Газетіміздің өткен сандарының бірінде дзюдодан Қазақстан құрама командасының Гранд Слам жарысында жеткен жетістіктеріне тоқталған едік. Бүгін оқырмандар назарына «Шеберлер» (IJF Masters) сайысында суырылып шыққан сайыпқырандар туралы әңгімелейміз.
«Шеберлер» турнирі дәрежесі жағынан Олимпиада мен әлем чемпионатынан кейінгі үшінші турнир саналады. Оған әр салмақ дәрежесі бойынша дүние жүзінің ең мықты деген 16 дзюдошысы қатысады. Балуандар әлемдік рейтинг арқылы, яғни, ең үздік дегендер іріктеліп алынады. Жеңіске жеткен балуандар 1800 ұпайға ие болады. Күміс жүлдегерге 1260 ұпай берілсе, қола жүлдегерлерге 900 ұпайдан, бестікке кірген балуандарға 648 ұпайдан үлестіріледі.
Мойындау керек, Қазақстан балуандары бұл жарыста жиі жеңіске жете бермейді. Бұған дейін жазғанымыздай, Гранд Сламнан Қазақстан балуандары барлығы 45 медаль жеңіп алса, «Шеберлер» айқасында 8 медальға ғана қол жеткіздік. Оның 2-і алтын медаль болса, 1-і күміс, қалғаны қола медаль.
Сонымен олар кімдер?
Максим Раков (100 КЕЛІ) –
2012 жылғы «Шеберлер» жарысының жеңімпазы, екі мәрте қола жүлдегері (2010, 2010)
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық тарихында талай шыңды бағындырып, әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғаған балуандардың бірі Максим Раков десек артық айтқанымыз емес. Қарағанды мектебінің түлегі 2010 жылы Оңтүстік Кореяның Сувон қаласында ұйымдастырылған «Шеберлер» жарысында қола жүлдеге ие болды.
М.Раков Кореядағы жетістігін араға тура бір жыл салып, Әзербайжанның Баку қаласында қайталады. 16 мықты қатысқан турнирде қола медальды қанжығасына байлады.
2012 жылы «Шеберлер» сайысы Алматы қаласында өткізілгені баршамызға белгілі. Мұндай аламан бәйгенің өтуіне сол кездегі Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Бекет Махмұтовтың есімін ерекше атап өткен жөн. Бекет ағамыздың абыройының арқасында турнир Алматыда ұйымдастырылып, оған 9 Олимпиада чемпионы, 30-дан астам әлем чемпионаттарының жүлдегерлері қатысты.
Алатау баурайындағы аламанда 100 келі салмақта күрескен Максим Раков алтынмен апталды. Дәл сол кезде Максим команданың нағыз лидері еді. Ол іріктеу кезеңінде қарсыластарын бет қаратпады. Жартылай финалда 2010 жылғы әлем чемпионы, жапониялық Такамаса Анаи да қарағандылық балуанның қаһарына төтеп бере алмай, таза («иппон») жеңілді. Ал финалда отандасымыз Олимпиаданың (2008) қола жүлдегері, нидерландтық Хенк Гролды ұтты.
Гүлжан Исанова
(+78 келі) – 2012 жылғы «Шеберлер» сайысының қола жүлдегері
Гүлжан Исанованың Қазақстан дзюдосына қосқан үлесі орасан зор. Аса ауыр салмақта ел намысын абыроймен қорғады. Осыдан екі жыл бұрын үлкен спорттан кетіп, бапкерлік жолға түсті.
Гүлжан өзінің спорттық ғұмырында 20-ға жуық халықаралық жарыстың жүлдесіне ие болды. Солардың арасында ең бағалысы – «Шеберлер» сайысының қола жүлдесі.
2012 жылы Алматыда өткен «Шеберлер» турнирінде Қазақстан балуандары 1 алтын, 1 қола медаль жеңіп алса, сол қола медальдың иесі – Гүлжан Исанова.
1/8 финалда Гүлжан украиналық қарсыласын «вазари» әдісімен жеңіп, ширек финалда 2010 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, жапониялық Мэгуми Татимотодан айласын асырды. Жартылай финалда отандасымыз Бейжің олимпиадасының чемпионы, 2011 жылға дейін әлемнің бес дүркін жеңімпазы атанған қытайлық Тун Вэньмен татамиге шығып, өкінішке қарай, таза жеңілді. Дегенмен, Гүлжан қызымыздың шеберлер арасында алған жүлдесі біз үшін үлкен жетістік. Әзірге қыздар арасында Гүлжанның жүлдесі жалғыз. Талай жыл еліміздің намысын қорғап, әлем және Олимпиада ойындарынан медаль алған Отгонцецег Галбадрахтың өзі «Шеберлер» жарысына қатысқанымен жүлде алмай қайтты.
Сергей Лим (66 келі) –
2013 жылғы «Шеберлер» жарысының жеңімпазы
66 келі салмақта ел намысын қорғаған Сергей Лим үлкен спортта ұзақ жүрмеді. Десек те, дзюдо мамандары Лимнің әлеуеті жоғары спортшы болғанын көп айтады. Ол 2012 жылы Азия чемпионатында топ жарып, 2013 жылы Түменде (Ресей) өткен «Шеберлер» турнирінде бас жүлдеге ие болды. 1/8 финалда әзірбайжандық балуанды жеңсе, ширек финалда ресейлік Алим Гадановтан айласын асырды. Гадановтың сол кезде әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы деген атағы бар-тұғын. Тіпті 66 келідегі бас жүлдеден басты үміткер еді.
