Басқа спорт түрлеріСаламатты Қазақстан

Түйе балуан Кенжебек

…Осынау орта бойлы, мығым денелі, сақал қойған шымыр жігітті күн сайын үй ауласынан жолықтырамын. Қасында 9 жастағы қағілез ұлы бар. Есімі – Ислам. Ата-анасының тәрбиесін көрген ақылды бала. Қашан көрсең де жүгіріп келіп амандасады. Ішің жылып қалады. Сөзге тартамын.

– Кімнің баласысың?
– Кенжебектің ұлымын. Әкем осыдан төрт жыл бұрын еркін күрес секциясына жаздырған. Бізді Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Сайболат Мырзабаев жаттықтырады. Үйірмедегі балалар шетінен мықты. Өзім екі-үш рет қалалық жарыста чемпион атандым, – деді Ислам.
Хош, сонымен Кенжебек Рахимовпен жақынырақ таныстым. Көршім 1965 жылы Зайсан қаласында дүниеге келіпті. Кезінде Қонаев Зайсанға келгенде тау етегіндегі жасыл ағашқа көмілген, көшелерде арық суы сарқырап ағып жатқан қала көркіне разы болып, «құдды бір Алматының макеті сияқты қала екен» деп сүйсініпті. Сол әсем қаладағы ауыл шаруашылығы мамандарын әзірлейтін училищені бітірген соң азаматтық борышын өтеуге аттанады. Келген соң Өскемендегі педагогикалық институттың дене тәрбиесі факультетіне оқуға түседі. Бала кезден күресті ұнатқан талапты жас жаттығуларын жалғастыра береді.
– Алғашқы бапкерлерім Жанәділ Атаев, Еркін Уанбаевтар жаттығуға кешігіп келсең қатты ұрсатын. Тәртіпті ұнататын. Алғашында сан рет ескерту алдық. Ақыры жаман болған жоқ. 1982-і жылы Өскеменде еркін күрестен облыс біріншілігі өтті. Бұл жолы үшінші нәтиже көрсеттім. Намыстансам да өкінішімді білдірмедім. Келесі жолы бапкерлерімді ренжітпеспін деп өзіме серт бердім.
Жаттығулар жалғаса берді. Қалада ол кезде ірілі-ұсақты жарыстар жиі өтетін. Көбіне топ бастап жүрді. 2001 жылдың сәуірінде еркін күрестен атақты бапкер, КСРО және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ю.И. Куропаткин атындағы республикалық жарыс өтті. Дүбірлі бәсекеге еліміздің түк­пір-түкпірінен ығай мен сығайлар келді. Бабындағы Кенжебек Рахимов 76 келі салмақта қарсыластарының барлығын қоғадай жапырып, чемпион атанды.
Бұдан кейін де Кенжебек Балтабайұлы еркін күрестен әр жылдары Қазақстанда өткен дүбірлі жарыстарда жүлдегер атанды, Зайсан ауданының бірнеше дүркін чемпионы атанды. 1993 жылы Марқакөлде өткен ауыл-село спортшыларының спартакиадасында алдына жан салмады. Зайсан қаласы мен Таврияда өткен халық ойындарында ауданның намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінді.
– Күрес десе ішкен асымды жерге қоямын. Зайсандағы М.Ломоносов атындағы орта мектептің үшінші сыныбында оқып жүргенде аудан орталығындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Досатай Хасеновтің қол астында жаттықтым. Ол бізді тәрбиеледі, шыңдады. Амал бар ма, өткен жылы коронавирустан қайтыс болды. Атақты бапкерді еске алатын уақыт жеткен сияқты. Тамызда өмірден озғанына бір жыл толады. Еске алатын турнир өткізсек, оң болар еді, – дейді көпшіліктің жайын ойлайтын балуан.
Кенжебек жұбайы Меруерт екеуі бала тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Отағасы Исламды жаттығуға өзі апарады, тәжірибесін жалықпай үйретеді. Исламнан болашақта мықты балуан шығатынына сеніміміз мол.
Жуырда Кенжебек тағы бір ірі жеңіске ие болды. Зайсанда өткен ардагерлер арасындағы дүбірлі жарыста түйе балуан атанды. Ақшалай сыйлықты иеленді. «Арманым ардагерлер арасында «лем чемпионы атану, ұлым Исламды да жеңіс тұғырынан көру», – дейді ерінбейтін, жалықпайтын ер мінезді Кенжебек Рахимов. Несі бар, орынды.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Қазақ спорты» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі

Басқа жаңалықтар

Back to top button