Сұхбат

Ғалымжан Жылгелдиев, дзюдодан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері: Балуандардың бәріне бірдей мүмкіндік береміз

Орал қаласында дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтті. Кейбір салмақтарда жаңа чемпиондар шықты. Бірнеше жыл ұлттық құрамада өнер көрсеткен Елдос Жұмақанов (66 келі) пен Отгонцэцэг Галбадрах (48 келі) спорттық карьерасын аяқтады. Чемпионаттың қорытындысына қатысты ерлер құрамасының бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиевпен сұхбаттасқан едік.

– Қазақстан чемпионатының өту деңгейіне қандай баға бересіз?

– Қазіргі пандемия жағдайын ескеретін болсақ, чемпионат жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Былтыр карантиндік шектеулерге байланысты әр өңірден екі спортшы ғана рұқсат қатысқан еді. Бұл жолы ондай шектеулер болмады. Сондықтан қатысқан спортшылардың да саны көп болды. Әсіресе, 60, 66 келі салмақта елуден астам балуан бақ сынады.

– Алдымен, 60 келі салмаққа баға беріп өтсеңіз…

– Екінші жыл қатарынан қызылордалық Мағжан Шамшадинге тең келетін балуан болмады. Өздеріңіз білесіздер, Мағжан Будапешттегі әлем чемпионатында жартылай финалға дейін жеткен. Екінші орын маңғыстаулық Бауыржан Нарбаевқа бұйырды. Екеуі де жақсы балуан.

Бұл салмақтың көшбасшысы Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев екеуі 66 келіге ауысты. Енді халықаралық жарыстарда жақсы өнер көрсеткен балуанды Азия ойындары мен әлем чемпионатына апарамыз. Сондықтан басқаларының қай-қайсысына болсын мүмкіндік бар. Ол тіпті төртінші нөмірлі балуан да болса да мәселе жоқ. Қазақстан чемпионы атану кепілдік бермейді. Ең әділетті шешім сол деп білемін. Бәріне ескертілген. Бәсекелестік болмаса, нәтиже келмейді.

– Енді 66 келіде бәсекелестік қызатын болар?

– Бұл салмақта бірнеше жыл ұлттық құрамада көшбасшы болған Елдос Жұмақанов спорттық карьерасын аяқтады. Ал 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ерлан Серікжанов 73 келіге ауысты. Есесіне, Сметов пен Қырғызбаев келді. Сонымен қатар осы чемпионатта топ жарған атыраулық Ермек Амангелдиев бар.

– 73 келіде тағы да Жансай Смағұловқа тең келер ешкім болмады. Бұл осы салмақта бәсекелестіктің жоқтығын көрсетпей ме?

– Ішкі чемпионатта Жансайдың шоқтығы биік болып тұр. Бірнеше жыл қатарынан чемпион атанып жүр. Екі Олимпиадаға қатысты. Өзіне сенімді жақсы күресті. Финалда 2001 жылғы Данияр Шамшаев күресті. Осындай жастардың өсіп келе жатқаны қуантты. Сонымен қатар Ерлан Серікжанов осы салмаққа келіп жатыр. Оралда ол қола медальды қанағат тұтты.

– 81 келі туралы айта кетсеңіз?

– Бұл жолы Бекәділ Шаймерденов топ жарды. Кезінде Универсиада ойындарында үшінші орын алған. Қазақстан спартакиадасының жеңімпазы. Бұрыннан күресіп келе жатқан балуан. Осыған дейін 73 келіге дейін күресіп жүрген. Сосын салмақ ауыстырды.

– 90 келіде де өзгеріс бар екен?

– Дидар Хамза осы жолы 90 келіде күресті. Негізі ол 81 келідегі балуан. Біріншілікке салмақ қумау үшін солай істепті.

–100 келіге Ислам Бозбаев ауысып жатыр екен?

– Ислам бұл салмақта үздік шыға алмады. Бірақ құрамадан алыстамайды. Біздің сенім артар балуандарымыздың бірі. Осы жолы біріншілікте қызылордалық Нұрлыхан Шарханға тең келер ешкім болмады.

– Ауыр салмақ туралы айтарыңыз бар ма?

– Оралдық Темірлан Көлбай бірінші орын алды. Негізі самбо мен дзюдода қатар күресіп жүрген еді. Былтырғы чемпион Әділ Оразбаев осы жолы екінші орынға тұрақтады. Олардың барлығын оқу-жаттығу жиындарына шақырамыз.

