УЕФА басшысы Қазақстан футбол федерациясына құттықтау хатын жолдады
УЕФА президенті Александер Чеферин Қазақстан футбол федерациясының басшысы Әділет Барменқұловты футбол күнімен құттықтап, жиырма жылда еліміздің Еуропа футболының маңызды бір бөлігіне айналғанын атап өтті.
– Бүгінгі атаулы күнмен құттықтай отыра, Қазақстан футбол федерациясының соңғы жиырма жылда Еуропа футболының маңызды бір бөлігіне айналғаны үшін алғыс білдіремін.
Қазақстан футбол федерациясы 2002 жылы УЕФА ұйымына қосылған сәттен бастап біздің құрлықтың құрметті мүшесіне айналды.
Осы 20 жылдың ішінде Қазақстандағы футбол инфрақұрылымы UEFA HatTrick бағдарламасының қаржыландыруымен жүзеге асырылған бірнеше жобалардың арқасында айтарлықтай жақсарды. Соның басты айғағының бірі – Нұр-Сұлтанда салынған ұлттық көпсалалы футбол кешені.
Білім беру саласында біздің бағдарламаларымызды толық пайдаланып, футбол пирамидасы бойынша барлық табыстарға әсер ете бастағанын да байқаймыз. Олардың арасында бұқаралық, әйелдер, клубтық футбол, жаттықтырушылар корпусы және төрешілік бар.
Осы табыстардың арасында айтарлықтай көзге түсетіндері бар. Мәселен, футзалдан Қазақстан құрамасы нағыз әлем жұлдызына айналды. Жоспарланған стратегия дұрыс құру мен оны жүйелі жүзеге асыру арқылы федерация қызметінің өзге салалары да табысқа жете алатынына сенім мол. Сонымен қатар қазақстандық клубтар УЕФА жарысына тұрақты қатысып келеді. Чемпиондар лигасының 2015/16 жылғы маусымында топтық кезеңде төрт ойынды тең аяқтаған «Астананың» ерлігін ешкімнің есіне салудың қажеті жоқ. Олар сол маусымда «Бенфика» мен турнирдің финалына шыққан Мадридтің «Атлетикосына» ғана жол берді.
Футболдың басты ерекшелігі әрбір жанға армандауға мүмкіндік береді. Cіздің адалдығыңыздың арқасында миллиондаған балалар Қазақстанның жасыл алаңдарында өз армандарын орындап жүр.
Қазақстан футболына ұзақ жылдар бойы табыс және жасыл алаңмен оның айналасында өркендеуді тілеймін. УЕФА әрқашан Қазақстан футбол федерациясының сенімді серіктесі болатынын ұдайы есте ұстарсыз, – деп жазылған Чефериннің құттықтау хатында.