БастыЖеңіл атлетика

Нора Джеруто кениядан келген спортшы туралы не білеміз?

Шілде қазақ спорты үшін ерекше ай болды. Алдымен Елена Рыбакина теннистен «Уимблдон» турнирінде топ жарса, одан кейін жеңіл атлет Нора Джеруто АҚШ-та өткен әлем чемпионатында жеңіске жетті.

Токиоға барғанда, Олимпиада чемпионы атанар еді

Бокс, ауыр атлетикадан отандастарымыз әлемдік аренадан медаль алып жатса, ешкім таңғала қоймайды. Өйткені қазақ баласының бұл спорт түрлеріне икемі бар. Бұған дейін талай рет үздіктер қатарынан табылғанбыз. Ал теннис секілді ақсүйек спорттан «Үлкен дулыға» санатындағы турнирді бағындыру бұрын-соңды мүмкін емес секілді көрінетін. Сол секілді жеңіл атлетикадан Олимпиада ойындарында қос Ольгамыз (Шишигина мен Рыпакова) чемпион болғанымен, әлем біріншілігінде алтын бұйырмаған. Ол олқылықтың орны осы жолы толды.
Бір ерекшелігі, теннистегі Рыба­кина да, «спорт падишасы» саналатын жеңіл атлетикадағы Нора Джеруто да Қазақстанға осыдан 4-5 жыл бұрын келген легионерлер. Екеуінің де спорттағы тұсауы өзге елде кесілген. Қазақстан тек олардың ересектер арасындағы бәсекелерге еркін қатысуына мүмкіндік жасады. Өз кезегінде қыздарымыз сенімді ақтады.
Сонымен, Нора Джеруто деген кім? Ол Қазақстанға 2017 жылдың аяғында келген. Жалғыз емес. Қасында отандастары – Каролин Кипкируи, сіңлісі Дэйзи Джепкемей бар. Сосын Шадрак Коеч да осы қыздармен бірге жүр. Бірақ ол әлі азаматтық мәселесін шешкен жоқ. Сол себепті әлем чемпионатына қатыса алмады.
Кенияның төрт спортшысы да Қазақстанның атынан жарыстарға қатысуға рұқсатты 3 жыл күтті. Джеруто, амал жоқ, Токиодағы Олимпиадан тыс қалды. Бақ сынағанда оның осы көрсеткішімен алтынды оп-оңай жеңер еді. Атап айтсақ, Күншығыс елінде 3 шақырымға кедергілер арқылы жүгіруден чемпион атанған угандалық Перут Чемутаидың нәтижесі Джерутодан 8 секундқа төмен.
Нораның қайта пандемияның арқасында жолы болды. Тіпті әлем чемпионатына да қатыспас еді. Коронавирусқа байланысты дүниежүзілік дода бір жылға кеш өтіп отыр. Соның арқасында рұқсат алып үлгерді.
Ол Кенияда жүргенде 16 жасында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарған. Ал Қазақстанға 23 жасында келді. Осындай әлеуеті жоғары спортшының отанын тастап кетуге өзіндік себебі бар. Қазіргі кезде Африканың талантты жеңіл атлеттері түзу жалақы төлей алатын елдерді жағалап жүр. 2018 жылы жазғы Азия Ойындарында Бахрейн осындай африкалық спортшыларды жинап, 12 алтын жеңіп алды.

