Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің мәліметінше, Ержет Жарлықасын финалда (63 кг) XIX жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Айата Сузукиді (25 жаста, Жапония) ұтты. Белдесу 6-6 есебімен аяқталған. Ұпай сапасы жағынан қазақ атлеті басым болды.
Күндізгі сессияда Жарлықасын жартылай финалда Солтүстік Корея палуаны Чан Кимнің осал тұсын тапқан. Есеп: 5-3. Ширек финалда Сауд Арабия спортшысы Хавсавидің жауырынын жерге тигізген. Оның алдында қазақ атлеті алғашқы белдесуінде Оңтүстік Корея өкілін 6:4 есебімен тізе бүктірген.
Бұл Ержеттің (23 жаста) ересектер арасындағы алғашқы жарысы әлі алғашқы халықаралық жарыстағы жүлдесі.
Тағы бір финалист Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) ақтық сайыста ирандық палуан Насер Хасем Ализаденің мықтылығын тағы мойындады. Былтыр екі палуан Астандағы Азия чемпионатының финалында күресіп, жеңіс ирандықтың уысында кеткен.
Қазақстандық спортшы бүгін жартылай финалда Рахимжон Узоковты (Өзбекстан) таза жықты. Оның алдында Нұрсұлтан Оңтүстік Корея спортшысынан басым түскен.
Сондай-ақ жаңа салмаққа ауысқан Ибрагим Магомадов (77 кг) қола медаль жолында Омар Абдиден (Иран) айласын асырды.
Ертең сары құрлық бәсекесінің соңғы күні қалған 5 салмақтағы палуандар сынға түседі. Олар: Ғалым Қабдунасыров (60 кг), Алматбек Аманбек (67 кг), Николай Хапко (72 кг), Евгений Поливадов (82 кг), Юсуф Мациев (97 кг).