БастыФутбол

2021 жыл: Қазақ футболы несімен есте қалды?

Жыл түгесілуге жақын. Осы ретте сиыр жылында қазақ футболында қандай жаңалықтар болды деген сұраққа жауап іздеп көрмекпіз.

Құраманың қатырғаны шамалы

Қазақстан ұлттық құрамасы үшін 2021 жылы сәтті болды дей алмаймыз. Әсіресе, Парижде Франциядан 0:8 есебімен жеңілуіміз жанкүйерлердің ашуын тудырды. Бұл 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясындағы соңғы матч болатын. Қазақстанның келесі жылы Катардағы доп додасына бармайтыны әу бастан белгілі еді. Бастысы, сегіз матчты абыроймен ойнап шығудан басқа амал болмаған. Өйткені D тобында Қазақстаннан басқа осал құрама жоқ. Алғашқы жеті ойында жеңіске жетпесек те, үш рет тең түстік. Барлығын сегізінші матчтағы 8:0 есебі құртып кетті.

Кіші футболдағы үлкен жетістік

Үлкен футболға қарағанда кіші футболдағы жігіттеріміз қуантып жүр. Биыл Қазақстан құрамасы Литвада өткен әлем чемпионатында үздік төрттіктің қатарына қосылды. Тіпті, чемпион атануға да мүмкіндіктері болған еді. Тек аздаған сәттілік жетіспеді. Жартылай финалға дейін жетудің өзі оңай емес екенін жақсы түсінеміз.

Дәурен Нұрғожин, Біржан Оразов, Альберт Ақбалықов, Жомарт Тоқаев, Дәурен Тұрсағұлов, Шыңғыс Есенаманов… Қазір Қазақстанның қай түкпіріне барсаң да үш апта бойы кіші футболды қызықтаған жанкүйерлердің аузынан еститінің осы жігіттердің есімі. Құрамада жүрген бразилиялық легионерлерден кем түспейтінін қарадомалақтарымыз әлем чемпионатында анық көзімізді жеткізді. Енді бұл жігіттердің жарқын жеңістері еліміздегі футзалдың дамуына үлкен дүмпу әкелетіні сөзсіз. Мұны әсіресе, спорт басшылары, аяқдоп шаруашылығында жүрген арнайы мамандар аңғарса екен. Футзал болашақта Олимпиада ойындарына кіруге мүмкіндігі бар спорттың бірі. Сондықтан қазірден бастап әр өңірде футзалды дамытуға арналған арнайы бағдарлама жасап, оны Үкімет деңгейінде қолға алса дейміз. Әсіресе, балалар спортында үлкен футбол мен кіші футболдың шекарасын сызып, тек қана футзалдың қыр-сырын меңгертсе, ертеңгі күні Тұрсағұлов, Тоқаев, Оразов сияқтылар көптеп шығатыны анық.

Чемпиондық атақты 11 жыл күтті

Қазақстан премьер-лигасында биыл тағы чемпион ауысты. Алты жыл қатарынан «Астана» алда жүрсе, былтыр «Қайрат», енді осы жолы «Тобылдың» айы оңынан туды.

Қостанай командасы араға 11 жыл салып, екінші мәрте ел чемпионатының үздігі атанды.

Негізі 25-турға дейін «Астана» көш бастап тұрған. Алматының «Қайратынан» ұтылғаннан кейін (0:1) елорда командасы тізгінді «Тобылға» беріп қойды. Александр Москаленко шәкірттері қарсыластың бұл жеңілісін сәтті пайдаланды. 25-турда олар өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» 4:1 есебімен жеңіп, ұпай санын 58-ге жеткізді. Осылайша, биылғы маусымның чемпиондық атағы соңғы турда шешілетін болды. «Астана» 26-турда «Тұранмен» ойнаса, «Тобыл» «Ақжайыққа» қонаққа барды.

