Жерар Гоу «Ақтөбе» бапкерінің көңілінен шықпады
«Ақтөбе» футбол клубының Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына отандық жанкүйерлерге жақсы таныс шабуылшы Жерар Гоу келіп қосылған. Бірақ ол бапкерлер штабының көңілінен шыққан жоқ.
Қазақстанның бес дүркін чемпионы «Ақтөбенің» ел біріншілігінде жүлдеге ілікпегеніне жеті жылға жуықтады. Биыл клуб басшылығы сол олқылықтың орнын толтыруды көздеп отырғандай. Команда құрамына бірнеше ойыншы келіп қосылды. Хорватиялық Мате Црнчевич, Армения құрамасының футболшысы Соломон Удо, былтыр «Қызылжар» қорғаушысы болған Әлібек Қасыммен келісімшартқа отырған. Одан бөлек, Стас Покатилов, Саша Стаменкович, Антон Бочаров, Арман Кеңесовтер де сынақта жүр. Былтыр Литва чемпионатының үздік сұрмергені әрі үздік ойыншысы атанған Уго Видемон да Владимир Муханов жаттықтыратын клубтың қатарында.
Енді осы Видемонға шабуылда бәсекелес болуға Жерар Гоу келген. Бірақ ол қалмайтын болып шешілді.
Бас бапкердің айтуынша, футболшының агенті ұсыныс жасаған. Алайда футболшы жиынға 103 келі салмақпен келіпті. Жақын арада өз бабына келуі мүмкін емес. Сондықтан Гоу «Ақтөбе сапында қалмайтын болды.
Жерар — Қазақстан футболында өзіндік ізін қалдырған ойыншы. Ол 2014 жылдың маусым айынан 2017 жылдың қарашасына дейін өнер көрсетті. Қазақстан премьер-лигасында 102 ойын өткізіп, 80 гол соққан. Одан бөлек, Еуропа лигасындағы 11 добы тағы бар. Жалпы, Қазақстанда жүріп, 99 доптың авторы атанды. Шабуылшы Қазақстан премьер-лигасының үш рет үздік сұрмергені болды.