Кенияда спортшыларға жалақы төленбейді

Нораның агенті Джанни Демадоннаның айтуынша, Кенияда спортшыларға жалақы төленбейді. Тек біздегі ЦСКА мен «Динамо» секілді қорғаныс пен полиция клубтарының намысын қорғаса ғана болмашы алады екен.
– Тіпті армияның атынан қатысса да, әрі кетсе айына 400 доллар төленеді. Жалғыз жол – коммерциялық жарыстарға қатысып, жүлде алу. Сол себепті барлығына бара береді. Нора Қазақстанда Altai Athletics клубының мүшесі. Мұнда оның оқу-жаттығу жиынының шығынын, бапкерінің жалақысын, массажист пен физотерапевтінің жалақысын төлеп беріп отыр. Оларға жақсы жалақы қарастырылған, – дейді Джанни Демадонна.
Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясы кениялық атлеттер Altai Athletics клубында 350-750 мың теңге көлемінде жалақы алатынын айтқан. Демадонна Кения үшін тәп-тәуір ақша екенін айтып отыр. Сосын «Гауһар лигасының» кезеңдеріндегі жеңіс үшін алатын сыйақы бар. Кенияда мұндай бонустар қарастырылмаған.
Нораның әлем чемпионатындағы алтыны үшін Қазақстан үкіметі 15 мың АҚШ доллар береді (7 204 350 теңге). Бұл Үкіметтің 2020 жылғы 27 наурыздағы №152 қаулысына сәйкес төленеді. Одан бөлек, Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы әрбір сайыс түрінен жеңімпаз атанғандарға 70 мың доллар төлемек.
Altai Athletics клубы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен құрылған. Кейіннен Ахметов жеңіл атлетика федерациясының да президенті болды. Кениялықтар Қазақстанға алғаш 2017 жылы келді. Сосын арада бір жыл өткенде азаматтық алуға өтініш білдірген. Бұрын жеңіл алетикадан халықаралық жарыстарға қатысуға төлқұжат көрсету жеткілікті еді. Сол 2018 жылы жағдай өзгеріп кетті. Азаматтық ауыстырған спортшыларға 3 жыл карантинде отыруды міндеттеген. Джеруто тіпті артығымен 3,5 жыл орындады.
– Әрине, карантин туралы білдік. Нора таңданысын жасырмады. Осыншалықты ұзаққа созылады деп ешкім ойлаған жоқ. Тіпті, Халықаралық федерацияға 2020 жылы өтініш жасаған. Бірақ қайтарып жіберді. Қазақстан атынан жарыстарға қатысуға рұқсатты 2022 жылдың 21 қаңтарында алдық. Егер шенеуніктер сәл ертерек тырысқанда, бұдан жарты жыл бұрын да мүмкіндік берер еді. Онда Нора Токио Олимпиадасын да жеңіп қалар ма еді? – дейді спортшының агенті.

Қазақстанға жылына екі-ақ рет келеді

Джанни Демадонна Джеруто Токио Олимпиадасын теледидардан көргенде Кениядан кеткеніне аздап өкінгенін, ал қазір оның бәрі артта қалғанын айтып отыр.
Кениялық атлеттердің Қазақстанға келуіне осы төрт спортшының бапкері Кен Ротичтің рөлі зор. Ол әлемнің бірнеше елімен жақсы қарым-қатынаста екен.
– Кен өзіне жалақы іздеді. Алдымен Әзербайжанмен, кейін Қазақстанмен хабарласты. Қазақстанда бұл кезде топ-спортшылардан Ольга Рыпакова ғана болды. Сондықтан кениялықтарды өз қатарына қосуға келісті, – дейді агент.
Нораның Қазақстан азаматтығы алғанымен, өмірінде көп өзгеріс жоқ. Өйткені олар көп уақыт Найробиде өткізеді. Қазақстанға жылына тек екі рет келеді. Оның өзі қысқы және жазғы ел чемпионаттарына қатысу үшін ғана. Қыста Өскеменнің аязына шыдай алмаған.
Демадоннаның айтуынша, кениялықтар қазақша мүлдем түсінбейді. Азаматтық алар кезде негізі Әнұранды жатқа біліп, тілдің базалық курсынан өтуге тиіс.
«Нора Қазақстанға келгенінде күнінде 3-4 сағат сабақ оқиды. Әзірге көп ештеңе түсінбейді. Дегенмен 2-3 жылда жағдай өзгеріп қалуға тиіс», дейді агент.
Джеруто осы 3,5 жылдың ішінде өз рекордын 10 секундқа жаңартқан. Спортшының мұндай прогресс жасауы түсінікті. Егер оларға жақсы жалақы мен барлық жағдайды жасаса, нәтиже көрсетеді. Кенияда мұндай спортшылар ақша үшін барлық коммерциялық турнирлерге қатыса береді. Сондықтан артық күш түсіп, зорығып кететіндері жасырын емес.

Бек ТӨЛЕУ

Басқа жаңалықтар

Back to top button