Басқа спорт түрлеріБастыСұхбат

Амалбек ТШАНОВ: Спортта жерлестік, туған-туыс, телефон арқылы шешу дегенді қоятын уақыт жетті

Баланы спортқа баулу, спортшылардың білімі, олимпиададағы төмен нәтиже мен спортшыларды жарысқа тамыр-таныстық арқылы апару. Қазақ спортының қара шаңырағы саналатын Республикалық спорт колледжінің директоры Амалбек Тшанов осы мәселелер жөнінде отандық БАҚ-қа сұхбат берді.

– Амалбек аға, сіздер балаларды қандай қасиеттеріне қарап спорт­қа бейімділігін байқап, қабыл­дай­сыздар?
– 100 пайыз баға беру қиын. Себебі адамның физиологиясының даму процесі жас кезде бір бөлек болуы мүмкін, ал өсе келе өзгереді. Боксқа 7 сыныптан бастап қабылдаймыз, сонда белсенді, ширақ болып жүрген балалар уақыт өте келе бәсеңсіп қалады, кейде, керісінше, тасада жүрген, әлжуаз көрінген бала топты жарып шығуы мүмкін. Біз баланың бойында жігер бар ма, жоқ па, соған мән береміз. Спорт деген ең алдымен жігерді талап етеді. Сәл ауырғанға майысып қалса, ол көпке бармайды. Төзімділік керек. Көзінде оты, жүрегінде қайраты бар адам ғана жетістікке жетеді.
Баланың сана-сезімі де жоғары болуы керек. Өкінішке қарай, спорт мектептерін бітірген балалар туралы сыңаржақ пікір көп. Бізге түскен балаға үш бағыт береміз. Ең бірінші – тәртіп. Онсыз спорт жоқ. Екіншісі – білім. Мұны әрбір ата-ана ескеруі керек. Оқы­ту керек, спорт ұзақ емес, бір күні ол аяқ­талады. Келген балалардың жарты­сынан көбі өзге салаға ауысып кетеді. Сонда олар қалай жұмыс істе­мек?
– Колледжге қабылдаудың қан­дай тәртібі бар?
– Біз колледжге 9 сыныптан кейін емес, 11 сыныпты бітірген баланы қабылдаймыз. Себебі бұл мамандандырылған оқу орны. Бала өзі таңдаған спортта кемінде спорт шеберіне үміткер болуы қажет. Спорт шебері атағы бар, ұлттық құрама сапында өнер көрсететін өрендерді емтихансыз қабылдаймыз.
Мектеп-интернатқа қабылдану үшін жасөспірімдер арасында разряды болуы керек. Бір өкініштісі, тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүрген ауыл балаларының біразында қажетті құжаттары жоқ, соны бапкерлері ескермейді. Арасында аты-жөнін қатесіз жаза алмайтындары да бар. Сол нәтижесі үшін қабылдап, әрі қарай білімін арттыруға атсалысамыз. Сондықтан ата-аналарға өтініп айтарым, балаңыздың біліміне қатты мән беріңіз. Дүниетанымы кең баланың спорттағы жетістіктері де жоғары болады. Мысалы, бокста 3 минут, күресте 6 минут уақыт беріледі. Сол аралықта спортшы қарсыласының кім екенін, оның артық және осал тұстарын анықтап, оған қарсы қандай әдіс-тәсілдер қолдану керектігін шеше білуі тиіс. Яғни ми мен дененің жұмысы өзара тығыз байланысты болуы керек. Үнемі айтамын, Алла Тағала басты ойлау қабілеті жоғары болсын деп иықтан жоғары жаққа орналастырды.
Міне, спортпен қатар білімге мән беруіміздің арқасында 80 баланың ішінен 25 бала ҚазҰУ-ға оқуға түсті.
– Оқу орнының жай-күйіне тоқталсаңыз.
– Біз оқу процесі барысында смартфондар қолдануға қатаң тыйым саламыз. Кейбіреуі бұған қарсылық танытқысы келеді. Қарапайым телефон ұстай берсін, бірақ смартфондарға рұқсат жоқ. Өйткені балалар сағат түнгі 10-нан кейін ұйықтауы керек. Ал қолындағы смартфонға үңілген соң ол түн жарымға дейін жатады да, таңертең тұруға қиналады. Сосын сапалы жаттығу қайдан болсын?! Қазір телефон деген күрделі проблемаға айналды ғой. Жексенбі күні телефондарын береміз. Жалпы барлық мектеп осыған ұмтылуы керек.
– Ауыл балаларын мектеп пен колледжге тарту мәселесі қаншалықты жолға қойылған?
– Барлық ауылды қамтимыз деп айта алмаймын. Мектепке 80 бала қабылдасақ, 15 спорт түріне 4-5 баладан ғана келеді. Жаттықтырушыларға «жарыстарда нәтиже көрсетіп жүрген балаларды шақыруға тырысыңыздар» деп айтып жүремін. Ал спортта жетістікке жету үшін барлық жағдай жасалған.
Жалпы, өтпелі кезеңге сақ болған жөн. Бұл спортшы үшін ең маңызды кезең. Соның бәрін қадағалап, қанатын қатайтып берген бапкерлер көбінде тасада қалып, спортшының жетістігіне құрама бапкері ғана атсалысқан болып шыға келеді. Міне, осы әлі күнге дейін ескерілмей жүр.
Кезінде Төрегелді Шарманов бастаған Қазақ тағамтану академиясына хат жазып, балалардың тамақтануын жолға қоюға көмектесуін өтіндім. Ол кісілер үш ай бойы егжей-тегжей зерттеді. Жұмысқа келгенімде әр баланың тамағына күніне 800 теңге қарастырылған екен, оған бала не жейді? Зерттеу нәтижесін сол кездегі министр Темірхан Досмұхамедовке апардым. Ол кісі жағдайдың шынымен күрделі екенін түсініп, қаржыны үш есе көбейтті. Бала неғұрлым көп күш жұмасаса, соған лайық тамақтануы керек.
– Білім спорттың тасасында қалып қоймауы керек деп жатсыз. Мұны балалар қалай қабылдайды?
– Дұрыс қабылдайды, арасында қиын балалар да бар, бірақ олар өте аз. Біздің қазақ жастары қай салада да талантты. Білікті жаттықтырушылар, үйрететін адам болса болды. Кубаның еңбек сіңірген бапкері, 31 олимпиада чемпионын, 200-ден астам әлем чемпионын даярлаған Алсидес Сагара деген бар. Сол кісіні шақырттым, Алматыда 9 айдай жүрді. Біраз дүниені үйретті. Легионер жинағаннан гөрі, мықты бапкерлер шақырып, біздің жаттықтырушыларды сондай кісілердің қасына әкеп байлап қою керек. Қазақ жастары келіп жатқан легионерлерден 10 есе артық. Тек оларға дұрыс бағыт-бағдар беретін мамандар тапшы.
– Жауыр болған тақырып, бірақ өзгеріс жоқ…
– «Көш жүре түзеледі» деген үмітіміз әлі бар. Спорт деген таза болуы керек. Бір елдің дайын өнімін әкелу, допинг қолдану, жеңісті ақшаға сатып алу – ұят тірлік.
Ел үшін, елдің намысы үшін деп тәрбиелесек, соған сәйкес нәтиже көрсетсек, үкімет лайықты сый-сияпат та қарастырған.
– Сіздердің оқу орындарыңыз­да спорттың қай түріне басымдық берілген?
– Жекпе-жек түрлеріне. Бокс, күреске бейімді жастар көп. Шығыс жекпе-жектерінен үйренетін дүниелер көп. Қарсыласына, төрешілерге иіліп сәлем беретіні, қол алысып қоштасатынының астарында терең мағына жатыр. Боксшылар да шаршы алаңда бір-бірін көгала қойдай етіп сабап, артынша құшақтап, бір-бірін құттықтап жатады. Нағыз спорт осы, спорт беретін үлгі-өнеге осындай.
– Олимпиада жайлы сөз қозғамасқа болмас. Алтын неге жоқ деген сауал әлі күнге дейін мазалайтыны рас. Сіздің ойыңызды білсек…
