Дәулет ТҰРЛЫХАНОВ: Аймақ спорты дамымай, қазақ спорты алға жылжымайды
Жақында Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Спорт пен дене шынықтыруды дамыту» мәселелеріне арналған кеңейтілген алқа мәжілісінде Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов спорт саласындағы біраз мәселені қозғап, облыстық спорт басқармаларына қатысты батыл ойлар айтты.
Олимпиададағы сәтсіздік
– Біз неге Токио мен Бейжіңде сәтсіз өнер көрсеттік. Бізге спорт кешендері жетіспейді, жағдай жасалмаған деген сылтауларды азайту керек. Бұқаралық спортты дамытудың мемлекеттік бағдарламасының арқасында Қазақстанның облыстары мен облыс орталықтарында көптеген спорт кешендері салынды. Бүгінгі таңдағы ең негізгі проблема жаттықтырушыларда болып тұр. Жаттықтырушы – спорттағы ең маңызды адам.
Екі жыл бойы немеремді грек-рим күресіне беремін деп жаттықтырушы таба алмадым. Облыстық спорт басқармасының басшысынан грек-рим күресінен неше бапкер бар десем, 32 жаттықтырушы деп айтты. Бірақ баланы кімге беру керектігін көрсете алмады.
Қысқы Азия ойындары кезінде даңғарадай кешендер салынды. Ал қазір соның көбісі бос тұр. Өйткені бұқаралық спортқа рұқсат етілмеген. Барлық коммуналдық мекемелер ақша табуды ойлайды. Ал бірақ коммуналдық шығындарын мемлекеттік бюджеттен жауып отыр. Жөндеу жұмыстарына да қаржыны мемлекеттен алады. Соған қарамастан жалға беріп, ақша табады.
Жаттықтырушыларға деген көзқарас өзгеруі керек
Бапкерлерге деген көзқарасты өзгертпей, спортта нәтиже болмайды. Амал жоқ, жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру бағдарламасы бойынша жұмыс істеуге кетеді. Қазір сол бағдарлама арқылы көбірек ақша табуға болады. Егер бапкерлердің жағдайын жасамасақ, тек өздерін ойлап, ақша табудың жолына түседі.
Осы бағдарлама бойынша комиссия құру керек. Бұл бағдарламаның елдегі спортты дамытуға қаншалықты пайдасы барын анықтау керек.
Осы ретте облыстық спорттың басшыларының назарын аударғым келеді. Сіздерді әкімдер тағайындайды. Қаржыны да әкімдік бөледі. Бірақ Мәдениет және спорт министрлігінде басымдық беретін спорт түрлері бар. Әкімдеріңіз футболды жақсы көреді екен деп, бюджеттің 70 пайызын ойын түрлеріне салып тастауға болмайды ғой. Сосын қалған ақша олимпиадалық спорт түрлеріне бөлінеді. Соны ескеру керек. Бәріміздің илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы. Қазақ спортының имиджін көтеру қажет.
Соңғы 4 жылда қай облыс қандай спорт түрлеріне қаржы бөлгенін анықтау керек. Ревизия жүргізілуі тиіс. Осыдан кейін бәрі белгілі болады.
Грек-рим, еркін күрес түрлерінде 10 салмақтан бар. Олимпиадалық даярлау орталықтары жарыстарға тек 3-4 салмақ түрлерін ғана қаржыландырады. Қалғаны ақшаны қайдан табады? Ал негізі кемі 2 құрамды қаржыландыру керек. Ол деген 20 адам. Егер олай істемесе, жаба салған дұрыс шығар.
Егер облыстық спорт басқармалары тарапынан қолдау болмаса, қазақ спорты алға жылжымайды. Үнемі әкімдермен ұрыстық-керістік. Бірақ өз мақсатымызға жететінбіз. Мәселе вице-премьерге дейін жететін.
Сыртқы имиджді ойлауымыз керек. Осылай жүре берсек, ештеңе де өзгермейді. Қазір басты кураторымыз Ералы Тоғжанов сөйлеген кезде бәрі дұрыс деп бастарын шұлғып отыр. Мәселе айтқандары тым сирек.
Біз кезінде көркем гимнастшымыз Әлия Юсупованы Ресейге жіберіп, Олимпиадаға дайындадық. Атақты Ирина Виннерден тәлім алды. Илья Ильиннің жұбайын Олимпиадаға қоса ертіп апардық. Бейжіңде алтын алды. Серік Сәпиев пен Ермахан Ыбырайымовтың қандай жолдан өткенін жақсы білесіздер.
Енді Халықаралық олимпиада комитетінің мамандарын шақырып, дәріс оқытуымыз керек. Бізге мамандарды даярламаса болмайды. Париж Олимпиадасына үш жыл қалды. Ойланбаса болмайды. Экономикамыздың шамасы жетеді. Әрбір облыс бір Олимпиада жүлдегерін дайындай алады. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының басқалардан несі кем?
Облыстық спорт басқармаларын қолдау маңызды
Спортшылар айтқандай, облыстық спорт басқармаларына ревизиялық тексеріс қажет. Олар еліміздің спорттық имиджін ойлайтындай болуы қажет. Спорт басқармаларына бақылауды күшейту қажет. Соңғы екі-үш жыл көлемінде қандай спорт түрлерін қаржыландырғанын құжат жүзінде талап ету керек. Көбісі Олимпиада чемпионы, медалі қажет дегенді ойламайтыны байқалады. Әйтеуір, әкім тиіспей, орнымнан алып тастамаса болды дегенмен өмір сүреді. Сосын спортшылар арасындағы қажеті жоқ интригадан арылуымыз керек.
Осы күні қандай бапкер жаттықтыратынын спортшылар шешетін болған. Бұл сұмдық. Бұрын мұндайды атымен естімейтін едік. Ал қазір қалыпты жағдайға айналған.
Александр Винокуров айына 70 мың еуро алады
Сосын ол бапкерлердің жалақысы туралы айтты. Сербияда өткен бокстан әлем чемпионатында екі алтын медаль алған бапкер Қайрат Сәтжанов пен Astana Pro Team велокомандасының бас менеджері Александр Винокуровтың айлығын салыстырды.
«Бокстан құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжановтың 9 баласы бар. Ол жыл бойы үйінде болмайды. Алатын жалақысы – 700 мың теңге. Велокоманда басшысы Александр Винокуровқа, қателеспесем, 70 мың еуро төленеді. Осы дұрыс па?», дейді Дәулет Тұрлыханов.