Жанкүйерлерді 2022 жылы қандай спорттық жарыстар күтіп тұр?
Өткен сиыр жылы, яғни, 2021 жыл қазақ спорты үшін сәтті болды деп айта алмаймыз. Әлемдік ареналарда ел намысын қорғаған спортшыларымыз халықаралық додаларда топ жарып, ел мерейін үстем еткенімен, жылдың басты додасы – Токио олимпиадасында жеңіс тұғырына көтеріле алмай, жанкүйерлерді жерге қаратты. Енді биыл, барыс жылында спортшыларымызды тағы да маңызды жарыстар күтіп тұр. Атап айтсақ, ақпан айында Қытай жерінде ақ Олимпиаданың алауы жағылады. Сонымен қатар, күзде жазғы Азия ойындары Қытайдың Хуанчжоу қаласында ұйымдастырылады.
Біз бүгін оқырмандар назарына 2022 жылдың басты спорттық жарыстары қайда, қашан өтетіні туралы баяндаймыз.
Футзалдан Еуропа чемпионаты
(19 қаңтар – 6 ақпан)
Кеше Нидерландтың Амстердам және Гронинген қалаларында футзалдан Еуропа чемпионаты басталды. Былтыр күзде әлемдік жарыста үздік төрттікке кірген Қазақстан құрамасының жолына жанкүйерлер зор сеніммен қарап отыр. Біздің жігіттер 2016 жылы Еуропа чемпионатына тұңғыш рет қатысып, қола жүлдеге ие болған. Ал, 2018 жылы жартылай финалға дейін жетіп, Еуропаның үздік төрт командасының қатарында болды. Бұл жолы да Қазақстан құрамасына артылар сенім мол.
Бүгін Кака бастаған құрама жігіттері алғашқы ойындарын Словенияға қарсы өткізеді. Біздің топта Словениядан бөлек Италия мен Финляндия құрамалары бар.
Қысқы Олимпиада (4-20 ақпан)
Бейжің, Қытай
Биылғы жылдың ең басты жарысы – қысқы Олимпиада. Төрт жылда бір өтетін жарыс Қытайдың Бейжің қаласында ұйымдастырылады. Ақ Олимпиаданы осымен үшінші рет Шығыс Азиядағы қалалар қабылдап жатыр.
Олимпиадада қысқы спорттың жеті түрінен 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады. 2018 жылы Пхенчханда 102 медаль болған. Олимпиаданы жалғыз Бейжің емес, оның қасындағы Яньцин және Чжянцзякоу қалалары да қабылдамақ.
Олимпиаданың ашылу салтанаты Бейжіңдегі орталық стадионда өтеді. Бұл 2008 жылы жазғы Олимпиадаға арналып салынған. Осы жолы гендерлік саясатқа қатты мән берілді. Әйел спортшылардың үлесі 2018 жылмен салыстырғанда 41 пайыздан 45-ке дейін көбейді.
Олимпиададан кейін Паралимпиада бар. Дәл сол Бейжіңде бір айдан кейін – 4-13 наурызда өтеді.
Шайбалы хоккейден әлем чемпионаты (13-29 мамыр) Хельсинки және Тампере қалалары (Финляндия)
Хоккейден өтетін әлем чемпионаты да жанкүйерлер асыға күтетін додалардың бірі. Қазақстан құрамасы былтыр Латвиядағы біріншілікте бірнеше сенсация жасаған болатын. Бірақ соңғы сәтте плей-оффқа шығатын мүмкіндіктен айырылып қалған еді. Енді биылғы чемпионатта Канада, Ресей, Германия, Швейцария, Словакия, Дания және Италия құрамаларымен мен бір топта күш сынасады. Чемпионаттағы алғашқы ойын Дания құрамасымен 14 мамырға жоспарланған.
Дзюдодан әлем чемпионаты
(7-14 тамыз)
Ташкент, Өзбекстан
Қазақстанда дзюдо жанкүйерлері өте көп. Сондықтан Өзбекстан астанасында өтетін әлем чемпионатына да назар аударатын көп болары анық. Былтырғы Токио олимпиадасынан кейін құрама тағы жаңарды. Елдос Жұмаханов, Отгонцэцэг Галбадрах секілді спортшылар карьерасын аяқталды. Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев 66 келі салмаққа ауысты. Жаңа салмақта қос жампоздың аяқ-алыстары қалай болар екен. Оны тамыз айындағы Ташкент татамиінен тамашалайтын боламыз. Дегенмен, биыл Қытай елінде өтетін жазғы Азия ойындары да бар. Еліміз үшін Азия ойындарының орны ерекше. Сондықтан бас бапкер Ғалымжан Жылкелдиев жазғы Ойындарға негізгі құрамды сақтап, әлем чемпионатына биыл ел біріншілігінде топ жарған жас спортшыларымызды да жіберуі мүмкін. Мұны енді Жылкелдиев бастаған бапкерлер кеңесі шешеді.
Жазғы Азия ойындары
(10-25 қыркүйек)
Ханчжоу, Қытай
Осыдан төрт жыл бұрын Қазақстан спортшылары Индонезияда өткен жазғы Азия ойындарында сәтсіз өнер көрсетіп, небары тоғызыншы орынға тұрақтаған болатын. Содан бері не өзгерді? Оны енді тоғыз айдан кейін Ханчжоуда өтетін Ойындарда көретін боламыз. Соңғы Азия ойындарындағы тоқырау Токио олимпиадасына да әсер еткенін баршамыз көрдік. Енді одан сабақ шығарамыз ба?
Күрес түрлерінен әлем чемпионаты (10-18 қыркүйек)
Белград, Сербия
Отандық күреске көңілі толмайтындар көп. Әсіресе, грек-рим күресінің спортшылары Олимпиада ойындарынан жүлде алуды ұмытты. Федерацияның ішінде де дау-дамай көп. Өткен жылдың соңында басшылық екі рет ауысты. Алғашында Ерлан Қожасбай президент болып сайланса, кейін қызметке Дәулет Тұрлыханов келді. Бұл өзгерістер енді күрестің дамуына әсер етсе деп үміттенеміз.
Әлем чемпионатынан алтын алмағанымызға 20 жылдан асып кеткенін талай жаздық. Жылда сенім артумен шектеліп жүрміз.
Футболдан әлем чемпионаты
(21 қараша – 18 желтоқсан)
Катар
Футболдан әлем чемпионаты алғаш рет қыс мезгілінде өткізілмек. Бұған дейін жаз кезінде ұйымдастырылып келген дүбірлі дода биыл қараша-желтоқсан айларына жоспарланған. Өйткені әлем чемпионаты алғаш рет Таяу Шығыста өткізілмек. Яғни Катар мемлекеті қабылдайды.
Жанкүйерлер финалдық кездесуді 18 желтоқсанда Лусаилдегі Ұлттық стадионда тамашалай алады.
P.S. Біз атаған жарыстардан бөлек, биыл басқа да маңызды жарыстар тағы бар. Мәселен, алдағы ақпан айында футболдан Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының плей-офф бәсекелері жалғасады. Сонымен қатар, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін теннистен «Үлкен Дулыға» турнирлерін жанкүйерлер асыға күтіп отыр. Велоспортта «Джиро д’Италия», «Тур де Франс» сияқты бүкіл әлем көз тігетін велошабандоздардың да бәсекесі бар. Шіліңгір шілдеде «спорт ханшайымы» саналатын жеңіл атлеттердің әлемдік жарысы да биылғы Барыс жылына жоспарланған.
Бек Төлеу