Сыбайлас жемқорлық – ең үлкен қасірет
Біздің ғасырымыздың үлкен әлеуметтік қасіретінің бірі – сыбайлас жемқорлық. Мұндай дерттің елімізде де күрделі мәселе болып отырғаны жасырын емес.
Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып осы зұлымдықпен күресу болып табылады.
Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде.
Жемқорлық дертімен тек құқық қорғау саласының қызметкерлері емес, сонымен қатар қоғамның әр саласындағы белсенділер де қатарға қосылуы керек. Бір бұзылмайтын ақиқат бар: әділдік болмай ешбір қоғам, мемлекет өрге баспайды.
Сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Жемқорлық қылмыстары әлеуметтік тұрғыдан пайда болғандықтан, оны болдырмау мен алдын алуды барлық мемлекеттік мекемелер қамтамасыз етуі қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына арналған жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі екенін айтқан болатын.
– Сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алуда. Жемқорлықтың пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Енді жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен күрес жауапқа тартылудан қорыққан шенеуніктерді дербестік, бастамашылдық және жедел әрекет ету қасиеттерінен айырмауға тиіс, – деген болатын ел Президенті жолдауында.
Әрине, мемлекеттік қызметшілер заңбұзушылықтарға жол бермей, ел игілі үшін тың бастамаларды көтеріп, өзекті мәселелерді шешуде нақты шешімдер қабылдаулары қажет.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу дегеніміз – бұл мемлекетте тұрақтылықты қамтамасыз етудің қажетті шарты. Оны кезінде ғұлама ғалым Аристотель де айтып кеткен. Әлемнің көптеген елдері секілді біздің мемлекетіміз де сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, оның тамырына балта шабуға бағытталған мақсатты жұмыстар жүргізіп келеді. Қазақстан – бұрынғы Кеңес одағы аумағында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолданылатын заң қабылдап, осы мәселе жөніндегі халықаралық конвенцияларға қосылған алғашқы мемлекеттердің бірі болып отыр.
Елімізде 2015 жылдың 18 қарашасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданғаны да баршаға мәлім. Жемқорлыққа қарсы күресте барлық адамдар заң мен сот алдында тең. Жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою, олардың алдын алу және барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзіреті шегінде күрес жүргізу, яғни жемқорлықпен күресу –жалпыға ортақ міндет. Тәуелсіздік алғалы Қазақстанда қаншама заңнамалар қабылданып, сан алуан іс-шаралар үздіксіз жүргізіліп келеді.
Осыған қарамастан, өкінішке қарай, бұл қауіпті дерт барлық қызмет саласында таралып жатыр. Сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Жемқорлық қылмыстары әлеуметтік тұрғыдан пайда болғандықтан, оны болдырмау мен алдын алуды барлық мемлекеттік мекемелер қамтамасыз етуі қажет. Осы ретте «Алматы «Олимпиадалық даярлау орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны да сыбайлас жемқорлықпен күресу жолында шетте қалмады.
2022-2023 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарын бекітіп, сол жоспар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Атап айтсақ, қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы семинарларға, дөңгелек үстелдерге қатысуын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг өткізуін қадағалап отырамыз. Одан бөлек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар бекітілді, жеке тұлғалардың өтініштерін заңға сәйкес қарастыру, мемлекеттік сатып алу бойынша процестерді тек электрондық түрде веб-порталы арқылы жүзеге асырамыз. Өз тарапымыздан спорттағы сыбайлас жемқорлықтың таралуына жол бермеу үшін барлық шаралар қолданып жатырмыз. Осындай бірқатар норманы сақтау сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Спортта сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ. Алматы «Олимпиадалық даярлау орталығы» ақшалай қаржыны бөлудегі ашықтыққа, сондай-ақ қазақстандық атлеттерге сатып алынатын тауар, жұмыс және қызмет түрлерінің жоғары сапасына ерекше көңіл бөліп отыр. Ең бастысы, ешқандай жемқорлық түріне жол жоқ!
«Алматы «Олимпиадалық даярлау орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны