Регбиден ерлер арасындағы ел чемпионаты аяқталды
Жыл өткен сайын Олимпиада ойындарының тізіміне бірлі-екілі спорт түрі қосылып, жаңарады.
Мысалы, Англияда сонау XIX ғасырда пайда болып, кейін Еуропада кеңінен танылған регби ойыны Рио Олимпиадасының бағдарламасына енді. Осы жаңалықтан соң, спорттың дамуына ерекше көңіл бөлетін мемлекеттер регбиден ұлттық құраманың ойыншыларын жасақтай бастады. Алысқа ұзамай-ақ қоялық, бізде де спорттың осы түріне мейлінше жасөспірімдерді тартуға басымдық берілді.
Негізі регбиден ел чемпионаты 5 кезеңге бөлінеді екен. Яғни сол 5 кезеңнің қорытындысы бойынша ең көп ұпай жиған команда автоматты түрде бірінші орын олжалайды. Сондықтан спортшылар әр кезеңдегі әрбір ойынға 100 пайыз дайын болуы қажет. Босаңсуға негіз жоқ. Сонымен бәсі жоғары бәсекенің ақтық бесінші кезеңі 15-18 қазан аралығында Алматы қаласында өтіп, алаңда Талдықорған қаласының «Олимп» командасының өрендері қарсыластарын тұқыртып, дара шыққан. Бұл күні «Олимп» ойыншылары нағыз жеңімпазға тән мінез көрсетіп, алаңның әр бұрышында еркін ойқастады. Ал екінші орынды Алматылық «Динамо-Азияспорт» команадасы қанжыласа, үшінші орынды Талдықорғандық «Жетісу» командасы еншіледі.
Атап өтерлік жай, осы маусымда «Олимп» командасы бірде-бір ойында жеңілмеген екен. Осылайша, барлық ойында қарсыластарынан бір бас жоғары екенін аңғартып отыр. «Шын жүйрікке тұсау жоқ» деген осы. Талдықорғандықтардың 5 кезең қорытындысы бойынша бірде-бір ойында жеңілмеуі басқа командалардан деңгейі әлде қайда жоғары екенін анық аңғартады. Шынтуайтында, бұл регбиді шебер ойнауға машықтанған «Олимп» командасының жылдар бойы дайындығының нәтижесінде келген олжа. Бақ пен бап қатар шауып, еңбек, үміт ақталды деген осы. Маусымдағы «Олимп» командасының жеңісті жорығы туралы құрамның үздік ойыншыларының бірі Жұман Бақыткелді тарқатып айтып берген еді.
– Расында, бізге әр ойын маңызды болған соң ұрымтал сәтті ұтымды пайдалануға тырыстық. Регби ұжымдық ойын болған соң, жекедара шеберлікпен жеңімпаз болу мүмкін емес дер едім. Мұнда командалық рух жеңіске бастайды. Ал командалық рух үздіксіз жаттығудың нәтижесінде қалыптасады. Әр топта жылдам жүгіретін немесе күші мығым спортшылар болатыны заңдылық. Бірақ осы басымдықты дер кезінде пайдалана білу өнер. Біз қарластардың қарымын, әр ойыншының басымдығын зерделей келе, соған қарсы әрекет етуге тырыстық. Сауатты ойнап, қажет кезінде сақ қимылдадық. Сол үшін жеңілмедік деп ойлаймын. Әрине орайы келгенде, біздің ойынымызға жан бітірген бапкерлерге, сөзсіз ұғысқан командаластарыма алғыс айтамын, – дейді ол.
Осы тұста біз Ж.Бақыткелдіден «Олимп» ойыншыларының жарысқа қалай дайындалатыны жайында сұрап едік.
– Жарысқа шамамен екі аптаға жуық уақыт қалғанда күніне 2 мәрте шынығамыз. Жаттығуда көбіне көп спринттік жүгіруге және ауыр зілтемірлерді көтеруге көңіл бөлеміз. Өйткені регби ойнау үшін спортшылар мығым әрі шапшаң болуы шарт. Иә, регбиде салмағы ауыр спортшылар көбіне алдыңғы шепте, шабуылда ойнайды. Сондықтан олар жаттығуда зілтемір пайдаланады. Сол секілді жылдам жүгіретін ойыншылар қорғаныс позициясында ойнаған соң, олар жаттығуда жылдамдыққа және төзімділікке мән береді. Әрине жауапты кездесулерде жекелеген спортшыларға зор сенім артылады. Дегенмен қай команда дайындыққа көберек көңіл бөлсе, өзгелерден артық еңбектенсе, міндетті түрде жеңімпаз болады деп ойлаймын, – дейді Бақыткелді.
Бірі білсе, бірі білмес, бірақ, елде регби спорты сонау 1966 жылдан бастау алған екен. Сол мезгілден 1974 жылға дейін Алматы, Қарағанды, Шымкент, Ақмола, Талдықорған қаласының командалары жасақталыпты. Тіпті, регбиден КСРО құрамында жасындай жарқыраған қазақстандықтар да болған-ды. Есте болса, Рио олимпиадасында әлемнің кіл мықты спортшылары ойынның «регби-7» деген түрінен сынға түскен еді. Алайда дәл қазір регбиден ел құрамасы әлемнің азулы қарсыластарын оңай еңсереді деп айту қиын. Неге десек, елде спорттың дәл осы түріне бәсекелестік бокс, күрестегі тартыс сынды қызып тұрған жоқ. Десек те регбиге бала жастан қызығып өскен жасөспірімдерге үміт артып, келешекте тәуір өнер көрсетеді дегенге іштей сенеміз.
Асхат РАЙҚҰЛ,
Журналист