Таеквондо

Досжан Сатенов: әділ төрелігімен әлемді мойындатқан қазақстандық

Қазақстандық халықаралық дәрежедегі таеквондо төрешісі Досжан Сатенов соңғы жылдары өз кәсібилігі мен әділдігі арқасында әлемдік аренада айрықша танылып жүр.

Оның төрешілік шеберлігі 2025 жылы АҚШ-та өткен беделді Dallas Open G2 халықаралық турнирінде айқын көрініс тапты, деп хабарлайды qazaqsporty.kz.

Бұл жарыс – Олимпиада жолдамаларына ықпал ететін аса маңызды турнирлердің бірі. Мұндай додада төрелік ету – зор жауапкершілік. Турнир барысында есте қаларлық оқиға болды: бір спортшы қарсыласына Тифули чаги (бастан айналып теуіп соғу) техникасын сәтті орындады. Алайда corner referees пен center referee бұл соққыны байқамай, тиісті 5 ұпай тіркелмей қалғандықтан, Досжан Сатенов қырағылық танытып, әділетті шешім шығару үшін бейнеқайталауды талап етті. Қайта қарау нәтижесінде оның ойы толық расталып, жеңіс лайықты иесіне қайтарылды. Бұл қадам Сатеновтың техникалық білімі мен әділдігіне қоса, стресс жағдайында да салмақты шешім қабылдай алатынын көрсетті.

Dallas Open ұйымдастырушылары қазақстандық төрешінің кәсібилігін жоғары бағалап, оған ресми алғыс хат табыстады.

Өз кезегінде Сатенов мұндай сенімнің зор мәртебе екенін жеткізді:

Бұл мен үшін үлкен құрмет. Әлемдік деңгейдегі турнирлерге шақырылу – еңбегімнің жемісі әрі халықаралық дәрежедегі кәсібилігімнің дәлелі. Әсіресе G2 санатындағы жарыстарда төрешілік ету – үлкен жауапкершілік. Себебі WT талаптарына сәйкес мұнда әр шешім спортшының тағдырына, ел намысына және жарыс нәтижесіне тікелей әсер етеді, – деді ол.

Жас болса да, ірі ареналарда тәжірибе жинақтап жүрген төреші төреліктің қатаң талаптарын да атап өтті:

WT бойынша халықаралық төрешіден кәсіби білім, әділдік, шапшаңдық, спортшы денсаулығын қорғау және соққыларды әділ есептеу талап етіледі. Мен осының бәрін меңгеру үшін халықаралық семинарларға қатысып, емтихандар тапсырдым. Бүгінде сол еңбегімнің арқасында халықаралық, соның ішінде G2 дәрежесіндегі турнирлерге шақырылып жүрмін, – деп түйіндеді Сатенов.

Әділдігімен ерекшеленген Досжан Сатенов бүгінде АҚШ пен әлемдік таеквондо қауымдастығы үшін сенім артатын, құнды мамандардың біріне айналды.

Равиль АШЫҒАЛИ

Басқа жаңалықтар

Back to top button