Жеңіл атлетика

Қазақты жаһанға танытқан желаяқ Әмин Тұяқов — 85 жаста

Еліміздің даңқты желаяғы Әмин Тұяқов 12 ақпанда 85 жасқа толды, деп хабарлайды Qazaqsporty.kz тілшісі.

Әмин Тұяқов 1937 жылы 12 ақпанда Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шайыр ауылында дүниеге келген. Оның әкесі Елемес, анасы Жәнияш. Бірақ, Әмин аға әжесінің бауырында өсіп, соның тәрбиесін көрді. Сондықтан да өзінен жөн сұрағандарға қашан да мен әжемнің баласымын дейтін.

Атыраудағы (Гурьевтегі) екі жылдық мұғалімдер (педагогикалық) институтының физика — математика факультетіне түсіп, 1960 жылы үздік дипломмен бітіріп шығады. Ол сабақтарын өте жақсы оқумен қатар институттың және факультеттің қоғамдық жұмыстарын жауапкершілікпен орындап, оның ішінде, спорттың жеңіл атлетика түрінен елеулі табыстарға қол жеткізеді. Осы жетістіктерінің арқасында 1957 жылы Қазақстан құрама командасының мүшесі болып қабылданады.

Әмин Елемесұлы 1960 жылдан 1968 жылдың аяғына дейін КСРО құрама командасының сапында тек Кеңес Одағының ғана емес, қазақ халқының да даңқын аспандата түскен. Әмин Тұяқовқа 1963-1967 жылдар аралығында 200 метрге жүгіруден тең келер ешкім болмады. 1965 жылы Киевте өткен Кеңес Одағының чемпионатында осы қашықтықты бағындыруда жасаған соңғы КСРО рекордын (Ә.Тұяқов 6 рет рекорд жаңартқан) – 20,6 секундты тек 1968 жылы жеңіл атлет В.Борзов қана 0,1 секундқа жаңартқаны  көп жайды аңғартады.

Сонымен қатар 1965 жылы — Еуропа кубогының жеңімпазы, 1966 жылы — Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері, 50-ге тарта ірі халықаралық жарыстардың жеңімпазы әрі жүлдегері болды. 1965 жылы оған КСРО спортына еңбегі сіңген шебер жоғарғы атағы берілді. Және сол жылы спорттың жеңіл атлетика саласында қазақ халқының даңқын әлемге аспандатқан желаяқ «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button