БастыСұхбатФутбол

Әділет БАРМЕНҚҰЛОВ: ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫН ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРЕМІН!

Әр спорт түрінің өзіне тән ерекшелігі бар. Десек те жанкүйерлер үшін футболдың орны қашан да бөлек. Содан болар футбол бүгінде нөмір бірінші спорт түрі болып саналады. Бүкіл әлем жастары футбол десе ішкен асын жерге қоятыны да анық…
Елордада биылғы ақпанның 28-і күні Қазақстан футбол федерациясының есептік-сайлау конференциясы өтеді. Осы жиында федерацияның жаңа президенті сайланады. Бүгінгі таңда Футбол федерациясының президенттігіне аймақтық федерациялардан ұсынылып, тіркелген үміткерлердің саны бесеуге жетті. Олар: Әділет Назарбайұлы Барменқұлов – ҚФФ Атқару комитетінің мүшесі, «Қазақстан футбол федерациясы қауымдастығы» ЗТБ президентінің кеңесшісі, Ерлан Еркінбекұлы Жарылқасынов – «Қазақстан әуесқой футбол лигасы» ҚБ-нің төрағасы, Берік Сералыұлы Қаниев – ҚФФ Атқару комитетінің мүшесі, «Lancaster Group Kazakhstan» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, Давид Григорьевич Лория – Нұр-Сұлтан қаласының футбол федерациясы қауымдастығы» ЗТБ президенті, Қайрат Айтмолдаұлы Оразбеков – ҚФФ Атқару комитетінің мүшесі, «Қайрат» АФК президенті.
Кімнің бағы жанады, ол жағы ақпанның соңғы күнінде анықталады. Реті келіп тұрғанда газет тілшісі ретінде «Шахтер» футбол клубы директорлар кеңесінің төрағасы, Қазақстан футбол федерациясы Атқару комитетінің мүшесі Әділет Барменқұловпен кездесіп, отандық футболдың болашағы туралы сұхбат жүргізген едік.

