Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты қысқы велошеру өтеді
"Ұлт ұстазы" Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты тұңғыш қысқы велошеру өтеді, деп хабарлайды Qazaqsporty.kz.
10 ақпанда, бейсенбі күні, таңертеңгі сағат 8:00-де Нұр-Сұлтан қаласындағы «Триатлон-парк» аумағында бастау алады. Велошеруді бастайтын жердің нақты мекенжайы – Қадырғали Жалайыри көшесі, 35/2 https://go.2gis.com/67zxm
Велошеру соло (solo) тәсілінде өтеді, яғни бір ғана адам қатысады. Қатысушы – әуесқой велошабандоз.
Бір күндік велошеру ашық аспан астында өткізіледі.
Велошеру кезінде Ахмет Байтұрсынұлының бейнесі, ЮНЕСКО және Қазақстанның жаңа рекорды туралы ақпарат бар жейде, жалаулар, баннер қолданылады. Биылғы ең үлкен арман-масқатым – ЮНЕСКО орналасқан Парижге астанадан белесебетпен бару!
Ұйымдастырушылар барлығы сәтті өтіп жатса, алғашқы қысқы веломарафон ретінде Қазақстанның жаңа рекорды тіркеледі деп отыр.
Іс-шараның бірнеше мақсаты бар:
1) Ахмет Байтұрсынұлының өнегелі өмірін, ұлтқа сіңірген қызметі мен бай мұрасын тереңірек тану және танытуға, насихаттауға атсалысу;
2) Қалың жұртшылықты, әсіресе жастарды денсаулықтың қадірін білуге, теріс әдеттен аулақ болуға және саламатты өмір салтын тұрақты, сауатты ұстануға үндеу;
3) Тұлғатану арқылы елді, жерді сүюді, патриотизмді насихаттау;
4) Қоршаған ортаны қорғауға, айналаны, табиғатты аялауға шақыру.
Өтетін орын:
Нұр-Сұлтан қаласы, «Триатлон-парк», Есілдің оң жағалауы.
- Сөре астанадағы «Триатлон-паркте» Қадырғали Жалайыри көшесі, 35/2 деген мекенжай тұсынан Қазақстан рекордтар кітабының Нұр-Сұлтандағы ресми өкілі Қуандық Құдайбергеновтің қатысуымен басталады. Амман көшесіне ұласатын «Марал» көпірінен бері қарай қозғаламын.
- Содан «Триатлон-парктің» Есіл өзенінің оң жағындағы жолмен жүремін.
- Ары қарай Сарайшық көшесі өтетін «Арқар» көпірінің астымен жүріп, Ақорданың тұсына дейін барып, қайтадан «Арқар» көпірінің астымен өтемін де «Триатлон-парктің» Бауыржан Момышұлы жағындағы жолмен айналамын.
- Мәре велошеруді бастаған орында түйінделеді. Қазақстан рекордтар кітабының Нұр-Сұлтандағы ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов рекорд сәтті орындалса, тіркеп, арнайы куәлік тапсырады.
Жоспар:
- Велошеру сағат тура 8:00-де басталады. Бір айналым қашықтығы 3 шақырымды құрайды. Сонда 150 шақырымдық велошеруді аяқтау үшін 50 айналым жасаймын.
- Уақыт бойынша. 1 сағатта кемінде 15 шақырым жүремін. Алдын ала ақпарат бойынша, велошеруді аяқтауға кемі 12 сағат кетуі мүмкін.
- Бастаған бетте тоқтаусыз кемінде 3 сағат жүремін.
- 2 рет кідіріс жасап, жылы су, ыстық сорпа, қазы-қарта, құрт, банан т.б. сияқты ас жеймін.
- Бірінші кідіріс: сағат 12:00-де. Ақпарат құралдарына интервью беру, видеоға, фотоға түсу және сол жерде тамақ, сусын ішу мақсатында бірінші үзіліс болады. Нақты мекенжайы: Қадырғали Жалайыри көшесі, 35/2 https://go.2gis.com/67zxm
- Екінші кідіріс: 16:30-да. Ақпарат құралдарына интервью беру, видеоға, фотоға түсу және сол жерде тамақ, сусын ішу мақсатында екінші үзіліс болады. Нақты мекенжайы: Қадырғали Жалайыри көшесі, 35/2 https://go.2gis.com/67zxm
- Учаскем бойынша тіркеуде тұрған City медициналық орталығының медицина қызметкерлері дәрігерлік бақылау жасайды.
- Велошеру нәтижесі – қашықтығы, уақыты және басқа мәліметтер гаджеттегі Samsung Health ұялы қосымшасы арқылы тіркеледі.