Досым, ұстазым Қыдырбек тал түске ат шалдырды
Қазақ спорт журналистикасының дарабозы Қыдырбек екеуміздің дос болып, бірге жүргенімізге қырық жылдың бедері болыпты. досым, бауырым, қазақтың аяулы перзенті Қыдырбек Рысбекұлы 60-қа келді. Шерағаңша айтсақ, тапа тал түс. Әрине, бөркіңді аспанға атып қуанатындай жас емес. Ар жағынан таяқ ұстататын кәріліктің ауылы қылтиып-ақ тұр.
Бұл жас адам деген пенденің бұл өмірде мен не бітірдім деп өз-өзіне есеп беретін уақыты да ғой.
Ана ғасырдың сексенінші жылдары. Өрімдей жас болдық. Арман қуып Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген біздерді алып Алатау әлдилеген ару Алматы құшағын жая бауырына тартты. Қыдырбек ҚазПИ-дің тарих, мен филология факультетінде оқимыз. Мұғалімбіз негізі. Бірақ тағдыр бізге спорт журналистикасын бұйыртыпты.
Қыдырбек, ол өрімдей шағынан мақтангершілікті ұнатпайтын еді. Тыйып тастайтын. Бірақ мақтауға тұратын, қазақ руханиятына бір кісідей еңбегі өткен жампозыңды мерейлі жасында мақтап, мақтанып қалғанның айыбы жоқ шығар.
Ұстаз жағынан жолы болды досымның. Атақты Несіп Жүнісбаев институттың соңғы курстарында балағының биті бір өршіл жігітті «Лениншіл жасқа» қолынан жетелеп апарды. Ол кезде қазақ баспасөзінің ең отты, ардақүреңі «Лениншіл жасқа» мұғалім институтының түлегі түгілі, журналист факультетін бітіргендердің өзі тұяқ іліктіре бермейтін.
Газеттің бас редакторы, қазақ спорт журналистикасын Алатаудың құзар биігіне көтерген Сейдахмет Бердіқұлов аға да мұнауың кім демепті. Өжеттеніп сөйлегенде қасын қақпайтын, ішкі жан дүниесі жанартаудай бұлқынып тұрған жас жігіттің болашағын Толыбай сыншыдай болжаса керек.
Өте жақын, тонның ішкі бауындай досым ғой, ол үшін бәрі сәтті болды демеймін. Не бір өткелектен өтті. Бір сөзбен түйіп айтсақ, дәл қазір қазақ спорт журналистикасын Қыдырбек Рысбексіз елестету әсте мүмкін емес. Ол – басқа еңбегі бір бөлек, қазақ спортының жылнамашысы.
Ол, Махамбет ақын айтқандай, кескекті ердің сойы. Қазақ намысы безбенге түсетін жерде тісі кеткенше жұлқысатын абадан.
Мың мысалдың бір-екеуінің тізгінін ағытсақ, Қыдырбектің қайратын түсіне бересіз.
Сексенінші жылдардағы Мәскеу олимпиадасындағы Жақсылық, Шәлім ағаларымыздың даңқты жеңістерінен кейін қазақ күресі тоқырауға ұшырады. Балп, балп басқан балуандар жоқ емес-ау, Одақтың жарыстарында топ жарары жоқ. Сол кезде найзағайдай болып Дәулет Тұрлыханов жарқ ете қалды. Сұрапыл. КСРО чемпионы. Қазақ спортшыларының қайратсыздығына ширығып, қабағының тырысуы басылмай жүрген Қыдырбек Рысбек «Лениншіл жастың» бір бетіне сөзбен емес, жүректің қанымен «Халықтың Дәулеті» деген мақала жазды. Ол мақаланы жай оқи салу мүмкін емес еді. Көңілшектеу басымыз толқығаннан көзімізге жас алып қалдық. Түйіні Жақсылық Үшкемпіровтен кейін әлем, олимпиада ойындарына дейінгі үзілген жолды лайықты ізбасарлары өсіп жетілгенше Дәулет Тұрлыханов мойнына алып, кәтепті қара нардай сүйреуі керек. Бұл – халық Аманаты.
