«Каспий», «Ордабасы», «Тараз»…
Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 8-турынан кейін көш басындағы командалар ауысты
Футболдан Қазақстан премьер-лигасының ойындары тур өткен сайын қыза түсуде. Осы аптада командалар 7-8-тур ойындарын қорытындылады. Бір қызығы, алғашқы алты ойынның нәтижесі бойынша көш бастап келе жатқан «Қайрат» пен «Тобыл» командаларын 8-турдан кейін үздік үштіктен таппай қалдық. Алматының «Қайраты» қатарынан екі ойында жеңілді. «Тобыл» мүмкін болған алты ұпайдың тек біреуіне ғана ие болды. Дәл қазір турнир кестесінде Ақтаудың «Каспий» клубы көш бастап келеді. Одан кейінгі орындарда «Ордабасы» мен «Тараз» тұр.
«Қайраттан» қайрат кетті
Құрбан Бердыев баптайтын Алматының «Қайраты» қатарынан екі ойында жеңіліп, турнир кестесінің алтыншы орнынан бір-ақ шықты. 7-турда Түркістанның «Тұран» командасын қабылдаған алматылықтар ойламаған жерден қонақтарға үш ұпай ұстатып қоя берді. «Тұран» алғашқы алты ойында қарсыластар қақпасына гол соқпаған Премьер-лигадағы жалғыз команда еді. Бірақ алматылықтармен болған ойында түркістандық аяқдопшылар барын салды. Ойын тағдырын 31-минутта Азат Нұрғалиевтің соққан голы шешті. Ол он бір метрлік айып добын мүлтіксіз орындады.
«Тұраннан» ұтылғаны аздай, Құрбан Бердыевтың шәкірттері 8-турда «Ордабасы» командасына жол берді. Шымкенттік команданы алға сүйреп жүрген тоголық легионер Сердж Ньюадзи осы маусымдағы алтыншы голын соғып, мергендер көшінде көш бастады. 8 ойыннан 14 ұпай жинаған «Ордабасы» турнир кестесінің 2-сатысына көтерілді.
«Ағысы» тоқтаған «Тобыл»
Маусымды жап-жақсы бастаған Қостанайдың «Тобылы» соңғы төрт ойын бойы жеңіске жете алмай келеді. 7-турда Александр Москаленконың шәкірттері «Атырауға» жол берсе, 8-турда «Астанамен» болған ойында 1:1 есебімен тең түсті.
«Тараз» Мухановты тағынан тайдырды
8-турдан кейін Қазақстан премьер-лигасында тағы бір бас бапкердің тағы шайқалды. Былтыр шілде айында «Ақтөбеге» бас бапкер болып бекітілген Владимир Муханов қызметінен кетті.
Мухановтың кететіні биылғы маусым басталғанда-ақ белгілі болған еді. «Ақтөбелік» жанкүйерлердің жиі наразылығына ұшырап жүрген ресейлік маман «Таразбен» болған ойыннан кейін командадан кететінін мәлімдеді. Жергілікті жастардан жасақталған «Тараз» клубы легионерлерден құралған «Ақтөбені» аямады. Бұл ойында Абылайхан Жұмабек дубль авторы атанса, Жақып Қожамберді биылғы маусымдағы алғашқы голын соқты.
Владимир Мухановтың орнына бас бапкер тағайындалмады. Әзірге бұл қызметті уақытша Петр Бадло атқаруда.
Магомед Адиев деген кім?
Осы аптада Қазақстан құрама командасының бас бапкерлігіне «Шахтер» клубының жаттықтырушысы Магомед Адиев тағайындалады деген ақпарат шықты. «Кеншілердің» бас бапкері де бұл ақпаратты жоққа шығармады. Бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Адиев Қазақстан футбол федерациясымен келісім болғанын, бірақ қай уақытта тағайындайтынын ашып айтпады. Тіпті Қазақстан құрамасымен «Шахтердің» тізгінін қатар алып жүре ме, ол жағын да білмейтін болып шықты.
Адиев жаттықтыратын «Шахтер» 7-ші және 8-турда оңбай жеңілді. Екі ойында да гол соққан жоқ. Алдымен өз алаңында «Ақжайықты» қабылдап, 0:1 есебімен ұтылса, 8-турда «Каспийден» күйрей жеңілді – 0:4.
Ұлттық құраманы бұған дейін Андрей Карпович жаттықтырғаны белгілі. Ұлттар лигасында Молдовадан айламызды асырсақ та, басшылыққа Карповичтің ойын өрнегі ұнамаған сыңайлы. Тіпті жанкүйерлер арасында да Карповичтің қызметіне көңілі толмайтындар көп болды.
Магомед Адиев деген кім? Магомед Адиев 1977 жылы Чешенстанның Грозный қаласында дүниеге келген. Футболшы ретінде «Анжи», ЦСКА, «Сокол», «Терек» сияқты клубтарда ойнаған. Тіпті 2005 жылы Нұр-Сұлтанның (ол кезде Астана) «Жеңіс» командасында 11 ойын өткізген. Бірақ бір жыл да тұрақтамай, Грозныйдың «Терек» командасына ауысқан.
Адиев бапкерлік қызметін 2010 жылы «Нижний Новгород» командасында бастады. «Шахтерге» 2021 жылы сәуір айында келді. Оның алдында Ресейдің «Чайка» командасында жұмыс істеген.
