Бибісара Асаубаева туралы не білеміз?
2004 жылы Тараз қаласында дүниеге келген Бибісара шахматты төрт жасынан бастап үйрене бастады. Бұған дейін Азия чемпионатында, өзге де турнирлерде көзге түскен Бибісара Асаубаева жақында Польша астанасы Варшава қаласында өткен блиц-шахматтан әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ жылдам шахматтан (рапид) да әлемнің күміс жүлдесіне ие болды.
«Алғашқы шахмат үйірмесіне барғанымда жеті жастағы ұлдармен ойнап жүрдім. Алғашқы үш айда тек жеңіліп жүрдім. Үйге жылап келетінмін. Анам сол кезде «мүмкін қажет емес шығар, осымен тоқтарсың» дейтін. Сосын арада уақыт өте келе жеңіске жете бастадым. Сол кезде қатты қуандым», деді Б.Асаубаева.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Олег Дзюбаннан тәлім алған ол алты жасында төртінші разрядқа ие болды. Астана қаласының чемпионатында сегіз жастағы қыздармен ойнап, бірінші орын алды. Осыдан кейін оның жұлдызды шағы басталды. Жеті жасында әлем чемпионы атанды. Соның арқасында Fide Master дәрежесіне ие болды. Бибісара – мұндай дәрежеге қол жеткізген әлемдегі ең жас шахматшы.
«Басында қыз болғандықтан әрі кішкентай екенімді айтып, бапкер қабылдамады. Бірақ ата-анам көндіруге тырысты. Бәлкім, бірдеңе шығып қалар деп үгіттеді», деді шахматшы.
Шерлок Холмстың барлық кітаптарын оқып тауысқан Бибісара бала күнінен ойыншыққа емес, кітапқа құмар болып өсті.
Бибісараның немере ағасы Бағлан Асаубайұлы Майлыбаев бірнеше жыл Президент әкімшілігі басшысы орынбасары қызметін атқарғанын білеміз. Шахматшы қыздың анасы Лиана Таңжарықова дәл осы Бағлан Асаубайұлының Бибісараға көп кедергі келтіргенін бұрынғы сұхбаттарында айтқан-ды.
«Мен күйеуіммен ажырасып кеткенмін. Біз әлем чемпионатынан алтын медаль алып келгеннен бастап Бибісараның ағасы жан-жақтан тосқауыл қойды. Бұл туралы сол кезде көбі білді, бірақ жағдайды өзгерту мүмкін емес еді. Себебі ол Қазақстанның жоғары қызметтегі шенеунігі болатын. Нақты бір уақыттан кейін бізді түрлі іс-шараларға қатыстырмайтын болды, маңызды оқиғалардан біздің атымызды сызып тастады», деп жазған болатын Таңжарықова Facebook парақшасына.
Елдегі қысым көбейген соң, бір кездері Ресейге көшуге мәжбүр болды. Мәскеуде тұрып, сол елдің намысын қорғады. 2016 жылы Ресейдің атынан өзінің жас мөлшеріндегілер арасындағы әлем чемпионатына қатысып, топ жарды.
Бірақ, арада екі жыл өткенде дау шықты. Ресейлік жаттықтырушы Евгений Соложенкин 13 жасар спортшыға «Турнир кезінде қулық танытып, электрондық құралды пайдалану арқылы жеңіске жетті» деген айып таққан. Өз кезегінде Бибісара мұны жала екенін, өтірік сөз таратқан жаттықтырушы әрекетін «атын шығару үшін жасады» деп айтты.
«Бір жылдан астам уақыт бізге жағылған қара күйемен өмір сүрдік. Алайда әділдік орнады – FIDE Соложенкинді 18 айға шахматтан шеттетті. Сот менің де, Бибісараның да Соложенкинге қарсы арызын қанағаттандырды. Енді ол ақша төлейді. Сондай-ақ Бибісараны тыйым салынған құралдар пайдаланды деп айыптап мақала жазған басылымдар оның ақталғаны туралы ақпарат таратуға міндеттеледі. Біз өте ризамыз!» деп келтірді Sputnik.kz шахматшы қыздың анасы Лиана Таңжарықованың пікірін.
Ал 2019 жылы Бибісара елге оралды. Сол кезде Маңғыстау облысының әкімі болған Ералы Тоғжанов отандасымыздың елге оралуына септігін тигізді. Осы күні Асаубаева жарыстарға Маңғыстау облысының атынан қатысып жүр.
Қазіргі кезде Бибісара 17 жаста. Өткен жылы әйелдер арасында онлайн өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанды.