10-18 қыркүйек аралығында Сербияның Белград қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Бұл бәсекелерде барлығы 30 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Бұған еліміздің балуандары да қатысады.
Күрестің үш түрінен өтетін әлем чемпионатынан Ресей балуандары тыс қалып отыр.
– Әлем чемпионаты біздің қатысуымызсыз өтеді. Бұл шешілген мәселе. Ресей спорт төрелігі сотына (CAS) ешқандай апелляция түсірмеді. Өйткені одан ешқандай мүмкіндік көріп тұрған жоқпын, – дейді Ресейдің күрес федерациясының басшысы Михаил Мамиашвили.
Биыл наурыз айында Біріккен күрес әлемі (UWW) Халықаралық олимпиада комитетінің ұсынысымен ресейлік балуандарды халықаралық жарыстардан шеттеткен. Бұған, әрине, Ресей әскерінің Украина территориясына кіріп, соғыс ашуы себеп болып отыр.
Ресей балуандары тек соғыс аяқталған соң жарыстарға қатыса алады. Енді олар, амал жоқ, өздерінде өтетін спартакиадада бақ сынайды.
Енді әлемнің бес дүркін чемпионы Абдулрашид Садулаев, Заур Угуев, Гадижурат Рашидов, Абасгаджи Магомедов, Роман Власов, Загир Шахиев және тағы басқа дүлдүлдердің бәсекесін көре алмаймыз.
Есесіне еркін күресте Иран, Грузия, Түркия, АҚШ, Үндістан балуандарының жұлдызы жарқырауы мүмкін.
Грек-рим күресінде Куба, Әзербайжан, Грузия, Жапонияның да мықтылары бар.
Қыздардан онсыз да Күншығыс елінің спортшылары алдарына жан сала қоймайды.
Осы ретте қазақ балуандарына мүмкіндік туындады ма деп ойлайсың. Өйткені біздің балуандардың Олимпиададан басқа жылдың бәрінде өтетін әлем біріншілігінен алтын алмағанына талай жүздің жүзі болды. Соңғы рет 1999 жылы Мхитар Манукян Афинада жеңіске жеткен. Одан бері күрестің үш түрінен Әнұранды орындататын спортшы табу қиын болып тұр.
Әйтеуір 90-жылдары Бақтияр Байсейітов, Дәулет Тұрлыханов, Юрий Мельниченко, Мхитар Манукяндар грек-рим күресінен алтын алып үлгерді.
Ал еркін күрестен әлі күнге чемпион шықпаған. Мұндай сәтсіз серияның бір тоқтайтын күні болатын шығар.
Ең алғаш 1995 жылы Атлантада Елмәди Жабырайылов күміс медаль жеңіп алған. Шешенстанның тумасы Қазақстан азаматтығын алмас бұрын Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатында жүлде еншілеп, әбден танылып қалған болатын.
2017 жылы Батыс Қазақстан облысының тумасы Нұрлан Бекжанов Будапешттегі әлем чемпионатының финалында күресті. Өкінішке қарай, шешуші бәсекеде ресейлік Магомед Курбаналиевтен ұтылды. Десек те Бекжанов еркін күрестен әлем чемпионатының финалында белдескен тұңғыш қазақ екенін айта кетуіміз керек. Арада бір жыл өткенде Нұрислам Санаев Будапештте финалда Заур Угуевке есе жібергені бар. Тіпті осыдан 3 жыл бұрын елордада өткен әлем чемпионатында да финалға бір емес, екі қазақ баласы шығып, күміспен шектелді. Нұрқожа Қайпанов пен Дәулет Ниязбековтер өз салмақтарында Ресейдің балуандарынан айласын асыра алмады.
Қыздардан да алтын жоқ. Былтыр Жәмилә Бақбергенова үмітімізді оятып, Ослода алтынға таласқан. Өкінішке қарай, финалдық белдесуде Жапония балуаны біздің қызды әбден зерттепті. Алты минут бойы жапон қызы тек қорғанумен жүрді. Әдетте жапониялықтар қарсыластарын атойлап жүріп ұтатын. Жәмиләмен ашық айқасқа барса, жаза басатынын бапкерлері де, балуанның өзі де сезді. Жәмилә ә дегенде әдіс жасауға талпынған еді. Бірақ онысынан ештеңе шықпады. Керісінше, үш ұпайды қарсыласына беріп қойды. Жапон қызы Жәмиләнің әрбір қимылын аңдып, қарымтасын қайтаруға дайын тұрды. Жәмилә да жасқанды ма, әйтеуір, тәуекелге бара алмады.
Қазақстанның күрес тарихында бұған дейін төрт әйел спортшы әлем чемпионатының финалында күрескен. Олар: Елена Шалыгина (2008 жылы, 63 келі), Жұлдыз Ешімова (2010, 48 келі), Елена Шалыгина (2012 жылы, 67 келі), Гюзель Манюрова (2012 жылы, 72 келі). Барлығы да шешуші кезеңде жеңіліс тауып, күміс жүлде алған. Жәмилә Қазақстан қоржынына әлем чемпионатынан бесінші күміс медальді салды. Алайда жоғарыда аттары аталған төрт балуанның барлығы сырттан келген легионерлер екенін ескерсек, Ж.Бақбергенова әлем чемпионатының финалында күрескен тұңғыш жергілікті спортшы.
Қазіргі кезде Жәмилә 72 келі салмақта әлемдік рейтингте көш бастап тұр.
Айтпақшы, Белградтағы әлем чемпионатына қатысатын спортшылар арасында ерлі-зайыпты Нұрғожа мен Марина бар. Нұрғожа Қайпанов еркін күрестен бақ сынаса, оның жұбайы Марина Седнева әйелдер күресінде жүлдеге таласады.
Сондай-ақ 36 жастағы Елена Шалыгина да Қазақстан намысын қорғайды. Араға он жыл салып кілемге қайта оралған Бейжің Олимпиадасының жүлдегері үшін әлем чемпионаты маусымдағы төртінші жарысы болмақ. Әйелдер күресінен егіз балуандар Мадина мен Жамилә Бақбергеновалар да өз шеберліктерін ортаға салады.
Дүбірлі жарыс қарсаңында Біріккен күрес әлемінің (UWW) рейтингісіне үңілсек, грек-рим күресінде ТОП-10 балуанның қатарына Қазақстанның екі өкілі ғана еніп отыр. Олар – Қорлан Жақанша мен Алмат Кебісбаев. 55 келі салмақта сайысқа түсіп жүрген 30 жастағы Жақанша 2019 жылы Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатында финалға дейін жетіп, жанкүйерлердің назарын өзіне аударған болатын. Одан бөлек, ол Азия біріншілігінде үш рет үшінші орынға табан тіреді. Қорлан қазіргі кезде жетінші сатыға жайғасты. 67 келі салмақта үздік ондықты түйіндеп тұрған 34 жастағы Алмат Кебісбаев жайында ұзақ әңгімелеуге болады. Ол – әлем чемпионатының бес және Азия ойындарының екі дүркін жүлдегері, Азия біріншілігінің финалында бес мәрте белдесіп, екі алтын мен үш күміс медаль олжалады. Бірақ Белградқа баратындардың тізімінде екеуі де жоқ. Себебі бұл жолы ұлттық құрама бапкерлері аса жеңіл салмақта Аманғали Бекболатовты боз кілемге шығаруды жөн көрген екен. Ал Алмат болса, былтыр үлкен спорттан қол үзіп, бұл күндері еліміздің жасөспірімдер құрамасын жаттықтыруда. Міне, үздіктер тізімінен Қазақстанның осы екі «классигінің» ғана есімдерін кезіктірдік. Әрине, бұл қуанатындай жағдай емес.
Қазіргі кезде Әзербайжан балуандарының қарқыны өте күшті. Қап тауы бөктерінде орналасқан бұл мемлекеттің 10 балуаны үздіктер санатында. Солардың екеуі әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Олар – Санан Сулейманов (77 келі) мен Рафиг Гусейнов (82 келі). Алғашқысының әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы деген атағы бар. Екіншісі – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы және Еуропа біріншілігінің үш дүркін жеңімпазы. Парсы елі пехлевандары Мохаммадреза Гераеи (67 келі) мен Мохаммадхади Саравиге (87 келі) де тең келер ешкім жоқ. Гераеи соңғы үш жылдағы байрақты бәсекелердің барлығында жеңіс тойын тойлады. Ол Олимпиада, әлем және Азия чемпионы атанды. Сарави Токиодағы ойындарда қола алса, әлем және Азия біріншіліктерінде қарсылас шақ келтірмеді. Грузия құрамасының да қос қыраны – Лери Абуладзе (63 келі) мен Якоб Каджая (130 келі) UWW рейтингінде алдарына жан салар емес. Сондай-ақ жапониялық Кен Матцуй (55 келі), молдовалық Виктор Чобану (60 келі), литвалық Криступас Шлейва (72 келі) және сербиялық Зураби Датунашвили (87 келі) сынды дүлдүлдер өз салмақтарында дара тұр.
Әлемдік рейтингте ТОП-10-дыққа мына елдердің грек-рим күресі шеберлері еніп отыр: Әзербайжан –10, Ресей – 9, Түркия – 8, Иран – 7, Грузия, Германия, Мажарстан – 5, Жапония, Армения, Молдова, Польша – 4, Қырғызстан, Украина, Литва, Норвегия – 3, Қазақстан, АҚШ, Куба, Финляндия, Сербия – 2, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Мысыр, Швеция, Эстония, Беларусь, Дания, Алжир, Болгария, Италия және Чили – 1.
Еркін күрестегі жағдайымыз «классиктерге» қарағанда біршама жақсы. Қазіргі кезде Қазақстанның алты бірдей өрені үздік ондықтың қатарында. Олар – Нұрислам Санаев (57 келі) – 6-орын, Азамат Дәулетбеков (86 келі) пен Олег Болтин (125 келі) – 7-орын, Талғат Сырбаз (70 келі) – 8-орын, Юсуп Батырмұрзаев (125 келі) – 9-орын және Әділет Даулынбаев (92 келі) – 10-орын.
Күрестің бұл түрінде АҚШ-тың алдына ешкім түсе алар емес. Бұл елдің 10 балуаны ТОП-10-дыққа кіргені былай тұрсын, солардың төртеуі әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Олар – Олимпиаданың қола жүлдегері, әлем чемпионы Томас Гильман (57 келі), Олимпиаданың қола жүлдегері, әлемнің үш дүркін чемпионы Кайл Дэйк (74 келі), Олимпиада чемпионы, әлем біріншілігінің бес дүркін жеңімпазы Джордан Барроуз (79 келі), Олимпиада чемпионы және финалисі, әлемнің екі дүркін чемпионы Кайл Снайдер (97 келі). Сонымен қатар олардың әрқайсы Панамерика ойындары мен біріншілігінде сан мәрте топ жарғанын да айта кеткен абзал. Мықтылардың алдыңғы легінде Иранның екі балуаны бар. Рио Олимпиадасында алтын, Токиода күміс алып, әлемнің үш дүркін чемпионы атанған Хассан Яздани (86 келі) мен әлем чемпионы Камран Гасемпурге (92 келі) бүгінгі таңда тең келер ешкім жоқ. Өзге салмақ дәрежелерінде ресейлік Абасгаджи Магомедов (61 келі), моңғолиялық Тулга Тумыр Очир (65 келі), қырғызстандық Ерназар Ахматалиев (70 келі) және грузиялық Гено Петриашвили (125 келі) сынды саңлақтар дара тұр.
ТОП-10 еркін күрес шеберлері арасында мына мемлекеттердің марқасқалары бар: Ресей –11, АҚШ – 10, Иран – 9, Түркия – 7, Қазақстан, Әзербайжан – 6, Үндістан, Грузия – 5, Беларусь, Моңғолия – 4, Армения, Жапония, Қырғызстан – 3, Германия, Македония, Словакия, Мысыр, Италия, Украина – 2, Болгария, Бруней, Пуэрто-Рико, Мажарстан, Польша, Молдова, Өзбекстан, Грекия, Камерун, Франция, Канада және Куба – 1.
