Нұрсұлтан Тұрсынов пен Ержет Жарлықасын финалға шықты
Қырғызстан астанасы Бішкекте өтіп жатқан күрестен Азия чемпионатында Ұлттық құраманың екі палуаны ақтық сынға жолдама алды
ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің мәліметінше, Ержет Жарлықасын (63 кг) жартылай финалда Солтүстік Корея палуаны Чан Кимнің осал тұсын тапты. Есеп: 5-3. Енді финалда жапониялық Аята Сузукимен күш сынасады. Ұлттық құрама өкілі ширек финалда Сауд Арабия спортшысы Хавсавидің жауырынын жерге тигізген. Оның алдында қазақ атлеті алғашқы белдесуінде Оңтүстік Корея өкілін 6:4 есебімен тізе бүктірген.
Былтыр әлем чемпионатында Париж Олимпидасының жолдамасына иелік еткен Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) жартылай финалда Рахимжон Узоковты (Өзбекстан) таза жықты. Осыған дейін Нұрсұлтан Оңтүстік Корея спортшысынан басым түскен. Кешке отандасымыз ирандық Хасем Ализадемен бас жүлдені сарапқа салады. Былтыр екі палуан Астандағы Азия чемпионатының финалында күресіп, жеңіс ирандықтың уысында кеткен.
Сондай-ақ қарсыласы финалға шыққан Ибрагим Магомадов (77 кг) жұбаныш белдесуінде бақ сынайды.
Кешкі сессия елорда уақытымен сағат 17:00-де басталады. Азия чемпионатын Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетіп жатыр.