Қазақстан құрамасының болашақ бас бапкері баптайтын «Шахтер» 7 ойыннан 10 ұпай жинап, турнир кестесінің тоғызыншы сатысында тұр.
Шахметов – 375
«Тараз» командасының жартылай қорғаушысы Марат Шахметов «Ақтөбемен» болған ойында Қазақстан премьер-лигасындағы 375-ші ойынын өткізді. Ол бұл көрсеткіші арқылы ең көп ойын өткізген 20 футболшының қатарына қосылды.
Марат Премьер-лигадағы алғашқы ойынын 2006 жылы «Алматы» командасының сапында өткізді. Үш маусымда 55 ойынға шығып, 3 гол соқты. Одан кейін карьерасын «Астана» командасында жалғастырды. Елордалықтардың сапында 131 ойынға қатысты. Сонымен қатар Шахметов «Атырау», «Жетісу», «Ақжайық», «Шахтер», «Каспий» командаларында доп тепті. Былтыр ақтаулық командадан «Таразға» ауысып, күні бүгінге дейін 45 рет алаңға шықты.
Қазақстан премьер-лигасында ең көп ойын өткізген футболшылар (TOP-5, 1992-2022 ж.)
№ Аты-жөні Ойын саны
1 Нұрбол Жұмасқалиев 523
2 Азат Нұрғалиев 467
3 Серік Жейлетбаев 457
4 Самат Смақов 452
5 Мақсат Байжанов 449
7-8 турдың нәтижелері:
«Атырау» (Атырау) – «Тобыл» (Қостанай) – 2:1
Гол соққандар: Филипович,
66 пен. (1:0), Сергеев, 77 (1:1), Филипович, 83 (2:1);
«Астана» (Нұр-Сұлтан) – «Каспий» (Ақтау) – 4:0
Гол соққандар: Влут, 14 (1:0), Влут, 27 (2:0), Эбонг, 42 (3:0), Томасов, 59 (4:0);
«Шахтер» (Қарағанды) – «Ақжайық» (Орал) – 0:1
Гол соққан: Имнадзе, 74 (0:1);
«Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Мақтаарал» (Мақтаарал) – 1:0
Гол соққан: Маляров, 67;
«Ордабасы» (Шымкент) – «Қызылжар» (Петропавл) – 3:1
Гол соққандар: Ньюадзи, 12 (1:0), Бушман, 42 (1:1), Ньюадзи, 90 (3:1), Султанов, 90+3 (3:1);
«Қайрат» (Алматы) – «Тұран» (Түркістан) – 0:1
Гол соққан: Нұрғалиев, 31-пен (0:1);
«Ақсу» (Ақсу) – «Тараз» (Тараз) – 1:2
Гол соққандар: Дос Сантос, 10 (0:1), Какімов, 55 (1:1), Байтана, 90+2 (1:2)
* * *
«Ордабасы» (Шымкент) – «Қайрат» (Алматы) – 2:1
Гол соққандар: Астанов, 11-пен (1:0), Шушеначев, 31 (1:1), Ньюадзи, 52 (2:1);
76-минутта Р.Алвеш («Қайрат») 11 метрлік айып добын соға алмады;
«Тобыл» (Қостанай) – «Астана» (Нұр-Сұлтан) – 1:1
Гол соққандар: Томашевич, 32 (1:0), Эуженио, 54 (1:1); 45-минутта И.Сергеев 11 метрлік айып добын соға алмады;
«Қызылжар» (Петропавл) – «Мақтаарал» (Мақтаарал) – 1:1
Гол соққандар: Пайруз, 16 (0:1), Каршакевич, 90+5 (1:1);
«Ақжайық» (Орал) – «Ақсу» (Ақсу) – 0:1
Гол соққан: Смаилов, 68 (0:1);
«Каспий» (Ақтау) – «Шахтер» (Қарағанды) – 4:0
Гол соққандар: Цуцкич, 13 (1:0), Телеш, 64 (2:0), Телеш, 73 (3:0), Арменов, 86 (4:0)
«Тұран» (Түркістан) – «Атырау» (Атырау) – 0:0
«Тараз» (Тараз) – «Ақтөбе» (Ақтөбе) – 3:0
Гол соққандар: Қожамберді, 40 (1:0), Жұмабек, 52 (2:0), Жұмабек, 60 (3:0);
Турнир кестесі
№ Команда О Ұ Т Ж Д-А О
1 Каспий 8 5 1 2 10-7 16
2 Ордабасы 8 4 2 2 12-7 14
3 Тараз 8 4 2 2 10-6 14
4 Астана 8 4 1 3 11-7 13
5 Тобыл 8 3 3 2 11-8 12
6 Қайрат 8 3 3 2 8-6 12
7 Атырау 7 3 2 3 7-7 11
8 Ақтөбе 8 3 2 3 7-10 11
9 Шахтер 7 3 1 3 11-9 10
10 Ақжайық 7 3 1 3 3-4 10
11 Ақсу 7 2 1 4 6-8 7
12 Тұран 7 1 4 2 1-4 7
13 «Қызылжар» 8 1 3 4 5-10 6
14 Мақтаарал 8 1 2 5 6-15 5
Мергендер:
Серж Ньюиадзи («Ордабасы») – 6 доп;
Хосе Канте («Қайрат») – 5 доп;
А.Жұмабек («Тараз»), Видемон («Ақтөбе»), А.Филипович («Атырау») – 4 доп.