Әйелдер күресінен Жапония құрама командасының 14 мүшесі үздік ондықтың тізіміне енгенімен, олардың біреуіне де көш бастау бақыты бұйырмады. Бұл ретте АҚШ-тың асығы алшысынан түсіп тұр. Бүгінгі таңда америкалық балуандардың төртеуі топ жаруда. Олар – Сара Хилдебарндт (50 келі), Хелен Луиза Марулис (57 келі), Форрест Энн Молинари (65 келі) және Аделайн Мария Грей (76 келі).
Соңғы уақытта Қырғызстанның қыздары керемет нәтиже көрсетіп жүргені барша жұртқа мәлім. Өздерінің өрелі өнері мен орасан зор табыстарының арқасында бұл күндері Айсұлу Тыныбекова (62 келі) мен Мейірім Жұманазарова (68 келі) өз салмақ дәрежелері бойынша UWW рейтингінде жеке-дара көш бастап келеді. Ал аса ауыр салмақта сайысқа түсіп жүрген Айпері Медетқызы екінші орынды иеленуде. Бұл алақандай ғана қырғыз елі үшін керемет жетістік екені сөзсіз.
Қазақ қыздары арасында үздіктер тізімінен жалғыз ғана Жәмила Бақбергенованы кезіктірдік. Десек те Алаштың аруы қалың топтың арасында емес, 72 келі салмақта күресетін бұрымдылардың көш басында. Тіпті атағы алысқа жайылған түркиялық Бусе Тосун, германиялық Анна Шелл, жапониялық Масако Фуруити, франциялық Ванесса Вескан, моңғолиялық Даваанасан Енх-Амар, үндістандық Дивия Какран сынды балуандардың өздері Бақбергенованың артынан сығалап қалды. Мықтылар көшін бастап тұрған Жәмилаға біз алдағы жарыста да жарқын жеңіс тілейміз. Сондай-ақ моңғолиялық Болотуя Бат-Очир (53 келі), германиялық Нина Неммер (55 келі) және үндістандық Сарита Сарита (59 келі) төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылуда.
ТОП-10 балуандардың тізіміне енгендердің саны жағынан Жапонияның алда тұрғанын жоғарыда айттық. Одан кейінгі орындарға мына командалар жайғасты: АҚШ – 10, Моңғолия – 8, Болгария, Украина – 6, Ресей, Үндістан – 5, Канада, Беларусь, Германия – 4, Румыния, Қытай, Молдова, Швеция, Польша, Түркия, Қырғызстан – 3, Бразилия, Әзербайжан – 2, Эквадор, Мексика, Тунис, Нигерия, Чехия, Қазақстан, Франция, Мысыр және Эстония – 1.
Еркін күрестен Қазақстан құрамасы:
57 келі: Рахат Қалжан
61 келі: Асыл Айтақын
65 келі: Әділ Оспанов
70 келі: Талғат Сырбаз
74 келі: Нұрқожа Қайпанов
79 келі: Болат Сақаев
86 келі: Азамат Дәулетбеков
92 келі: Әділет Дауленбаев
97 келі: Мамед Ибрагимов
125 келі: Әлішер Ерғали
Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы:
55 келі: Аманғали Бекболатов
60 келі: Айдос Сұлтанғали
63 келі: Ғалым Қабдұнасаров
67 келі: Дінмұхамед Қошқар
72 келі: Ибрагим Магомадов
77 келі: Тамерлан Шадукаев
82 келі: Диас Қален
87 келі: Нұрсұлтан Тұрсынов
97 келі: Олжас Сырлыбай, Ерұлан Ысқақов
130 келі: Әлімхан Сыздықов, Антон Савенко
Әйелдер күресінен Қазақстан құрамасы:
50 келі: Светлана Анкичева
53 келі: Жұлдыз Ешімова
55 келі: Марина Седнева
57 келі: Эмма Тисина
59 келі: Диана Каюмова
62 келі: Аяулым Қасымова
65 келі: Елена Шалыгина
68 келі: Мадина Бақбергенова
72 келі: Жамилә Бақбергенова.