Қостанайлық клубқа «Ақжайықпен» болған ойында міндетті түрде жеңіске жету қажет еді. Солай болды да. Қостанайлық ұжым жылдың басты ойынын еш қиналмастан өз пайдаларына шешіп, екінші мәрте Қазақстан чемпионы атанды. Ал «Астана» өз алаңында «Тұранды» ұта алмады. Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Сонымен «Тобыл» 61 ұпаймен чемпион атанса, «Астана» 57 ұпаймен күміс жүлдегеге қол жеткізді. Алматының «Қайраты» қола жүлдені қанағат тұтты. Қазақстанның былтырғы жылғы чемпиондары 51 ұпай жинады.

Екінші жыл қататынан допинг дауы

Қыркүйек айында Украина қақпасына екі гол соғып қуантқан футболшы Руслан Валиуллин кейіннен допингпен ұсталды. Қостанайдың «Тобыл» командасында ойнайтын қорғаушы еурокубок кезінде тапсырған сынамадан кейін ұсталған. Әзірге футболшы спорттан шеттетілді. Бірақ жаза мерзімі қаншаға дейін созылатыны белгісіз.

Осымен екінші жыл қатарынан ұлттық құрама ойыншысы допингпен ұсталып отыр. Бұған дейін Бауыржан Исламхан екі жылға футболдан шеттетілген болатын.

Томасовқа жетер сұрмеген жоқ

Қазақстан премьер-лигасының қорытындысы бойынша бас мерген атағын «Астананың» ойыншысы Марин Томасов жеңіп алды. Хорватиялық легионер 23 ойында 17 гол соқты. Одан кейінгі орында «Қайрат» шабуылшысы – Антон Шушеначев – 19 ойында 12 гол. Сұрмергендер көшінің үздік үштігін «Тобылда» доп теуіп жүрген Игорь Сергеев қорытындылады. Өзбекстандық легионер 25 ойында 10 голдың авторы атанды. Осы жерде айта кететіні, 2009 жылдан бері Чемпионаттың бас мергені атағын үнемі легионерлер ұтып келе жатыр. Соңғы рет Мұрат Тілешова 2009 жылғы футбол маусымында 20 доп соғып, түрікменстандық Владимир Байрамовпен біріншіліктің бас мергені атағын бөліскен болатын. Содан бері қазақстандық бірде-бір футболшы сұрмерген атағына лайық болмады.

Еурокубокқа «Қызылжар» да қатысады

Соңғы жылдары «Астана», «Тобыл», «Қайрат» еурокубокқа тұрақты қатысып жүрсе, төртінші команда өзгеріп тұрады. Келесі жылы бұл қатарға Петропавлдың «Қызылжары» қосылмақ.

Маусым басында бас бапкер болып, Андрей Карпович тағайындалғанда біраз жанкүйерлер күмәнмен қарап еді. Бірақ, Карповичтің «Қызылжардағы» алғашқы қадамы сәтімен аяқталып, петропавлдықтар турнир кестесінде төртінші орынға көтеріліп қана қоймай, еурокубокқа да жолдама алды.

«Қызылжар» араға он жеті жыл салып, ең үздік нәтижеге қол жеткізіп отыр. 2004 жылы олар 6-орын алды. Бір кездері Петропавл футболы өте қарқынды дамыған еді. Әсіресе, команданы белгілі маман Дмитрий Огай жаттықтырған тұста күміс (2000 ж.) және қола (2001 ж.) медальға ие болды. 1999 жылы украиналық Владимир Стрижевскийдің басшылығымен Қазақстан чемпионатын күміс жүлдемен аяқтаған.

«Жетісу» мен «Қайсар» қандай команда еді?!

Талдықорғанның «Жетісуы» мен Қызылорданың «Қайсар» клубтары Қазақстан премьер-лигасымен қош айтысты. Бір кездері бұл екі клуб ел біріншілігінің алдыңғы қатарында жүретін. «Жетісудың» бір жылдары күміс жүлдеге дейін қол жеткізгені бар. «Қайсардың» да тарихын тарқатсаң, біраз белесті бағындырғанын байқауға болады. Енді, міне, екеуі де биылғы маусымды сүреңсіз өткізіп, бірінші лигаға жол тартты. Енді олардың орнын «Мақтаарал» мен «Ақсу» командалары басады.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button