Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысында болып, жұртшылықпен кездесті. Аймақтың алдағы уақытта экономикалық, әлеуметтік жағынан даму, өркендеу мүмкіндіктерімен танысты. Ой бөлісіп, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді. Туризмнің болашағы туралы да ой қозғады: «Жетісу облысының әкімдігі туризм саласын дамытуға ерекше мән беру керек. Алакөл мен Балқаштың орасан зор әлеуеті бар. «Алтынемел» және «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркі – экологиялық туризмді дамыту үшін таптырмайтын жер. Текелідегі әйгілі Шажа және Қора сайлары керемет көріністерге толы. Міне, осының бәрі – тұнып тұрған байлық. Әрине, туристер көптеп келуі үшін тиісті инфрақұрылым салып, қолайлы жағдай жасау керек. Бұл оңай шаруа емес. Соңғы жылдары бұл бағытта біршама жұмыс атқарылды. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Жетісудағы ұлттық парктерде құны 3 миллиард теңгеден астам инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Оған ірі инвесторлар тартылды, – деді Президент.
Туризм елімізде кеш өркендеген сала екені рас. Сөйте тұра бүгінгі таңда оның аяқ алысы да тым баяу екенін несіне жасырамыз?.. Өркениетті елдерде туризм саласы өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында жаппай қолға алынған екен. Аз уақыттың ішінде туризм саласы сол елдің экономикасын дамытуға айтарлықтай үлесін қоса бастады. Тоқсаныншы жылдарға жеткенде туризмнен түсетін кірістің халықаралық экспорт кірісіндегі үлесі сегіз пайыздан асып түскен. Туризмнен түскен табыс мұнай өнімдері мен автомобиль экспорты табысынан кейінгі маңызды кіріс көзіне айналады. Елдің тұрмысы жақсарып, мәдениет өресі өскен сайын туризм де ішкі жақтан түрленіп, мазмұны кеңейді. Бұрында сыртқы және ішкі туризм деп бөлінсе, енді демалыс туризмі, ойын-сауық туризмі, жиналыс туризмі, жастар туризмі, сауықтыру, спорттық деп кете береді. Бүгінде олардың саны жиырмадан асты десек те болады.
Мысалы, туризм Мальдив елінде бюджеттің 66,1 пайызын, Сейшель аралдарында 65,8 пайызын, Испанияда 62, Таиландта 22,1 пайызын құраған. Туристер үшін тартымды елдердің көшін Франция бастап тұр. Бұл елге 2019 жылы 86,7 миллион адам сапар шеккен екен. Венецияға жылына демалуға келетін туристердың саны 25 миллионнан асқан. Бұл көрсеткіш Аустралия халқының санынан да көп көрінеді. Бауырлас Түркия елінің туризм саласындағы жетістіктері тіпті ерен десек те болады. Келер жылы Түркия мемлекетінің тәуелсіздігіне 100 жыл толмақшы. Түркиялықтар осы мерейтойдың құрметіне 2023 жылы 100 миллион туристі қарсы алуға сақадай сай. Әрине, түркиялықтар да мұндай байлыққа бірден келе қоймағаны анық. Олар да туризм саласын дамыту үшін небір қиындықтарды көрді, «тар жол, тайғақ кешуден» өткені белгілі. Нақтылай түссек, Түркия Республикасының бірінші президенті Мұстафа Кемал Ататүрік кезінде теңіз жағасындағы патшалар мен патшайымдардың меншігінде болып келген жағалаудағы көрікті, тамаша жерлердің барлығын да мемлекет меншігіне қайтарды. Сонан соң ол жерлерді қолынан іс келетін адал, кәсіпкерлерге табыстады. Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетті. Мемлекет басшысы туристік қызметтің де әр адамға қолжетімді болуына ерекше назар аударды. Инфрақұрылымдарды күшейтті. Нәтижесі қандай болғанын бүгінде бәріміз көріп, таңдай қағып отырғанымыз да рас.
