Ералы Тоғжанов: Қысқы Олимпиада – спорт саласындағы біраз проблеманың бетін ашты
Қысқы Олимпиада – спорт саласындағы біраз проблеманың бетін ашты. Десе де өткен істі сынаудан гөрі, сабақ алу маңызды. Олимпиада резервін дайындаудың біртұтас жүйесін құру керек.
Жақында Мәдениет және спорт министрлігінің алқа мәжілісі өтті. Үкіметте осы салаға кураторлық ететін вице-премьер Ералы Тоғжанов жиында біраз мәселені көтерді.
Сөзден іске көшетін кез келді
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйене отырып, 2025 жылға дейін халықтың жартысын дене шынықтырумен қамту көзделіп отыр. Осыған байланысты олардың қалай және қандай критерийлерге сәйкес есептелетіні мен үшін әлі беймәлім. Мен бұл сұрақтарды министрліктің алдына бір емес бірнеше рет қойдым. Соны нақтылауымыз керек. Жалпылама әңгіме айналасында жұмыс істейтін заман емес. Ондай заман жоқ. Сондықтан осы мәселені бірге қарастыруымыз керек. Осы орайда министрлікке Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп, спортпен, оның ішінде дене шынықтырумен шұғылданатын адамдардың санын есептеудің нақты әдістемесін бекітуді тапсырамын.
Федерациялардың жауапкершілігін күшейту қажет
Аккредиттелген спорт федерацияларының жауапкершілігін күшейту қажет. Мемлекеттік тапсырыс аясында 2018 жылдан 2021 жылға дейін Ұлттық Олимпиада комитеті мен федерацияларға 65 миллиард теңге бөлінді. Бірақ спорттың көптеген түрінен оң динамика байқалмайды. Федерациялар қызметін бағалаудың нақты критерийлері болмауы салдарынан қаражат тиімсіз жаратылып жатқан сияқты. Бұл бүгінгі күні жұмыс істеуіміз қажетті ең маңызды мәселелердің бірі.
Осыған орай әрбір олимпиадалық циклге арналған меморандумдарды федерациялармен рәсімдеу тәжірибесін енгізуді тапсырамын. Осы жылдан бастап федерацияларды мемлекеттік қаржыландыру көлемі олардың нәтижелелері мен қызметтеріне байланысты айқындалуы тиіс.
Жағдай жасалғанмен нәтиже жоқ
Былтыр елімізде 99 спорттық кешен салынды. Бұл мемлекет басышының тікелей тапсырмасы. 20 миллиард теңге кәсіби спорттан бұқаралық спортқа бағытталды. 2632 балаларға арналған спорт секциялары ашылды. Спорт мектептерінің жаттықтырушыларының жалақысы 25 пайызға өсті. Мұның бәрі 2021 жылы енгізілген нақты өзгерістер. Оның ішінде денешынықтыру пәнінен беретін мұғалімдерге қосымша сағат беріліп, көбейтілді. Бірақ нәтиже жоқ…
Спортшыларды ынталандыру керек
Қабілетті спортшылар тиісті нормативті орындағаннан кейін даярлықтың жоғары деңгейіне өтуі тиіс. Жаттықтырушыларды өз шәкірттерін келесі деңгейге өткізгені үшін марапаттау маңызды. Бұл мәселемен біраз шұғылдандым. Жоғары деңгейге жеткен шәкірттерін көпшілігі өз қарамағында ұстауға ынталы. Сондықтан осындай ынталандыру жүйесінсіз нақты нәтиже де болмауы мүмкін. Осы мақсатта арнайы сыйақы да енгізу мәселесін пысықтауды тапсырамын.
Бұқаралық спорт бәрінен маңызды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық спортты дамытуға байланысты, әсіресе бұқаралық спортты қолдау үшін арнайы талаптар қойды. Сол талаптарды жүзеге асырумыз керек. Неғұрлым көп бүлдіршіндер жаттықса соғұрлым бәсекелестік артатынын белгілі. Сондықтан бұл мәселелерді бәрін бірге қарастырамыз.
Чемпиондарға төленетін қаржы көбейеді
Олимпиада чемпиондарына өмір бойы төленетін қаражат көлемі көбейеді. Бұған дейін ай сайын 70 мың төленіп келсе, енді бұл сома 4 есе өсті. Десе де, спорттағы проблемалар қаржыландыруға ғана тіреліп тұрған жоқ. Олимпиада резервін дайындаудың біртұтас жүйесін құру керек.
Қысқы Олимпиада – спорт саласындағы біраз проблеманың бетін ашты. Десе де өткен істі сынаудан гөрі, сабақ алу маңызды. Олимпиада резервін дайындаудың біртұтас жүйесін құру керек.
Инфрақұрылым сылтау ғана
Олимпиадалық спорт түрлерінен алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесін зерттеп, спорт резервін дайындаудың ұлттық моделін тапсырамын. База жоқ. анау аз, мынау аз деген әңгімені де көтеріп жатыр. 2008-де Пекинде болған. 2012-де Лонданда, 2016 Рио-де-Жанейро да керемет нәтижелерге жеттік емес пе? Ол кездегі материалдық база болды ма? Неге үлкен нәтижеге жеттік, себебі ол жерде бәрі ұйымдастырумен байланысты екенін жақсы білесіздер.
Ұйымдастыру жұмыстарынан бөлек тәжірибелі бапкерлер жоқ. Спорт шеберлерінің пікірінше инфрақұрылым сылтау ғана екен.
Бас бапкердің баяндамасы ұнамай қалды
Ералы Тоғжановқа жиында ауыр атлетикадан Қазақстан ерлер ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Нұржан Смахановтың баяндамасы ұнамай қалды.
Кеңейтілген алқа отырысында Нұржан Смаханов ауыр атлетшілер халықаралық жарыстарға қалай дайындалып жатқанын айтты.
Алайда Үкімет басшысының орынбасары бас жаттықтырушыдан саладағы нақты мәселелерді айтуды сұрады.
«Ананы, мынаны, үздіксіз дайындықты, тамақпен қамтамасыз ету керек дедіңіз. Сіз айтқан мәселелер шешіліп жатыр ма?» – деді Ералы Тоғжанов.
Нұржан Смаханов саладағы проблемалар шешімін тауып жатқанын жеткізді.
«Солардың барлығын нақтылау керек. Жалпылама әңгімені қайтеміз? Ауыр атлетикадағы өткен жетістікті барлығы біледі. Нақты мәселелерді айту керек. Бүгін алқа отырысына арнайы сол үшін келіп отырмыз. Қазір біраз азаматты тыңдадым. Барлығы жақсы. Анаған, мынаған рақмет дейді. Қазір рақмет айтатын уақыт емес. Ашығын айтқанда, бұл – біздің жұмысымыз. Сондықтан нақты мәселелерді көтерейік. Допингке байланысты мәселе болды. Оны барлығыңыз жақсы білесіздер. Бұл мәселені шешу жолдары қалай? Күн тәртібінде дайындыққа байланысты қандай мәселелер тұр? Оларды шешейік. Барлық сала бойынша нақты жұмыспен айналысу керек», –деді Премьер-министрдің орынбасары.