Университеттердің спортын дамытуға ғылыми конференция өтті
Өзбекстанда «Университеттік спорт: денсаулық және ұлттық өркендеу» тақырыбында ауқымды ғылыми конференция өтті.
Оған Әзірбайжан, Белорусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Румыния, Ресей, Тәжікстан, Түркия елдерінің жас ғалымдары, магистрнаттар мен, аспиранттары қатысты. Осымен 11 жыл қатарынан дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жатқан шараға биыл 300 ден аса спорттық жоғарғы оқу орны қызметкерлері қатысты. Олар студенттер спортының дамуы, болашағы және алдағы атқарылар жұмыстар туралы мәселелерді қозғап, ғылыми жұмыстарын таныстырды. Айта кетейік бұл халықаралық ғылыми конференцияны ең алғаш рет Дене шынықтыру және спорт университеттері халықаралық Ассоциациясының Президенті, профессор Қайрат Закирьянов ұйымдастырған. Содан бері жас ғалымдардың басын қосатын алқалы жиынға айналып, жыл сайын қанатын кең жайып келеді.
Студенттік спортты дамытудың түрлі бағыттарын талқылау, ұлт денсаулығын сақтау және оны нығайту, жастарды спортпен жүйелі түрде шұғылдануға үндеу, дене шынықтыру, сауықтыру және спорттық технологияларды анықтау – конференцияның басты мақсаты. Маңызы жоғары мұндай жиындар жастардың студенттік қозғалыстарға белсене атсалысуын, білім, ғылым және спорт саласындағы жаңа ынтымақтастық орнату жолдарын және қауымдастыққа мүше елдердің жастарын өзара жақындастырады.
Биылғы конференцияға Дене шынықтыру және спорт университтері халықаралық Ассоциациясының Президенті, профессор Қайрат Закирьянов, Өзбекстан елінің спорттық даму министрінің орынбасары Абдулло Аслонов, Өзбек мемлекеттік дене шынықтыру және спорт университетінің ректоры Махмуджон Болтабаевтар қатысты. Спорт саласын жетік меңгеріп, жастарға осы салада бағыт-бағдар беріп жүрген ұстаздар жас мамандардың идеяға толы тың жұмыстарымен танысты.
Бұрын доп ойнаған тозар дейтін. Қазір бәрі керісінше. Спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанғандар бәрінен озып тұр. Олар ақшасымен немесе байлығымен емес, денінің саулығымен өзгелерден озық. Мәселен бұрын дене шынықтыру мамандығын ешкім оқығысы келмейтін. Өйткені мәртебесі тым төмен еді. Ал қазір бәрі басқаша. Дене шынықтыру маманы соңғы жылдары сұранысқа ие. Спорттық жоғары оқу орнына түсетін студенттердің легі жыл сайын көбейіп келеді. Тіпті ғылыми ізденіске құштар жастар магистрлік және докторлық диссертациялар қорғап жатыр. Өйткені ұлт саулығын сақтау, салауатты өмір салтын ұстану қағидасы – білім беру мекемелерінде басты орынға шықты. Қазір мектептерде дене шынықтыру сабағы аптасына үш мәрте өтеді. Мұғалімінің мәртебесі жоғарылады. Ізденіс күшейді. Жастар дене шынықтыру мәдениетіне ғылыми тұрғыда үлестерін қоса бастады. Соған сай жалақылары да мардымды. Тек ерінбей еңбектенсе болғаны…
Ұлттың саулығы мен жастардың ұдайы шымыр болып жүргені — мемлекетке олжа. Жастардың мықты да рухты болып қалыптасуы мамандарға тікелей байланысты.