– Оқу-жаттығу жиындары қашан басталады?

–  Желтоқсанның алғашқы күні жиналамыз. Чемпионаттың қорытындысы бойынша жасақталған құрама бойынша 18 күн дайындық жүргіземіз. Жаңа жылдан кейін бізді Гран-при, Гранд-Слам сияқты жарыстар күтіп тұр. Париждегі Олимпиада ойындарының рейтингтік жарыстары да басталады. Одан бөлек, келесі жылы әлем чемпионаты өтеді. Жалпы, балуандардың бәріне бірдей мүмкіндік береміз. Тіпті, 5-6 орын алғандар да халықаралық додаларда өздерін көрсетер болса, құрамада болады.

 

 

Дзюдодан 2021 жылғы Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері

48 келі

  1. Әбиба Әбужақынова (Атырау обл.); 2. Диана Буркеева (Алматы обл.); 3. Сара Құлым (Түркістан обл.), Ділназ Асылхан (СҚО);

52 келі

  1. Гауһар Ирмағанбетова (БҚО); 2. Салтанат Сұлтанбекова (Қызылорда обл.); 3. Диана Айыпова (Алматы қ.), Нұрсұлу Ералиева (Алматы обл.);

57 келі

  1. Севара Нышанбаева (Шымкент қ.); 2. Бақыт Құсақбаева (Ақтөбе обл.); 3. Балнұр Құрманбай (Алматы қ.), Рауза Нұрмұхаммедова (Жамбыл обл.);

63 келі

  1. Сайора Мирзахметова (Алматы қ.); 2. Саламай Ерғалиева (Қостанай обл.); 3. Кристина Сотникова (ШҚО), Есімгүл Кұйылова (Атырау обл.);

70 келі

  1. Зере Бектасқызы (ШҚО); 2. Перизат Жақыпбекова (Түркістан обл.); 3. Мөлдір Нарынова (Алматы обл.), Анастасия Маякова (Ақмола обл.);

78 келі

  1. Аруна Жангелдина (Ақтөбе обл.); 2. Назерке Тілеуханова (ШҚО); 3. Назгүл Есімбек (Түркістан обл.); 3. Альбина Бахиева (Шымкент қ.);

+78 келі

  1. Камила Берліқаш (Алматы обл.); 2. Ақерке Рамазанова (Алматы қ.); 3. Карина Такиева (БҚО), Назгүл Маратова (СҚО);

 

Ерлер:

60 келі

  1. Мағжан Шамшадин (Қызылорда обл.); 2. Бауыржан Нарбаев (Маңғыстау обл.); 3. Қанат Сейілхан (Атырау обл.), Ержан Еренғайыпов (Нұр-Сұлтан);

66 келі

  1. 1. Ермек Амангелді (Атырау обл.); Дастан Шаяхметов (ШҚО.); 3. Айболат Ыстыбай (Атырау обл.), Алмас Ғалымов (ШҚО.);

73 келі

  1. Жансай Смағұлов (Қарағанды обл.); 2. Данияр Шамшаев (Жамбыл обл.); 3. Ерлан Серікжанов (ШҚО), Аңсарбек Ғайнуллин (БҚО);

81 келі

  1. Бекәділ Шаймерденов (Жамбыл обл.); 2. Абылайхан Жұбаназар (Қызылорда обл.); 3. Барак Арқабай (ШҚО), Айбол Нысанәлі (Шымкент қ.);

90 келі

  1. 1. Әділет Мисин (Ақтөбе обл.); 2. Ерсұлтан Мұзаппаров (Шымкент қ.); 3. Ерсұлтан Жанатаев (Алматы қ.); Сұңғат Закарияев (Атырау обл.).

100 келі

  1. Нұрлыхан Шархан (Қызылорда обл.); 2. Ерқанат Молдағұлов (Қарағанды обл.); 3. Серік Салменов (Павлодар обл.), Айбек Серікбаев (Қызылорда обл.).

+100 келі

  1. Темірлан Көлбай (БҚО); 2. Әділ Оразбаев (ШҚО); 3. Жамбыл Тұрғыналиев (Жамбыл обл.), Ғалымжан Қырықбай (Жамбыл обл.).

Басқа жаңалықтар

Back to top button