Финалға шығар жолда, яғни, жартылай финалда Сергей Лим француз балуаны Давид Ларозды жеңсе, финалда жапониялық Томофуми Такадзёні мерзімінен бұрын ұтты.
Елдос Жұмаханов
(66 келі) – 2017 жылғы «Шеберлер» жарысының күміс жүлдегері
«Шеберлер» турнирінің жүлдесі араға төрт жыл салып, елімізге қайта оралды. Сергей Лимнің алтын медалінен кейін қаншама балуандарымыз тер төксе де, қола медальдың өзі бұйырмай келген еді. Абырой болғанда, 2017 жылы Санкт-Петербордағы (Ресей) жарыста Елдос Жұмаханов финалдан бір-ақ шықты.
Елдос бұл турнирде 66 келі салмақта күресті. Алдымен Ресей балуанын жықса, артынша жартылай финалдың жолдамасын әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, бразилиялық Шарлес Тибанамен сарапқа салып, таза ұтты. Жартылай финалда Елдос грузин мықтысы Важа Маргвелашвилиге дес бермеді. «Иппон» әдісімен алып ұрып, финалға шықты. Грузин балуаны сол кезде Еуропа чемпионы болатын.
Өкінішке қарай, Елдос Максим Раков пен Сергей Лимнің жеңісті жолдарын жалғастыра алмады. Алтын медаль үшін болған айқаста моңғолиялық Херлен Ганболдтан ұтылып, күміс медальді қанағат тұтты.
Елдос былтыр үлкен спорттан біржолата қол үзді. Өзінің спорттық карьерасында Гран-при бәсекесінде төрт медаль (1 алтын, 1 күміс, 2 қола) алды. Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері. Үш дүркін Азияның қола медаль иегері. Сонымен қатар осыдан төрт жыл бұрын Джакартада өткен Азия ойындарында қола медальға қол жеткізген балуан. Бұл атақ-дәрежелеріне «Шеберлер» сайысындағы күміс жүлдені қосыңыз. Елдос Жұмаханов қазақ спортының тарихында, оның ішінде дзюдо спортында өзіндік қолтаңбасын қалдырған балуандардың бірі әрі бірегейі.
Елдос Сметов (60 келі) –
2018 жылғы «Шеберлер» жарысының қола жүлдегері
2018 жылдың желтоқсан айында Қытайдың Гуанжоу қаласында өткен «Шеберлер» сайысында Қазақстан құрамасының балуандары бірден екі қола медальға ие болды. Оның бірі 60 келіде күрескен Елдос Сметовтің еншісінде.
Елдос Сметовті таныстырып жатудың өзі артық. Олимпиада, әлем, Азия сияқты жарыстарда үздіктер қатарынан көрінген Елдос батырымыз «Шеберлер» сайысынан да құр қайтпапты.
2013 жылы Түменде (Ресей) ұйымдастырылған «Шеберлер» турнирінде Елдос Сметов үздік бестіктен көрінді. Бұл оның аталған турнирге алғаш рет қатысуы еді.
Гуанжоуда Елдос басқалар сияқты емес, жарысты 1/16 финалынан бастады. Оған алғашқы қарсылас болып, америкалық Адонис Диас шықты. Әлемдік рейтингте үздік 16 балуанның қатарына кірген Адонис Панамерика құрлығында талай жүлде алып жүрген тәжірибелі балуан болатын. Бірақ Елдос оны көп ұзатқан жоқ, «иппон» әдісіне салды да белдесуді ерте аяқтады. Одан кейін испаниялық Франсиско Гарригосты, ресейлік Альберт Огузовты, өзбекстандық Шарафиддин Лутфиллаевты жеңіп шықты. Бірақ жартылай финалда ресейлік Роберт Мшвидобадзені ұтуға мүмкіндігі болмады. Қола медаль үшін белдесуде Ресейдің тағы бір балуаны Ислам Яшуевтан айласын асырды.
Елдос Сметов Токио олимпиадасынан кейін 66 келіге ауысты. Ол бұрынғы салмағында Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері (күміс-2016, қола-2021). 2015 жылы әлем чемпионы. 2019 жылғы әлем чемпионатынан қола медаль жеңіп алды. 2014 жылы жазғы Азия ойындарында Қазақстан дзюдошыларының ішінде бірінші болып, чемпион атанды. Жалпы, бүгінге дейін оның еншісінде 30-ға жуық халықаралық жарыстардың жүлделері бар.
Ислам Бозбаев (90 келі) –
2018 жылғы «Шеберлер» жарысының қола жүлдегері
Ислам Бозбаев та былтыр Елдос Сметов сияқты салмақ ауыстырды. Ол оған дейін 90 келіде күрессе, бүгінгі таңда 100 келіде бағын сынап жүр. 90 келіде жүргенде қарағандылық балуан Grand Prix жарысында екі рет жеңімпаз атанды. Бір рет Гранд Сламда топ жарды. «Шеберлер» турнирінде 2018 жылы жеңіп алған қола медалі де бар.
Гуанжоуда Елдос Сметовпен бірге Ислам Бозбаев та қола жүлдеге ие болды. Алғашқы жекпе-жегінде кубалық Сильва Моралестен басым түссе, одан кейін ресейлік Михаил Игольникті ұтты. Жартылай финалда испан туы астында өнер көрсететін грузин жігіті Николоз Шеразадишвили Ислам Бозбаевтың қателігін сәтті пайдаланып кетті.
Ислам жартылай финалдағы қателігінен қорытынды шығарды ма, одан кейінгі белдесуінде чехиялық қарсыласына дес бермей, «Шеберлер» турнирінің қола жүлдесін жеңіп алды.
Едіге Ораз