БастыСаламатты Қазақстан

Алматы облысында бұқаралық спорт кенжелеп тұр, басқарма не дейді?

Бұқаралық спорт – байрақты бәсекеде ел абыройын асқақтататын сиқырлы өнердің іргетасы. Бірақ қаншама дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, ойын алаңдары салынып жатса да, облысымызда бұқаралық спорттың кенжелеп тұрғаны көңілге қаяу түсіреді. Оның түлеуі мен түрленуіне не кедергі?

Олимпиада чемпиондары ауылда!

Әуелі тау көтерген толағайлар, күрзі жұдырықты боксшылар, желмен жарысқан желаяқ, құлжаның сақасындай кесек бітімді балуандар қайдан шыққанын ойланайықшы? Әрине ауылдан. Бүгінде сол ауылдағы балаларға тиісті деңгейде жағдай жасалған ба? Жоқ. Өкінішке қарай, ауыл спортында арман көп.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Спорт – денсаулық кепілі. Қайталап айтамын, бұқаралық балалар спортына барлық жағдайды жасау қажет. Облыс әкімдері спорттық инфрақұрылымдардың құрылысын кезең-кезеңмен жүзеге асырулары тиіс», – деді. Ел Президенті айтқан бұқаралық балалар спортын дамытамыз десек, әуелі ауыл спортын дамытуымыз керек.
Өткенімізге үңілсек, Кеңес өкіметі тұсында «Қайрат», Тәуелсіздік алғаннан кейін «Ел қайраты» деген ауыл дене шынықтыру спорт қоғамы болды. Олар ауыл-ауылды аралап, жарыс жасап, қара домалақ балалардың томағасын сыпырып, жаттықтырып, кіл мықты өрендерді облыстық, рес­публикалық додаларға шығарды. Соның арқасында байрақты бәсекелерде Көк туымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалды. Бүгінде ауылдағы спортқа икемі бар балаларды майшаммен іздеп жүргендер аз. Әр ауылда әдіскер-нұсқаушы бар. Бірақ олардың барлығы өз жұмыстарын тиісті деңгейде атқарып жүрген жоқ.
2000 жылдары ауылдың өзінде балаларды спортқа оқушы кезден баулып, түрлі шаралар ұйымдастыратын. Мектепте оқып жүрген кезімде бұқаралық спортты дамыту үшін көктем келсе футболдан, күз болса баскетболдан, қыста волейболдан оқушылар арасында аудандық жарыстар жиі өткізілетін. Жаз айында әр ауданда «Былғары доп», «Дворовой» сынды екі айға созылатын турнирлердің жалауы желбірейтін. Балаларды спортқа тарту үшін 1000-2000 доп тегін тарататын. Бүгінде ауыл тұрмақ, ауданда мұның бірі де жоқ.
Қалалық жерлерде жарыстар өтіп, заманауи спорт кешендері салынып жатқаны рас. Бірақ елімізді әлемге танытқан спортшылардың көбі ауылдан шыққанын ұмытпайық. Сондықтан облыс орталықтарына ғана қаржыны үйiп-төкпей, ауыл-аймақтарға да спорт кешендерін салу қажет. Ауыл спортын дамытпай, ел спорты өркендемейді.

Көрсеткіш неге төмендеді?

Қанша қиын кезең болды десек те, 2000 жылдары олимпиада, әлем, Азия біріншілігінде жерлестеріміз қарсыластарын қоғадай жапырып, уыстап медаль алып қайтатын. Өкінішке қарай, жылдан-жылға қоржынымыз бос қайтатын жарыстар көбейіп барады. Оған дәлел – Токио олимпиадасы. Төрткүл дүние көз тіккен дода қазақ спортының қандай деңгейде екенін көрсетті. Алматы облысының қос спортшысы (Игорь Сон, Зүлфия Чиншанло) қола жүлдені еншіледі. Бейжің, Лондон олимпиадаларында ел намысын арқалаған саңлақтарымыз қалай өнер көрсетті?! Лондон олимпиадасынан кейін облыс спортшыларының көрсеткіші күрт төмендеп кетті. Олимпиаданы былай қойғанда, әлем біріншіліктері мен Азия ойындарында құралақан қайтқан күндеріміз көп болды. Әсіресе командалық ойын түрлерінде аузымызды қу шөппен сүртуге мәжбүрміз. Бұл да бұқаралық спорттың кенжелеп тұрғанының дәлелі.

Басқарма басшысы не дейді?

Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан хал­қына жолдауында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлді. Ха­лықтың елу пайызын спортпен шұғылдануға тарту, жасөспірім балалар мен қыздарға тегін спорт үйірмелер ашу керектігін айтты. Жұмыс істеліп жатыр. Бірақ жоғары деңгейде деп айта алмаймын. Бұқаралық спорттың кенжелеп тұрғаны рас. Өйткені ауылдық жерлерге спорт инфрақұрылымдары қажет. Шыны керек, мұның барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Мәселен, бүгін футболдан облыстық жарыс өтті. Өкінішке қарай, қаржылық қиындықтарға байланысты облысымыздың 5 қана командасы өнер көрсетуде. Өйткені бұрын ауылда 3-4 спорт түрі ғана болатын. Қазір ұлттық спорт түрлерінен бөлек басқа олимпиадалық емес спорт түрлері де кеңінен қанат жайып тұр. Қазір облыс бойынша 435 әдіскер-нұсқаушы бар. Бірақ олардың жарыс өткізу үшін қаражаты жеткіліксіз. Сонымен қатар бір облыстық, 20 бұқаралық спорт іс-шарасын өткізетін орталық құрылды. Әр ауылда бір маман бар. 14 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, футбол алаңдары, 150 үстінде street workout алаңы салынды. Дегенмен бұл да жеткіліксіз. Бұқаралық спортты дамыту үшін ауылдағы қара домалақтарға қысы-жазы дайындалатын заманауи кешендер қажет.
ТҮЙІН: Алматы облысы халықты бұқаралық спортқа тарту бойынша бүгінде 34,3 пайызға ғана қол жеткізіп отыр. Бұл өте төмен көрсеткіш. Ауылдағы бұқаралық спорт түрлерін дамытамыз десек спорт кешендерін салу, жарыстар өткізу мәселесі ең өзекті. Осы түйінді аудан басшылығы мен кәсіпкерлер басты назарға алып, жүйелі жұмыстар жасалса, тұралап қалған спорттан да олжа аларымыз хақ.

Айдар ҚАЛИЕВ
Алматы облысы

Басқа жаңалықтар

Back to top button