Елордада 10-12 мамыр күндері дзюдодан өтетін Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысына қатысатын әлемдік жұлдыздар анықталды.
Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне «Qazaqstan barysy Grand Slam» атауымен енген жарыс қатысушыларының қатарында дзюдо спортының жарық жұлдызы, үш дүркін Олимпиада чемпионы, 12 дүркін әлем чемпионы Тедди Ринерден (Франция) бастап, Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері Акира Соне (Жапония), Рафаэля Сильва (Бразилия), Баул Ан (Оңтүстік Корея), әлем чемпиондары мен жүлдегерлері Криста Дегучи (Канада), Тсогтбаатар Цендочшир (Моңғолия), Джордж Фонсека (Португалия), Ван Т Енд Ноел (Нидерланды), Валид Кьяр (Франция), Тацуру Саито (Жапония), Grand Slam жеңімпаздары Достон Розиев (Өзбекстан), Элиос Манци (Италия), Барух Шмаилов (Израиль), Кубанычбек Айбекуулу (Қырғызстан) бар.
Естеріңізге сала кетсек, еліміз жарысты қабылдаушы ретінде әр салмақ дәрежесінде максималды төрт спортшыдан шығаруға құқылы. Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайының төрінде өтетін әлемдік додада Қазақстан сапынан екі дүркін Олимпиада жүлдегері Елдос Сметов, Grand Slam чемпионы Мағжан Шамшадин, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев, Гран При жарыстарының жүлдегері Ғалия Тынбаева бастаған спортшылар ел намысын қорғайды.
Бұл бәсекенің нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында Әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпайлар бөлінеді. Атап айтқанда, І орын үшін 1000, ІІ орын үшін – 700, ал ІІІ орын үшін – 500 ұпай есептелетін болады.
Байрақты дода 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарының қарсаңындағы соңғы лицензиялық Grand Slam жарысы болмақ.
Қазақстан дзюдо федерациясының бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктес – «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.