Футбол

УЕФА Конференция лига­сында «Тобыл» мен «Қызылжар» жарады, «Қайрат» пен «Астана» жерге қарады

УЕФА Конференция лига­сының іріктеу кезеңіне қатысып жатқан қазақстандық төрт командадан бірінші болып Қостанайдың «Тобылы» турнирдің үшінші айналымына жолдама алды. Алғашқы ойында Гиб­рал­тардың «Линкольн Ред Импс» клубынан басым түс­кен жерлестеріміз қарымта кездесуде де жеңіске жетті.

Осыдан бір апта бұрын «Тобыл» Қостанайдағы «Орталық» стадионда Гибралтар чемпионатының 26 дүркін жеңімпазы – «Линкольн Ред Импс» клубымен шеберлік байқасып, 2:0 есебімен басым түскен болатын. Сол кездесуде шабуыл­шы Айбар Жақсылықов пен қорғаушы черногориялық Жар­ко Томашевич гол соғып, жергі­лікті жанкүйерлерді қуантқан еді. Ал сейсенбі күні кешкісін Гиб­рал­тардағы бес мың жан­күйер сыятын «Виктория» ста­дио­нындағы қарымта кездесуде Ми­лан Миланович шәкірттері қарсыластарынан 1:0 есебімен айласын асырып, Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алды. Бірінші матчтағы басымдықтан кейін жауапты кездесудің фавориті саналған «Тобыл» сырт алаңдағы бәсекенің алғашқы минутынан бастап ойын тізгінін қолына алып, алаң иелерін біраз әбігерге салды. Кездесудің 30 минутына дейін жергілікті футболшылар «Тобылдың» қарқынына төтеп бергенімен, әрі қарай шамасы жетпеді. Сөйтіп, кездесудің 31-минутында сербиялық легионер Зоран Тошич қарсыластың айып алаңында бірнеше футболшыны еркін алдап өтіп, жеке шеберлігінің арқасында Дэйл Коулинг қорғаған қақпадан саңылау тапты – 1:0. Бірінші таймның соңына дейін біздің жігіттерде есепті еселейтін бірнеше мүмкіндік болғанымен, шешуші сәтте мүлт кетіп жатты.
Үзілістен кейін де «Тобыл» футболшылары шабуылын бәсең­деткен жоқ. Екінші 45 минуттың ішінде қостанайлықтар «Линкольн Ред Импс» қақпасына 10 соққы жасап, оның төртеуін қақпаға дәл ба­ғыттады. Алайда Дэйл Коулинг қырағылық танытып, қақпасы­на бірде-бір гол өткізген жоқ. Алаң иелері екінші таймда екі мәрте қауіпті шабуыл ұйымдас­тыр­ғанымен, Мокиннен айласын асыра алмады. Осылайша, екі матч­тың қорытындысы бойынша 3:0 есебімен жеңіске жеткен «Тобыл» турнирдің келесі сатысына шықты.
Жерлестеріміз Конференция лига­сының үшінші айналымында «Зринь­ски» (Босния және Герцеговина) командасымен 4 тамыз­да сырт алаңда кездеседі.
Ал бейсенбі күні Қазақ­станның үш командасы – «Астана», «Қай­рат» және «Қызылжар» Кон­ференция лига­сының екінші ірік­теу кезеңін­дегі қарымта матчтарын өткізді.
Сырт алаңда Польшаның «Ра­кув» клубынан 5:0 есебімен ойсырай жеңілген «Астана» өз алаңында қатырып ойын өрнегін көрсете алмай, 0:1 есебімен есесі кетті. Осылайша елорданың командасы қарсыласына бірде-бір гол соға алмай, турнирді ерте аяқтады.
Алматының «Қайраты» да «Аста­наның» күйін кешті. Алматыда Ма­жарстанның «Кишварда» клубынан 0:1 есебімен жеңілген қайраттықтар сырт алаңда да осындай есеппен есесі кетті.
Бұл жерде «Қызыл­жар» кішігірім сенсация жасады. Петропавлдағы футбол стадионы УЕФА-ның талаптарына сай келмегендіктен, «Қызыл­жар» Конференция лига­сы аясындағы ойынды «Астана-Аренада» өткізуге мәжбүр болды. Қызылжарлықтар алғашқы матчта Хорватияның «Осиек» 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Осы ойыннан кейін мамандар мен жанкүйерлер түзде өтетін қарымта ойында «Қызыл­жардың» жеңіске жететініне күмәнмен қараған еді. Алайда Әли Әлиев жаттықтыратын команда Хорватияда барын салып, қарсыластарын 2:0 есебімен жеңіп кетті. Аталған команда үшінші іріктеу кезеңін 4 тамызда сырт алаңда Кипрдің АПОЭЛ командасы қарсы ойнайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button