БастыСұхбат

Дәурен Абаев: 10 жыл бойы еш нәтиже көрсетпей жүретін бапкерлерді енді ұстамаймыз

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев бастаған елдегі спорт шенеуніктері Бейжің Олимпиадасын қорытындылады. Жиын Щучинск қаласында өтті.


Министр сөзін Бейжіңдегі сәтсіздіктен бастады:

-Нәтиже көңіл көңшітпейтіні түсінікті. Токиодағы Олимпиаданың нәтижесін білесіздер. Енді Бейжіңнен де жүлдесіз оралған ұлттық құрамаға қоғам ренжулі. Көпшіліктің сыны орынды деп ойлаймын. Мұның бәрі спорт саласында қордаланған мәселелердің бар екенін дәлелдейді.

-Енді оны қалай шешпек?

-Бұл жағдайды өзгерте салу оңай емес, тез әрі жылдам бола қоймайды.  Ол үшін барлық деңгейдегі спортшыларды дайындау жүйесіне көңіл бөлу керек. Спорт секцияларынан бастап Олимпиада ойындарын қалыптастыруға дейінгі кешенді өзгерістер қажет. Бүгінгі күні біздің алдымызда тұрған үлкен міндет – спортты дамыту бағдарламасының бастамасын әзірлеу. Оған спорт нысандарының құрылысынан бастап  жарыс күнтізбелері мен оқу-жаттығу жиындарын жүйелеу, кәсіптік және бұқаралық спортты қаржыландырудағы балансты  орнату, барлық деңгейдегі спорт мектептерін кадрлармен қамтамасыз ету, төрешілерді, жаттықтырушыларды, спорт дәрігерлерін даярлау және осы секілді атқарылар жұмыстар көп. Әзірленген даму жоспарын ел Президентімен келісіп, оны жүзеге асыруға кірісеміз.

Отандық спортшыларды дайындайтын «Париж-2024» және «Милан-2026» бағдарламалары да осы жобаға енгізіледі. Бар жауапкершілік пен жүзеге асыру жұмысын министрлік өз міндетіне алуға дайын.

Ақшаның көбісі жол шығындарына кеткен

-Ұлттық олимпиада комитетінің күнтізбе жоспарына қайта-қайта өзгертулер мен толықтырулар енгізуді тоқтататын кез келді. Былтырғы  жылы қысқы спорт түрлері бойынша 71 іс-шараға, жазғы спорт түрлері бойынша 200-ден астам іс-шараға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жоспарлаудың бей-берекетсіздігінен қаржының дені спортшылардың жоғары тарифпен ұшуына жұмсалды.

Бапкерлердің жауапкершілігі күшейеді

-Нәтиже үшін бас жаттықтырушы жауап береді. Жаңа бапкер тағайындалғаннан кейін 2-3 жылдан кейін жұмысының нәтижесі болмаса, орнынан кетеді. Ал бізде 10 жыл бойы бас жаттықтырушы болып, еш нәтиже көрсетпейтіндер бар. Сондықтан кейбір бас жаттықтырушылардың қызметтен кеткені абзал. Бұл — заңды құбылыс. Осы орайда бірнеше спорт түрі бойынша бас жаттықтырушылардың қызметін қайта қарауды тапсырамын. Оның ішінде шаңғы жарысы, биатлон, фристайл-акробатика, трамплиннен шаңғымен секіру секілді спорт түрлері бар.

Спорт төрешілерінің жалақысын көтеру керек

— Елімізде 4 276 спорт төрешісі бар. Оның ішінде 413 маман, яғни 10 пайызы халықаралық санатқа ие. Айтар болсақ, Токио-2020 олимпиадасына 12 төреші тартылды. Қауымдастықтың мәліметінше, төрешілерді даярлаудағы басты проблема — еңбекақы.

Спорт жарыстарында бір күндік қызметі үшін төрешілерге 1 239 теңгеден төленеді. Менімше, бұл салық шегерімін есептемегендегі сома. Бұл ретте төрешілер мен оларды даярлауға жоғары талаптар қойылады.

Төрешілердің әлеуметтік жағдайы мен жалпы беделін арттыру мақсатындағы шараны қолға аламыз. Қазіргі таңда жалақыны арттыру мәселесі қаралып жатыр.

Елена Круглыхинаға қатысты тексеріс жүріп жатыр

-Қазір фристайл-могулдан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Елена Круглыхинаға қатысты қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Соның қорытындысына қарай шешім қабылданады. Қосымша хабарлаймыз.

Министр спорттық резервті сапалы дайындау қажеттілігіне де тоқталды. 2022 жылдың 1 сәуірден бастап республикалық деңгейде олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалардың спортшыларын дайындау функцияларын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Спортты дамыту жөніндегі республикалық дирекциясы жүзеге асыратын болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button