Сенсациямен аяқталған Алматыдағы бокс кеші қалай өтті
Алматыда TAS Group компаниялар тобының қолдауымен HAS PRO BOXING промоушені ұйымдастырған кәсіпқой бокс кеші өтті.
Кештің басты жекпе-жегінде 63,5 келі салмақ дәрежесінде Golden Grand Prix аясында қазақстандық боксшылар Виктор Коточигов (16, 14-2) пен Мирас Ертанов (6, 5-1) кездесті. Тартысты өткен кездесуде төрешілер шешімімен Мирас Ертанов жеңіске жетті.
Бұл біздің алғашқы бокс кеші болғандықтан, өте үлкен жауапкершілік болды. Сондықтан бұл іске бар күш-жігерімізді салып, қолымыздан келгенше жұмыс істедік. Кішігірім қателіктер де болды, онсыз енді болмайды. Дегенмен алдағы уақытта өзгеріп, тәжірибе жинап, қазақ боксымен бірге дамығымыз келеді. Кейін халықаралық бокс кештерін өткізетін деңгейге жетіп, әлемдік кәсіпқой промоушн болғымыз келеді, — дейді промоутер, бокс кешінің ұйымдастырушысы Серік Ноян.
Сондай-ақ ол басты жекпе-жекке де тоқталып, өз пікірін білдірді.
Виктор Коточигов пен Мирас Ертанов арасында өткен жекпе-жек осы бокс кешінің басты оқиғасы болды. Кездесу тең дәрежеде, өте тартысты өтті. Мәреге екі жүйріктің бірдей келгені сияқты қос спортшы барын салды, динамикасы жойқын жекпе-жек болды. Бір мемлекеттің екі үздік боксшысының арасында өткен айқаста төрешілер барынша салқынқанды әрі әділ болуы керек. Бұл жалпы кәсіпқой бокстың да дамуына өте маңызды. Біз HAS PRO BOXING промоушені ретінде төрешілерге бар жағдайды жасап, тек ұйымдастыру жұмысымен айналыстық. Сондықтан олардың қызметіне, төрелік етуіне еш араласа алмаймыз. Себебі олар да өз ісінің маманы, өз жұмысын істейді. Осы тұста Виктор Коточигов тарапы «аппеляция береміз» деген ойын айтты, біз қарсы емеспіз. Тәуелсіз комиссия, яғни білікті бокс мамандары көріп, шешімін айтып жатса, біз де осы бағытта жұмысты жақсарта түсеміз. Боксшылар кәсіпқой рингке шығып, тіпті, денсаулығын бәске тігіп, көрерменге керемет шоу сыйлап жатқанда, төрешілер жұмысының жауапкершілігі арта түседі. Олардың барынша әділ әрі шынайы болуы бокстың дамуы үшін өте маңызды, — деді Серік Ноян.