Біз пақыр осы мақаланы оқып, отқа түсуге дайын жүргенде Дәулеттің күйін көз алдыңызға елестете беріңіз. «Әй, Қыдырбек, не істедің, – депті дарабоз балуан. «Сен маған артқа шегінуге жол қалдырмадың ғой».
Артқа шегінбеді ер Дәулет. Ол кезде Одақта жеңімпаз болу әлем, олимпиада ойындарында бас жүлде алумен бірдей. Ал Дәулет Тұрлыханов КСРО империясының 7 жыл қатарынан өз салмағында алтынын күреп алды.
Даңқты, орыс аюы Карелиннің өзі бұл атаққа жете алмай кетті. Тасқайрақ Қыдырбек талантты қазақ жүрсе қасынан табылатын қасиетін мұнымен қойған жоқ.
Қазақта самбо күресінде Асқар Шайхиевтай ардакүрең ұл болды. КСРО чемпионы. «Шымбұлақтағы оқу-жаттығу жиынында едік» деп еске алып еді Асқар марқұм. Жолды қар соқталап тастаған. Сонау шыңға қар омбылап Қыдырбек ағам мені іздеп келіпті.
«Империяны мойындаттың, енді әлемнің алтынын алуың керек». Сөзі осы. Қазақтың батыр бабаларынан тартып тарихынан шер тартыпты.
«Толқығаннан жанымды қоярға жер таппадым», деп еді-ау есіл Асқар.
Әлем чемпионы болды Асқар. Қыдырбек ағам қайраттандырмағанда болар, болмасым белгісіз еді дейді ақкөңіл, батыр інім.
Бұл Қыдырбектің қайраты туралы мың мысалдың екеуі ғана. Тағдыр, таланында бар болғанымен қайраудың жөні бір бөлек екен.
Бірде Қыдырбек екеуміз грек-рим балуандарының оқу-жаттығу жиынына бардық. Әлемге әйгілі жампоздардың томағасын сыпырған әйгілі бапкер Геннадий Сапунов біздің ісімізді құптады. «Алғаш рет Одақ жарысында жүлде алғанымда бір журналист мен туралы керемет мақала жазды. Халыққа керек екенмін ғой деп толқыдым. Жаныңа қатты қуат береді екен. Қазақта талантты балуан көп. Бірі анау Бақтияр Байсейітов. Мерейі өседі. Жазыңдар».
Айтқандай, Бақтияр Байсейітов
кейіннен әлем чемпионы болды.
Қыдырбек дос туралы жазсаң, бір кітап аздық етеді.
Кейінгі кезде ол қазақ спорт журналистикасында игерілмеген тың тақырып-тарихын жүлгелеуді қолға алды. Түбегейлі қолға алды. Сонау бір жылдары өзі құрастырған, ғасырлық баян жинақталған «Қазақ балуандары», «Қазақ боксшылары» антологиясы осыған әкелді.
Бір Қыдырбек үшін ғана емес, бар қазақ үшін қуанамын осы ісіне. Тамырсыз ағаш көктемейді. Қыдырбек қазақ спортының түп-тұқиянын зерттеп, жылнамашысына айналды.
Одан бөлек жақында қазақтың әлем таныған «90 бапкері» жайлы деректі кітап жазды. Сөйтіп, жоғымызды тапты, өшкенімізді жандырды.
Қазақ спортына тау көтерген Толағайдай еңбек сіңірсе де, «мен істедімді» аузына алмайтын дара қазақ Қыдырбек тал түсіне осылай келіп жатыр. Қазақстан егмендік алғанда алты олимпиада ойындарына жолы түсіп, қазақтың батыр бағландары туралы жаһаннан хабар таратып, қалың жұрттан құс қанатымен сүйінші сұраған қыдыр қонған Қыдырбек қой бұл.
