Жастар ұлттық құраманың ізімен жүрмеуі керек, олардың өзіндік дайындалу әдісі болуы тиіс
4-6 наурыз күндері Польшаның Гданск қаласында шорт-тректен жастар арасындағы әлем чемпионаты өтіп, біздің команда намысын сегіз спортшы қорғады. Қазақстандықтар ең үздік нәтижені ерлер арасындағы эстафетада тіркеген болатын. Спортшыларымыз мәреге бірінші болып келгенімен, төрешілер ескерту беріп, алтын жүлде қолдан сырғып кетті. Команданың аға жаттықтырушысы Нұрберген Жұмағазиев жастар бәсекесін қорытындылап, сұхбат берді.
— Команданың әлем чемпионатындағы нәтижесіне қандай баға бересіз?
— Жігіттеріміздің көрсеткіші қуантты. Өйткені, біздің спортшылармыз эстафетада ғана емес, жекелеген жарыстарда да жақсы нәтиже көрсетті. Бәсекеге қабілетті екенін байқатып, алдағы жарыстарда жүлде алатын мүмкіндігі барын әлемге паш етті. Әрине, оларға әлі де көп жұмыс істеп, тәжірибе жинақтау қажет. Сол кезде жекелеген қашықтықтарда бұдан да жақсы жүгіретін болады. Ал қыздардың аяқ алысы әлі де мәз емес. Шыны керек, жігіттерге қарағанда, қыздарымыздң нәтижесі жоғары болады деген оймен барғанмын. Бірақ бұл жоспарымыз орындалмай, қыздарымыз бар болғаны алтыншы орын алды. Ал қыздар арасындағы эстафетадан көп үміт күтіп едік, тіпті, медаль күткеніміз де рас. 1500 метрге жарысудан Алина Әжіғалиева финалға шығып, өзін жақсы қырынан көрсетеді деп сеніп едік. Өкінішке қарай, үмітіміз ақталмады. Қыздармен бізді көп жұмыс күтіп тұр. Ірі әлемдік жарыстардың жүлдесіне таласу үшін оларға әлі тәжірибе жетпейді.
— Шорт-тректен ересектер командасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков қазіргі құрамда Әділ Ғалиахметовтен басқа көпсайысшы жоқ екенін айтады. Жастар командасындағы жағдай қалай?
— Иә, расында солай. Ұлттық құрамада барлық қашықтыққа жүгіре алатын жалғыз спортшы бар. Ол – Әділ. Бірақ жастар арасында мұндай спортшылар көп. 500, 1000, 1500 метрге жүгіретін жігіттер бар. Кезінде өзім де бір ғана қашықтықты ойламай, барлығын жетілдіруді көздейтінмін. Егер осы қарқынымыздан қайтпай, жас спортшыларға білгенімізді үйрете алсақ, барлық қашықтыққа жүгіре алатын шорт-трекшілер бізде көп болады деген сенімдемін.
— Қыздарымыздың әлеуеті жігіттерге қарағанда төмен екенін айттыңыз. Бұған не себеп болды деп ойлайсыз?
— Ұлттық құрамадағы қыздарымыздың деңгейі өте төмен екенін үнемі айтып жүрмін. Шындыққа тура қарау керек. Қазір біздің елімізде шорт-трек жақсы дамып жатыр, алайда, қыздарымыздың қарқыны әлі де бәсең. Жасөспірімдер арасында жақсы нәтиже көрсетіп жүрген төрт спортшы бар. Жақын арада Қазақстан чемпионаты өтеді. Сол сында оларды жастар командасының мүшелерімен жұптастырып жарыстырмақпыз. Қыздарымыз жеңіске жетіп, өздерін жақсы жағынан көрсетеді деп үміттенеміз.
— Біздің команда ерлер арасындағы эстафетада алтын медальдан айырылып қалды. Бұл тактикалық қателік пе? Әлде, қобалжып кетті ме?
— Негізі, біздің спортшылар ешқандай қателік жіберген жоқ. Біз ешкімге жанасып, итерген жоқпыз. Мен екі рет Олимпиадаға қатысып, әлем кубогі кезеңінде жеңіске жеттім. Кезінде эстафетаны да жақсы жүгірдім деп есептеймін. Сондықтан, жігіттерді моральдық тұрғыдан жақсы дайындап, ештеңеден қорықпау керектігін түсіндіре алдым. Өйткені, эстафетада жеңіске жету үшін әу бастан дұрыс позиция ұстанып, ешкімнен қорықпай, мақсатыңа қарай қадам басу қажет. Ширек финалда да, жартылай финалда да біздің жігіттер осы қағиданы ұстанып, өте сенімді жүгірді. Ешкімнің артына тығылған жоқ, басқа командалардың ізін аңдыған жоқ. Бәрі жақсы өтті.
Финалда да олар қарсыластарынан оқ бойы озып, мәреге бірінші болып келді. Бірақ оларға пенальти берді. Жарыстан кейін бапкерлермен бірге шешінетін бөлмеге келдік. Өзім де спортшымын ғой, оларға ұрысқан емеспін. Өйткені, жағдайды жақсы түсініп тұрмын. Олар сәтсіз өнер көрсетсе әңгіме бөлек. Пенальти алса да, мәреге бірінші жетті. Төрешілер медальді тартып алса да, сол кезде бастан кешкен сезім мен қуанышты ешкім ұмытпайды. Мұндай нәтиже отандық шорт-тректе көптен бері болған жоқ. Жігіттеріміз мәреге бірінші болып келгенде өзімнің әлем кубогінде топ жарған кезім еске түсті. Қатты қуандық. Бұл ұмытылмайтын бағалы сәттердің бірі.
— Мәреге бірінші келіп, жүлдеден қағылу өте қиын. Спортшыларымыз бұл жайтты қалай қабылдады?
— Әрине, бәрінің көңілі түсіп кетті. Оларға дем беріп, қолдауға тырыстым. Осы кезде өз мансабымдағы тағы бір сәт есіме түсті. 2018 жылғы Олимпиада ойындарында 1500 метрге жарысудан екінші орында келе жатып, құлап қалдым. Финалға шыға алмағаным үшін қатты жылағаным, өкінгенім әлі есте. Егер сол сәтсіздіктен соң өзімді қолға алып, дереу жиналғанда, басқа қашықтықтарда жақсы өнер көрсетер едім. Бірақ мен сол бір өкінішпен қалып қойдым. Міне, осы жағдайды жігіттерге барынша жеткіздім.
— Әлем біріншілігінен соң қандай қорытындыға келдіңіз? Әрі қарайғы жоспар қандай болмақ?
— Спортшылардың режимін дұрыстаймыз. 22:00-ден соң бәрі де ұйқыға кетуі тиіс, бұл жаттығуға бәрі дайын болуы үшін қажет. Сондай-ақ, жастар командасы ұлттық құраманың ізімен жүре бермеуі керектігін түсіндім. Олардың өзіндік дайындалу әдісі болуы тиіс. Жастар командасымен бір базада жаттығу жүргізіп, елішілік жарыстарда ересектер мен жастардың деңгейіндегі айырмашылықты байқаймыз. Кімнің қалай жұмыс істегенін байқай аламыз. Егер екі құрама бірге жаттығатын болса, жастарымыз ұлттық құрама спортшыларынан өздерін төмен ұстайды. Сенімсіздік пайда болады. Мұндайға жол бермеу керек. Біз жастарды тек жақсы нәтижеге жетелеуге міндеттіміз. Осы бағытта жұмыс істейміз. Жастар командасына белгілі бір мақсат қойып, сол мақсатқа жету үшін тер төгеміз.
Olympic.kz