– Әділет Назарбайұлы, Қазақстан футбол федерациясының президенттігіне сайлау­ға түсуге не үшін өз келісіміңізді бердіңіз?
– Мен үшін футбол өмірімнің баға жетпес бір бөлшегі. Футбол саласында 1988 жылдан бері жүрмін. Қандай және қайда еңбек етсем де, футбол командасынан ешқашан қол үзген емеспін. 2020 жылы федерацияға барып, футбол саласын қалай дамытуға болатыны туралы өз ойларымды айтып, ұсыныстарымды да нақты дәлелдермен баяндап бергенмін. Себебі, футбол мәселелеріне зерттеулер жүргізгенімде оның проблемалары тым тереңде жатқанын сезіп, білдім. Кәсіпқой менеджер ретінде айтсам, бүгінгі футболды түбегейлі өзгертіп, жаңа деңгейге көтеруге болатынына да көзім жетті. Қолға алған ісімді ойдағыдай жүзеге асыру үшін менің күшім де, ұзақ жылғы іс-тәжірибем де жететініне өз басым сенімдімін.
– Сіз ұзақ жыл өндірісте еңбек еттіңіз. Аты-жөніңіз де даулы мәселелерде кездеспеген жансыз. Ал федерация маңында сөз көп, үнемі сын садағына ілініп жатады. Осы жағы сізді ойландырмай ма?
– Дұрыс айтасыз. Мен еліміздің өндіріс саласында ғана емес, жеті жылдай мемлекеттік қызметте де еңбек еттім. Он жылға жуық еліміздің ең ірі тау-кен металлургия компаниясында қызмет атқардым. Мұнда мыңдаған еңбек ұжымын басқара жүріп, өндірістік жұмыстармен қатар жұмысшылардың әлеуметтік мәселелерін де шешуге тура келді. Жалпы кез келген жұмыстың өз қиындықтары болады. Сыннан қорықпау керек. Қолға алған істің нәтижесіне қарау керек дегім келеді.
– Футбол саласы бойынша өз басыңыздан өткен қандай жобаны ерекшелеп айтар едіңіз?
– Менің футбол туралы жобаларымның қай-қайсысы да ыстық. Дегенмен, жаныма өте жақын болған біреуін атап өткенім орынды болар. Мысалы, 1998 жылы Алматы қаласында бір топ достар бірігіп, спортқа бейімі бар 12 мен 17 аралығындағы жастардың басын біріктірдік. Өзіңіз білесіз, ол кез жастар үшін ауыр кезең еді. Жастарды спортқа тартпасақ, олардың болашағы қалай болары бір Құдайға ғана аян. Себебі көпшілігінің отбасылық жағдайлары да ауыр болатын. Біздің жұмысымыздың дұрыстығын бағалаған «Цесна» корпорациясы қол ұшын созып, бірлесіп еңбек ете бастадық. Алдымен футбол мектебін құрдық. Балаларды жатақханаға орналастырып, тамақпен қамтамасыз еттік. Білікті, білімді жаттықтырушыларды шақырдық. Жастар командасы 2000 жылдан бастап бес жыл ішінде біраз биіктіктерді бағындырды. Швеция елінің Гетеборг қаласында өткен Gothia Cup жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирге барып, жеңіспен оралды. Қарап отырсам, жеті жыл ішінде 3000-нан астам бала футбол мектебінен шыңдалып, өмірге жолдама алған екен. Біздің мектеп, «Қайрат» футбол клубының негізгі тірегі болып қаланғанын да атап өткеніміз жөн. Сол кезде біздің футбол командаларымыз енді-енді Еуропаға шыға бастаған шағы.
Менің қуанатыным, спорт мектебінен тәлім-тәрбие алған жастардың дені футболшы болмаса да мына өмірден өз орындарын тапқандарына ризамын. Сол жастардың көпшілігімен күні бүгінге дейін араласып тұрамын. Олар әрдайым алғыстарын айтып отырады.
– Бүгінгі федерация президентіне деген көзқарасыңыз қандай?
– Өз ісінің білікті маманы ретінде Әділбек Жақсыбековті құрметтеймін. Ал федерация президенттігіне үміткер ретінде келісімді өзім бердім. Ешқандай да қолдаушым жоқ. Ол маған қажет те емес. Бар мақсатым – футболды жаңа деңгейге көтеру.
– Егер сайлауда жеңіске жетіп, федерация президенті болсаңыз, алғашқы қадамды қалай бастар едіңіз?