* * *
Құдай-ау, біз де өрімдей жас болдық қой. Жастық шақ бірге өтті. Екінші курста болуы керек, бір аға ұстазымыз бар бес жігіт Кеген ауданына шабашкаға бардық. Үй салмақпыз. Басқа да қара жұмыстар көп. Ұстаз бен Мұрат бауырдың құрылыстан хабары бар. Кірпіш өре алады. Аузын бассаң, барлық жағы сөйлей беретін Бақыт марқұм аспаз. Тыр-тыр қасынып жүріп бізге тамақ пісіріп береді. Қыдырбек екеуміз қара жұмысшымыз. Цемент қайырамыз. Лай илейміз. Аналарға кірпіш жеткізіп береміз. Негізі қара жұмысшы үшеу болу керек едік. Асқар Алтай. Дәл өзі. Бүгінде қазақтың маңдайалды жазушыларының бірі. Оның кейін атақты жазушы болатынын қайдан білейік. Дауласқанда басының қан тамырлары адырайып, қызарып кететіндіктен әзілдеп қызылбас дейтінбіз. Қолын кірпішке қыстырып алды ма, әлде күбірткі шықты ма, сұқ саусағы жарақаттанып қалды. Таңертең жұмысқа кетеміз. Асқар тыр-тыр қасынған Бақыттың қою шайын қанып ішіп, түске таман сұқ саусағын (орап тастаған) шошайтып қасымыздан аурухана жаққа өтеді. Қолы тапанша сияқты. Біраз әжуалаймыз. Қасқа біз жаққа бір қарамайды да.
Трактор жоқ. Қыдырбек екеуміз трактормыз. Ауыр, қырық-елу келілік бардюрларды көтеріп, балабақшаны абаттандырдық. Кеген – таулы жер. Кеші суық. Жұмыстан соң колонкадағы суық суға белуардан шешініп сақ-сақ күліп жуынамыз. Қол босаса Кегеннің өзенінен форель аулаймыз. Жасаған берген Жанарбектің Жалаңаштағы тау өзеніне де шомылдық.
Студент кезінде-ақ Қыдырбек спорт туралы мақалалар жаза бастады. Біздің қолдан келетін көмек, филолог болған соң тыныс белгілерін түзеп қоямыз. Оқу бітті. Алматыда қалудың бір мүмкіндігі болды. Әкей үйге қайт деді. Ауырып жүр еді. Менен кейінгі ұл Данияр әскерде. Кішісі Ерсайын жас.
Әке сөзіне қарсы тұру қайда. Қайттық. Ауылда орын болмады. Көрші ауылға мұғалім болдық. Әскерге әкетті. Шәмші Қалдаяқов көкеміз әскери борышын өтеген Сахалиндегі Анива қаласында солдат болдық.
Қайттық. Қыдырбектің үйіне түстім. Сол үйде қазақтың тағы бір талантты ұлы Бауыржан Омаровпен таныстым. «Лениншіл жаста» қуатты жастар қызмет етіп жатыр еді. Кетерде Қыдыр дос ақылын айтты. – Алматыға қайт, – деді. Ауылда – мықты болсаң мектеп директоры боларсың. Наның көтерілсе аудандық білім бөлімінің басшысы боласың. Болды ғой. Мен квартира жалдап тұрамын. 60 сом айлығым бар. Соның қырық сомын орыс кемпірдің жалға берген жертөлесіне төлеймін. Қаламақыны үнемдеп, екі баламды асырап келемін. Алдан үмітім бір. Тіпті ешкім болмағанда туыстарымыз келсе түсетін шаңырағы болармыз. Әкейге айт та қайт. Не көрсек те бірге көрейік.
Айттым. Әкейге. Өзі де ширығып жүр екен. «Сөзімді жерге тастамай келгеніңе рахмет, балам, – деді. – Үйіріңнен бекер айырдым деп өзім де өкініп жүр едім. Данияр армиядан келді. Енді бізге алаңдама. Алматыңа, достарыңа бар».
Келдім. Қыдырбек, Бауыржан, Әнуарбек тілеулес болып, «Лениншіл жасқа» қызметке алдырмақ болды. Бас редактор ыңғай білдіргенімен, екінші басшы «бізге мұғалім емес, журналист керек» деді. Сөз тәмам. «Қазақстан пионеріне» корректор болып кеттік.