– Қазір анаған-мынаған кінә артқым келмейді. Ол өткен іс-шара. Бізге енді қателіктен дұрыс сабақ алып, сол нәтижені жақсартуға ұмтылу қажет. Олимпиада деген осымен аяқталған жоқ қой, екі жылдан соң Парижде өтеді. Осы орайда бұқаралық спортты дамыту керек деген мәселе тағы туындайды. Қайталап айтамын, мемлекет тарапынан спортқа қомақты қаржы бөлініп жатыр. Оны оңтайлы пайдаланып, дұрыс бағыттау – өте маңызды мәселе. Жолдауда Президент 1000 мектеп салуды тапсырған болатын. КСРО кезеңінде орталық ауылдарда спорт кешендері болатын, шағын ауыл балаларының барлығы сонда шұғылданатын. Қазір де оған шамамыз жетеді. Басқасын былай қойғанда, аудандарда мектепаралық жарыстар өтпейтін болған. Бардан айырылдық. Кезінде бізді диплом алған соң өңір-өңірге жұмыспен, үймен қамти отырып жіберетін. Қазір де солай істесе, спорттық оқу орындарын бітірген балалардың 25-30 пайызы ауылдарға барып жұмыс істейді деп ойлаймын. Олардың кейбіреуі сонда жүріп үйленеді, бала-шағалы болады да, сонда қалып қоюы мүмкін. Сол арқылы ауылдардағы спорт көтерілуші еді. Мұндай бастамаларға кәсіпкерлер де қол ұшын созар еді деп ойлаймын.
Осы жерде спортты осы саланы шын сүйетін, білетіндердің емес, қалталылардың басқарып отырғанына қынжыласың. Кәсіпкерлер спорттың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген мамандарға қолдау көрсетсін, демеушілік жасасын, бірақ жұмысты жүргізуге араласудың қажеті жоқ. Әркім өз саласымен айналысуы керек қой. Сонда нәтиже де, алтын да болады.
– Бокстағы төмен нәтиже неге байланысты? Былғары қолғап шеберлерінің алтынсыз оралмайтынына үйренген біз абдырап қалдық…
– Айтар болсаң, әңгіме көп. Бірақ бұған қатысты ойымды бүгіп қалайын. Менсіз де талай дүние айтылып жатыр ғой. Бірақ жерлестік, туған-туыс, телефон арқылы шешу дегенді қоятын уақыт жетті. Төреші көк және қызыл бұрышты ғана көруі қажет. Чемпион құраманың бірінші нөмірлі спортшысы болады. Кім жеңсе, жарысқа сол барсын! Осы жолы да Олимпиадаға екі салмақтан қоңырау арқылы кеткен боксшыларды білемін.
Одан қалды жаттықтырушылар шәкіртінің төбелеске ұмтылып тұрған сәтін жарысқа лайықтап келтіруі керек. Оның физиологиясын, мүмкіндіктерін ескерсін. Психологиялық тұрғыда жүк болмас үшін әлем чемпионатына апармай-ақ та қойсын. Шыны керек, бізде мықты психолог мамандар жоқ. Спортта ең қажетті мамандардың бірі бұл. Жарыс алдында олармен жұмыс жүргізілмейді. Чемпион атанса, 250 мың доллар алады. Бала ондай ақшаны өмірінде көрмеген, ойы соған бөлінуі, ол ақша түсіне кіруі де мүмкін. Жаттықтырушыларға да сыйақы қарастырылған. Осының бәрін ескере келе бірінші кезекке ақшаны қоюға қарсымын.
– Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев «бүгінгі қазақ боксында шеберлік жойылған» дейді…
– Бізге жаттықтырушылар мектебін ашу керек. Қажет болса, шетелде тәжірибе жинап келсін. Үндістанның бағытына таң қалмасқа амал жоқ. Жастар арасындағы чемпионаттың финалында 13 салмақтың бәрінде үндінің қыздары жүрді. Техникалық, тактикалық тұрғыда жасалған жұмыстары керемет, өзім сүйсініп отырдым. Сәрсекбаевтың айтып отырғанының жаны бар. Қазақ боксы қашан да спортымыздың абыройын көтеріп келген. Бұл үрдісті үзіп алуға болмайды.
«Итің ұры» десе намыстанатын халықпыз ғой. Сондықтан төрткүл дүниенің аламанындағы нәтиже көңілімізді түсіріп тастағаны анық. Сөйте тұра құр намыстанып отыра беру нәтиже бермейді, біз кемшіліктерді жою жолында жұмыс істеуіміз керек.

Жазып алған
Мәдина АСЫЛБЕК

Басқа жаңалықтар

Back to top button