы жаттықтырып жатыр. «Smart Football» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Мұрат Медеуовтің айтуынша, футбол академиясында 5 жастан 12 жасқа дейінгі 1000-ға жуық баланы жаттықтыру жоспарланған.

Footlab – спортсүйер қауымға, отбасылық демалысқа, балалар мен ересектер арасында турнирлер өткізуге арналған интерактивті футбол алаңы. Алматыдағы Footlab орталығы Португалияның франшизасын алған. Оның бас кеңсесі Лиссабонда орналасқан. Аталған жобаны танымал португал футболшылары Руй Кошта мен Криштиану Роналду 7EGEND инновациялық компаниясымен бірлесіп жасаған.

Бүгінде Footlab франшизасы әлемнің 60-тан астам еліне сатылған. Бұл орталық Лиссабон мен Дубайдан кейін үшінші болып, Алматыда ашылды. Жобаға 1,5 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция салынған. Орталықтың биыл 50 мыңнан астам адам қабылдау, сондай-ақ спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау үшін Алматы қаласының оқушылары арасында турнир өткізу жоспары бар.

Инвесторлар еліміздің барлық өңірінде осындай орталықтар желісін ашуды көздеп отыр. Президент балаларға арналған спорт жобасын дамыту үшін жауапты органдарға жер телімін бөлу мәселесінде жәрдем көрсетуді тапсырды және Астанада осындай футбол орталығын салу туралы бастаманы қолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев жас футболшыларға табыс тілеп, спорт жейдесіне қолтаңбасын қалдырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button