Ресейдегі Рохус Шох Кәсіпқой футбол лигасының президенті болды
Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті қызметіне бірнеше жылдан бері Ресейде қызмет еткен Рохус Шох сайланды.
Бүгін Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы мүшелерінің жалпы жиналысында лиганың жаңа президенті сайланды. Олжас Абраев Қазақстан футбол федерациясына бас хатшы болып кеткендіктен, оның орнына Рохус Шох келді.
Негізі Рохус Шох — Жамбыл облысында туған. Футболшы ретінде «Химик» (Жамбыл), «Жетісу» (Талдықорған) және «Шахтер» (Павлоград) клубтарында ойнады. Футболшы мансабын аяқтағаннан кейін Украинаның «Днепр» клубына селекционер-бапкер лауазымына шақырылды. 1991 жылы Волгоград қаласының «Ротор» командасы бапкерлік штабына кіріп, 2004 жылға дейін клубта әртүрлі басшылық лауазымдарында қызмет атқарды. 2005 жылы ЦСКА (Мәскеу) футбол клубында техникалық директор ретінде жұмыс істеді. Мәскеулік клубтан кейін ол «Роторға» қайта оралып, директор, клубтың вице-президенті болды. Кейін «Урал» командасында (Екатеринбург) спорттық директоры қызметін атқарды. 2014 жылы Ресей футбол одағының Атқару комитетінің мүшесі болып сайланды. 2019 жылы РФО Бас хатшысы Александр Дюковтың өңірлік саясат жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалды, Сондай-ақ, аталған құрылымда бұқаралық футбол комитетінің төрағасы болды.