– Федерация президенті ретінде Қазақстан футболына қандай жаңалық әкелесіз дейсіз ғой? Мен өзімнің ұзақ жылғы жұмыс тәжірибеме сүйене отырып, әрбір атқарылған жұмыстың тиімділігіне ерекше назар аударамын. Қолға алған істің нәтижесін көру үшін өз ісінің білікті, іскер мамандарын шақырамын. Барлық деңгейдегі менеджмент жүйесінің сапалы атқарылуын қадағалаймын. Футболдағы қалыптас­қан жағдайды өте жақсы білемін. Осы уақыт ішінде аймақтық федерация, Қазақстан федерация департаменті, клубтар, лига, халықаралық сарапшылар және УЕФА мамандарымен бірлесе отырып, отандық футбол мәселесі туралы кеңінен талқыланды. Оны дамыту жөнінде сратегиялық жоспарлар да дайындалды. Осы ретте айтарым, біздің елімізде футболды айтарлықтай дамыту үшін толық жағдай да, күш те, тіпті база да бар. Аталған стратегиялық бастаманы қолға алып, футбол индустриясын жүзеге асыруға өз басым құлшынып отырмын. Бұл да менің футбол федерациясына не үшін келетінімді айғақтап тұрған болар.
– Стратегиялық бағыттың негізгі міндеттеріне тоқталып өтсеңіз…
– Футболды дамыту жоспарына сәйкес менің жұмысым төрт блоктан тұрады: – спорттағы халықаралық нәтижелер; қазақстандық кәсіптік футбол – ол бизнес-индустрия; жас таланттарды дамыту; елімізде футбол ойынының мәртебесін асқақтату.
Аталған іс-шараларды жүзеге асырудың уақыттары да нақтыланды: қысқа уақытта – екі жылға дейін, орташа жедел кезеңде – 5 жыл және стратегиялық – 2034 жылға дейін. Халықаралық спорттық нәтижелерді айтқанда бұл жерде футбол әлемінде ұлттық командалардың, Қазақстан мен аймақтық командалардың мәртебесін жоғары деңгейге көтеру қажет.
Футболды көтерудің тағы бір жолы – оны бизнес-индустриясына бейімдеу. Мұның жолы да кереметтей қиын емес. Яғни кәсіптік клубтарға өту керек. Мемлекеттік қаржыландырудан жекеменшікке өтуі тиіс. Әрине, бұл тез арада болмаса да жүзеге асатын талаптың бірі. Жоғарыдан нұсқау күтпей, меншік иелері футболға қаржы бөле отырып, шығарған шығынынан әлдеқайда жоғары табыс тауып отырса деген тілек. Сонан соң футбол ойнайтын талантты жастарға, әсіресе аймақтағы жастарға ерекше мән берілуі қажет. Себебі, еліміздің құрама командаларын да осы аймақтың талантты жастары толықтырып отыратынын айтпасақ та түсінікті.
Аталған жағдайлардың бәрі орындалса, еліміздің футболы жаңа деңгейге көтеріліп, халық алдында танымал болатыны да анық.
– Осы уақытқа дейін футболды дамыту үшін көптеген стратегиялық жоспарлардың қолға алынғаны белгілі. Сіздің жобаларыңыздың жүзеге асатынына қаншалықты сенімдісіз?
– Келісемін. Бірақ ол жобалардың барлығы да қағаз жүзінде болғанын сіз де жақсы білесіз. Сондықтан менің түсінігімде футболға ойын деп қана емес, бизнес мағынасында қарау керек. Бұл дегеніңіз мүлдем басқа жағдай. Мұнда әрбір ойынның тиімділігі мен нәтижесі ерекше назарға алынады. Осы ретте стратегиялық жоспар аз уақытқа емес, ұзақ мерзімге дайындалады. Сапалы нәтижеге қол жеткізу үшін адамға білім мен біліктілік және төзімділік пен асқан күш керек. Тағы бір айтарым, атқарылатын жобаның барлығы да ашық, көпшіліктің назарында болғаны дұрыс. Сонда ғана халық ойынның нәтижелерін өз көзімен көре алады. Бағасын береді.
– Футболдағы жиі айтылатын жемқорлыққа тыйым салына ма?
– Менің ұсынған жобамда бірінші кезекте тәртіп пен жариялылыққа, ашықтыққа барынша мән беріледі. Мұнда жемқорларға мүлдем орын жоқ.
– Футбол жанкүйерлерімен байланысты қалай жүзеге асырасыз?
– Жанкүйерлер ең негізгі тірегіміз екені түсінікті. Сондықтан олармен үнқатысу арқылы байланысты нығайту ең негізгі міндеттеріміздің бірі. Футбол туралы ақпараттар кеңінен қамтылуы тиіс. Футбол – көңіл-күйдің мақтанышы, қуанышы және эмоцияның қайнар көзі десек те болады. Менің ойымша, футболға келген әрбір жанкүйер үйіне шаршап емес, демалып, қуанып қайтуы керек.
– Сіз басшылық еткен тұста «Шахтер» командасы біраз белестерді бағындырып үлгерді. Осы жағына да тоқталып өтсеңіз?
– Алдымен клуб үшін сауатты стратегиялық жоспар құрылды. Ол әлі күнге дейін жүзеге асып жатыр. Ең негізгісі, төрт-бес жылдың ішінде қолға алған ісіміз өз нәтижесін бере бастады. Қысқа мерзім ішінде Қазақстан кубогының финалына дейін жеттік. Жоғары лигаға көтерілдік. Халықаралық тәжірибеден өттік. Келешекте «Шахтер» ұжымы еліміздің ең мықты командасы болатынына сенімдімін.

Мәулетхан БАРСАҒАЗЫҰЛЫ,
«Қазақ спорты» газетінің өз тілшісі

Басқа жаңалықтар

Back to top button