БастыДзюдо

Жерлестеріміз сары құрлық додасында атой салуы тиіс

Тамыздың 4-і күні Нұр-Сұлтан қаласында дзюдодан Азия чемпионаты басталады

Сары құрлықтың ең мықты деген татами шеберлері бас қосатын дүбірлі додада ерлер мен әйелдер жеті салмақта жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтайды. Халықаралық дзюдо федерациясы таратқан мәлімет бойынша Чемпионатқа 21 елден 200-ден аса дзюдошы қатысады. Жарыс 7 тамызға дейін жалғасады.

Қазақстан намысын кімдер қорғайды?

Қазақстанның ерлер құрамасы бұл күндері Щучинск қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Бас бапкер Нұрбол Сүлейменов Елордада ел намысын қорғайтын тоғыз балуанның тізімін жариялады. Бірден айтайық, бас бапкердің түзген тізімінде Елдос Сметов, Жансай Смағұлов сынды тәжірибелі балуандар жоқ. Елдос Токио олимпиадасынан кейін 66 келі салмаққа ауысқалы бері халықаралық жарыстарда жолы болмай жүргені жасырын емес. Ал, Жансай болса, жыл басында тізесінен алған жарақатын емдетіп, енді ғана қатарға қосыла бастады. Яғни, Азия чемпионаты сияқты жауапты жарысқа әлі дайын емес.
Десек те, өз елімізде өтетін сайыста намысты қолдан бермейтін жігіттер аз емес. Мәселен, 60 келі салмақта Нұрбол Сүлейменов екі балуанға сенім артып отыр. Олардың бірі жақында ғана Гран-при турнирінде топ жарған Мағжан Шамшаддин, екіншісі – Бауыржан Нарбаев.
66 келі салмақта Ғұсман Қыр­ғыз­баев күреседі. Ол осыдан үш жыл бұрын Біріккен Араб Әмірлігінің Фуджейро қаласында өткен Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алған еді. Сол кезде алматылық балуан ширек финалда жапон балуанынан жеңіліп, артынша қола медаль үшін болған белдесулерде Моңғолия мен Өзбекстан балуандарын ұтты.
73 келі салмақта Жансай Смағұ­ловтың орнын Данияр Шамшаев пен Ерлан Серікжанов жоқтатпайды деген сенімдеміз. Ерлан 73 келі салмаққа енді ғана бой үйретіп келеді. 2018 жылы 66 келі салмақта әлем чемпионатының күміс медалін жеңіп алған ол бір жылдан кейін Азия чемпионатында топ жарды. Өкінішке қарай, содан бері шығысқазақстандық балуанның жолы болар емес. 2020 жылдың қаңтар айында Тель-Авивтегі Гран-при жарысында күміс медаль алғаны болмаса, басқа халықаралық турнирлердің барлығында қарсыластарына тізе бүгіп, жүлдесіз қайтып жүрді.
Ұлттық құрамадағы ең тәжірибелі балуандардың бірі – Ислам Бозбаев. 100 келі салмақта күресетін алыбымыз екі рет Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. 2011 жылы ол финалда кәріс балуанынан ұтылса, 2017 жылы тәжік балуанына тізе бүгіп, алтын медальдан айырылды. Ер кезегі – үшке дейін. Қарағандылық балуан үшінші мәрте финалға шығып жатса, қарап қалмас. Оның үстіне Исламның бұл оныншы, яғни, мерейтойлық Азия чемпионаты. Екі күміс медальдан бөлек, оның еншісінде үш қола медаль бар.
Ерлан Алпысбаев баптайтын қыздарымыз да қара жаяу емес. Абиба Абужақынова, Севара Нышанбаева, Камила Берліқаш сынды бойжеткендері бар құрамаға осы Азия чемпонатынан бір-екі медаль бұйырып жатса, соның өзі зор жетістік. Былтыр Бішкекте өткен чемпионатта Абиба Әбужақынова финалға жетіп, айды аспанға шығарып еді. Содан бері ол жеңіске жетер жолды адаспай тауып жүр. Жақында Ұлан-Батырда өткен Гранд Слам бәсекесінде қола жүлде алып, тағы да жарқ етті. Ендігі көздегені – Елордадағы дода. Қазақстан дзюдо тарихында Гүлжан Исанова (2009) мен Отгонцецег Галбадрах (2019) қана Азия чемпионатында топ жарды. Енді осы екі қыздың қатарына Абиба Әбужақынова, Камила Берліқаш сынды бойжеткендеріміз қосылса…

Кіл мықтылар келе жатыр

Елордаға ат басын бұратын дзюдошылардың осал жоқ. Әсіресе, Жапония, Корея, Тайпей, Өзбекстан құрамаларында кілең «сен тұр, мен атайын» деген балуандар жиналған. Мәселен, 60 келі салмақта тайпейлік Ян Юнвэй мен жапониялық Рюдзю Нагаяма біздің Бауыржан мен Мағжанның басты қарсыластары. Ян Юнвэй былтыр Токиода өткен Олимпиада ойындарында күміс жүлде алған, нағыз тісқаққан балуанның өзі. Рюдзю Нагаяманың да аты алысқа кеткен. Гранд Сламда тоғыз мәрте топ жарған жапон самурайының әлем чемпионы деген атағы да бар. Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, корей Ким Вон Джин де осы 60 келі салмақтың бәсін қыздырады.
66 келі салмақтағы Ғұсман Қырғызбаевқа да біраз мықтылардың мысын басуға тура келеді. Қазақстан балуаны рейтинг бойынша өз салмағында бесінші болып тіркелді. Яғни, оның алдында төрт балуан, атап айтсақ, екі моңғол, бір жапон және өзбек балуаны тұр. Жапонның жайы белгілі. Дзюдо күресін төл күресіміз деп танитын күншығыс елінің өкілдері қай салмақта болмасын бас жүлдеден басты үміткер саналады. Өзбектің де осалы жоқ. Осы жарысқа олар Мухриддин Тилоловты жібермекші екен. Мухриддин талай Гран Слам сайысына қатысып, бірнеше мәрте жүлде алып жүрген балуан. Дегенмен Ғұсман Қырғызбаевқа жапон мен өзбек балуандарына қарағанда Моңғолияның қос балуаны басты қарсылас болуы мүмкін. Өйткені, дәл осы салмақта моңғолдардың бағы жанып жүр. Мәселен, Басху Ёндонпэрэнлэйн былтырғы әлем чемпионатының қола жүлдесін жұлып түскен балуан. Онымен бірге келетін моңғолдың тағы бір балуаны Баттогтох Эрхембаяр болса кеше ғана Гранд Слам турнирінде қарсылас шақ келтірмей жеңімпаз атанды.
73 келі салмақта Олимпиаданың қола жүлдегері, екі рет әлем чемпионатының күміс медалімен күптелген Цэнд-Очирын Цогтбаатарды да дзюдо жанкүйерлері жақсы таныса керек. Ол Ерлан Серікжановтың басты қарсыласы.
100 келі салмақ дәрежесінде күресетін Ислам Бозбаевтың басты қарсыласы кім дегенде, бір ғана есімді атай салсақ, соның өзі жетіп жатқан сияқты. Иә, Елордаға Олимпиада және әлем чемпионы Аарон Вольфтың өзі келе жатыр. Дзюдоға тиесілі атақ-дәреженің барлығын дерлік жинаған жапон балуаны былтыр Азия чемпионатында топ жарып еді. Енді биыл тағы қатыспақшы.
Қыздар арасында 48 келі салмақта да бәсекелестік өте күшті болғалы тұр. Жапон қызы Вакана Кога жастар арасында әлем чемпионы атанған балуан. Кореялық Ли Хе-Кёнгтің де дәл осындай атағы бар. Бұл салмақта ел намысын қорғайтын Абиба Әбужақыноваға Азия чемпионаты оңай болмайын деп тұр.

Елімізде екінші рет

Дзюдодан Азия чемпионаты елімізде екінші мәрте өткізілгелі тұр. Осыдан 18 жыл бұрын, яғни, 2004 жылы ару қала Алматыда ересектер арасында Азия чемпионаты ұйымдастырылып еді. Сол сында біздің қыз-жігіттер 3 алтын, 2 күміс, 4 қола медаль жеңіп алып, айды аспанға шығарды. 60 келіде Базарбек Донбай, 66 келіде Мұратбек Қыпшақбаев, 100 келіде Асқат Житкеев өз салмақтарында қарсылас шыдатпай, Азияның алды болды.

Өзбектерден оза аламыз ба?

Қазақстан дзюдошылары Азия чемпионатына 1993 жылдан бері қатысып келеді. Содан бері біздің қыз-жігіттер Чемпионаттың 106 медалін жеңіп алыпты. Оның 13-і алтын, 22-сі күміс, 71-і қола медаль. Мұндай көрсеткіш бойынша Жапония балуандары алдарына жан салмай келмейді. 1966 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан жарыста жапондар 336 медаль алыпты. Оның 156-ы алтын, 80-і күміс, 100-і қола медаль. Екінші орында Корея – 87 алтын, 88 күміс, 118 қола медаль. Үшінші сатыда Қытай орналасқан – 54 алтын, 33 күміс, 92 қола медаль.
Көршілес Өзбекстан да Қазақстан сияқты Азия чемпионатына 90-шы жылдардың орта тұсында қатыса бастады. Олардың осы күнге дейінгі жетістігі 76 медаль. Оның 14-і алтын, 16-ы күміс, 46-ы қола медаль. Яғни, алтын саны жағынан өзбектер бізден бір медальға озып тұр.

Едіге Ораз

Басқа жаңалықтар

Back to top button