Ақ Олимпиада туралы алты дерек
Бейжіңдегі ақ Олимпиаданың басталуына аз уақыт қалды. Төртжылдықтың ең ірі спорттық жарысы осымен 24-ші рет өткелі отыр. Осы ретте Ұлттық Олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметі ұсынған қысқы Ойындар туралы деректерге көз жүгіртейік.
Қытай – қысқы және жазғы Олимпиаданы қабылдаған алғашқы мемлекет болмақ. Осы орайда, Олимпиада кезінде жаңа нысандардан бөлек, 2008 жылғы жазғы ойындарға қолданылған спорттық нысандар да қолданылады. Мәселен, Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанаты «Құс ұясы» ретінде танылған Бейжіңнің ұлттық стадионында өтеді. 2008 жылғы жазғы ойынның салтанатты шаралары да сол кешенде өткен болатын.
* * *
Олимпиада бағдарламасына енген жаңа жарыс түрлерін айтқанда гендерлік теңдікті де атап өту қажет. 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасының бағдарламасын жеті жаңа жарыс түрі қосылды. Атап айтар болсақ, шорт-тректен аралас эстафета, шаңғы акробатикасынан, шаңғымен тұғырдан секіруден және сноуборд-кросстан аралас командалық турнир, фристайлдан ерлер мен әйелдер арасындағы биг-эйр, сондай-ақ, монобобтан әйелдер арасындағы бәсекеден жүлделер таратылады.
* * *
Бейжің Олимпиадасының жарыс күнтізбесіне тоқталайық. Ойынның ашылу салтанаты 4 ақпан күні, жабылуы 16 ақпанда өтеді. Бәсекелер ресми түрде ашылу салтанатынан екі күн бұрын басталып кетеді.
Бейжіңдегі Олимпиада және Паралимпиада ойындарына арнап салынған 12 спорттық нысанның барлығы да аяқталды. Үш олимпиадалық ауыл, басты медиа-орталық, ұлттық стадион және өзге де нысандар қолданысқа берілді. Осылайша, Олимпиаданың басталуына екі айдан аса уақыт қалғанда Бейжің қаласы қысқы ойындарды қабылдауға толық дайын болды.
* * *
Атлеттердің өміріндегі ең есте қаларлық сәттердің бірі – марапаттау рәсімі. Бейжің Олимпиадасын ұйымдастырушылар бұл сәттің керемет өтуіне бар жағдай жасап отыр. Қаңтар айының басында марапаттау рәсімінің атрибуттары таныстырылды. Таныстырылым аясында көпшілікке гүлдер, тұғыр мен марапаттаушылардың киімдері көрсетілді. Айта кетелік, Олимпиада жеңімпаздары гүлден бөлек арнайы тапсырыспен дайындалған ойынның бойтұмарын да сыйға алады.
* * *
Олимпиадалық ауылдағы бөлмелер әртүрлі. Бір спортшыға, екі спортшыға арналған бөлмелер бар. Әр бөлмеде жылытқыш пен кондиционер орналастырылған. Мұның бәрі смартфондағы қосымша арқылы басқарылады. Кереуеттерді биіктігіне, ұзындығына қарай реттеуге болады. Токиомен салыстаратын болсақ, мұндағы кереуеттер картоннан жасалмаған. Олимпиадалық ауылда спортпен шұғылдануға бар жағдай жасалған. Фитнес құралдарының 27 түрі бар, жалпы есебі 139 тренажер қолданысқа беріледі. Фитнес-орталық та тәулік бойы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, спортшылар демалатын орын, кофехана, банк да орналасқан. Әрбір олимпиадалық ауылда 18 бөлімшесі бар үлкен аурухана жұмыс істейтінін де айта кеткен жөн. Егер спортшылардың бірінен коронавирус анықталса, оны жедел жәрдеммен басқа ауруханаға алып кетеді.
* * *
Нысандарда спортшыларға бетперде киіп, қолын жиі жуып, артық әңгімелесуден аулақ болуды ескертетін роботтар бар. Олимпиадашыларға арналған ас мәзірі 4 жыл бойы дайындалды. Қорытынды мәзірге 678 тағам енген. Осы орайда, біраз жайт есепкеалынды: диета, діни көзқарас және тағы да басқа (вегетериандық ас, халал тамақ). Әрине, ас мәзірінде дәстүрлі қытай тағамдары да бар. Асханадағы тамақ ішетін ыдыстар да экологиялық таза болып есептеледі. Пандемияға байланысты асханада спортшыларға бетперде мен қолғап, спирт жағылған мақта мен санитайзерлер беріледі.
Бек Төлеу