Қыдырбектің ұстаздары – атақты Сейдахмет Бердіқұлов, Несіп Жүнісбаев бастаған қасқалар. Менің ұстазым – Қыдырбек. Қолымыз сәл босаса мойнымыз қылқиып, спортшылардың жанынан табыламыз. Ірі жарыстардың бәріне барамыз. Он шақты жігіт отбасымызбен араласып, бар мерекені бөліп алғанбыз. Кім не жазды, не жазып жүр. Талқылау. Бәрі керім. Қызғаныш деген қандарында жоқ, шығармашылық жарыс бар.
Осылай өстік. Кезінде «мұғалімсің» деп алмай қойған «Жас Алаштың» спорт бөлімін басқардық. «Егемен Қазақстан» шақырды. Сауытбек аға, марқұм Ержұман аға, Жанболат аға редакциядағы спорт жазатын журналистерге таңдау түскенде өңірде, Шымкентте жүрген біз тақырды Бейжің олимпиадасы ойындарына аттандырды. Ұлттық Олимпиада комитетінің олимпиада, халықаралық жарыстарға жіберетін тізімдегі төрт журналисттің бірі болдық. Бірі – фотокор. Екеуі «Казахстанская Правда» мен «Про Спорт» газеті. Қазақ тіліндегісі – біз.
Қыдырбек ұстаздың арқасында осындай жетістіктерге жеттік. Қызылорда облысында «Egemen Qazaqstan» тілшісі болып жүргенімде Ғалым Сүлейменов ініміз телефон шалып тұрды. Қыдырбек аға сізді қатты бағалайды. «Бақтиярды сыйлаңдар. Ол мықты. Оның кейбір мақалаларын оқығанда мен неге Бақтиярдай жаза алмаймын деп жылаймын», дейді екен.
Шынын айтсақ, біздікі спортты қосарға қос ат алып қуған Қыдырбектің журналистикасының қасында ет пен терінің арасындағы желік қой. Егеменге спорттан өзге тақырыптар көп керек.
Қыдырбек шын мәнінде ұлтшыл жігіт. Оңтүстікте спорт басқармасының басшысы болды. Лондон олимпиадасына бірге бардық. Ол кезде сырттан келемсек спортшылар көп шақырылады. Оңтүстікте де көп. Олар жеңіп жатса, бөркіңді аспанға атып қуанасың. Қыдырбек түк те қуанбайды. «Бұлар – ақша, даңқ үшін уақытша келген адамдар. Ертең еліне кетеді. Біз бұларға малданбай өз қазағымызды дайындауымыз керек» дейді. Өзі солай істеді. Астанадағы Қажымұхан атындағы спорт колледжінде директор болғанда бір шоғыр спорт жұлдыздарын әр спорт түрі бойынша дайындады. Арасында әлем чемпионы Мерей Ақшаловтай жампоздар бар.
Қазақ азаттығы үшін аттан түспеген, басы кеткенше империямен жағаласқан «Кейкі мерген» атынан садақ атудан халықаралық турнир өткізген, бастамашы болған да осы Қыдырбек.
Қырық жыл қасында жүріп байқағаным, Қыдырбек қазақ ұлты асқақтау үшін жүрегін суырып беруге бар азамат. Онысын айқайлап істемейді, жүйе-жүйесімен жасайды. Кезінде елеусіз қалған Мақсұт Омаров туралы індетіп жазып, басына бейтін көтеруге бастамашы болған Қыдырбекке ұстазы Сейдахмет Бердіқұлов бата берген екен.
Ұстазының батасы қабыл болды. Бүгінде ол қазақ спортының бар тарихын таразылап, жүйеге келтірумен айналысып жатыр. Өңір-өңірдің спорт даму динамикасын жасап, бақайшағына дейін талдау жасай алатын жалғыз да бірегей сарапшы өзі.
Онысы, әрине, спорт функционерлеріне ұнай да бермейді. Қыдырбектің қарымын байқаған министр Дәурен Абаев спортқа ғылыми талдау жасайтын орталықтың басшысы етіп тағайындады. Бұл – үлкен мүмкіндік. Досым әрі ұстазым болған азаматтың 60 жылдығында айтқымыз келгені осы еді. Ол бүгінгінің Бұқар жырауы ғой.
Бақтияр Тайжан