Қазақстан 1993 жылы ғана Дүниежүзілік туристік ұйымның мүшелігіне енеді. Дәл осы жылы туризмді дамытудың бағдарламасы да дайындалады. Өткен отыз жыл ішінде біраз жұмыстар атқарылды да. Өкінішке қарай, нәтиженің көрсеткішіне көңіл толмайды. Көрсе көз тоймайтын көрікті жерлеріміз бола тұрып, еліміздегі туризм көрсеткіші бір пайызға әрең жететінін естудің өзі ұят.
Көпшілік ұмытпаған болар, Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумының жұмысына да қатысып, сөз сөйлеген-ді:
«Мысалы, Моңғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр. Ал ұлы ханның үлкен ұлы Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан біз Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет. Ұлытау халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығына айналуға тиіс. Бұл жұмыстар Отырар, Сауран мен Сығанақ, Шерқала мен Оғыланды, Берел мен Марқакөл, Баянауыл мен Қарқаралы, Шарын мен Көлсай барша жұрттың құндылығына айналуы қажет. Қорқыт ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Бекет ата, Бәйдібек би, Бегім ана, Қабанбай батыр, Райымбек батыр, Мәшһүр Жүсіп, хакім Абай сынды тұлғаларымыздың есімдерін туризм арқылы кеңінен насихаттау – бүгінгі заман талабы. Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз керек. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз қажет.
Біз салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдадық. Ол толыққанды жүзеге асатын болса, туризмнің жалпы ішкі өнімдік үлесі 8 пайызға жетеді. Сырттан келетін туристер саны 9 миллион, ал ішкі туристер саны 8 миллион адам болады. Туризм саласында жұмыспен қамтылғандар санын 650 мың адамға жеткізуіміз керек. Туризм – өте күрделі сала. Оған тиісті мамандар қажет. Сол себепті біз туризм мамандарын дайындайтын университет ашу қажет деген шешім қабылдадым. Ол үшін Ұлытау аймағы міндетті түрде Қазақстанның туристер тарту картасының алдыңғы қатарында болуға тиіс», – деді Президент.
Мемлекет басшысы осыдан үш жыл бұрын-ақ туризмді дамытудың сара жолын тайға таңба басқандай етіп айтып берді емес пе?! Неге алға жылжымай отырмыз? Әлеуметтік желіде жазылғандай жылына 200-300 мың қазақстандық Қара теңіз жағалауына, 50 мыңға жуық жерлесіміз Қытайға саяхаттап, 40 мыңнан астам қыз-жігіттеріміз Біріккен Араб Әмірлігіне барып демалғанды жақсы көреді екен. Ең аяғы 10 мыңға жуық турисіміз Ыстықкөлге барып тыныққан. Олардың айтар себебі де жеткілікті. Ең негізгісі, біздің туристік аймақтарда демалу бағасы өте қымбат көрінеді. Мысалы, Бурабайда бір апта демалғаннан Дубайға барғаның тиімді дейді. Қалтаңда 150 мың теңге болса, Дубайда 3 күн жақсылап тынығып қайтуға болады. Ал Бурабайда бұл ақшаңа 3 күнге қонақүйдің бөлмесін де жалдай алмайды екенсің…
Ойды ой қозғайды. Қазақстан әлемнің 80 елімен байланыс орнатқан. Елімізде 1252 туристік фирма мен мыңға жуық туристік компания жұмыстарын ойдағыдай жүргізіп отырса, солардың 20 пайызы ғана ішкі туризммен шұғылданатын көрінеді. Яғни ел ішіндегі туристік фирмаларға сырттан қонақтар шақырғаннан гөрі қазақстандықтарды сыртқа шығару әлдеқайда пайдалы екені түсінікті.
Алакөл жағалауы өткен жылға қарағанда биылғы маусымды біршама табысты аяқтады дегенге біраз негіз бар. Себебі үстіміздегі жылдың тамыз айында Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағы қайта жаңартылып, Астана, Алматы, Талдықорған бағыттарындағы әуе қатынасы жанданды. Пойызбен де қатынауға мүмкіндік алды. Демалушыларға арналған 288 нысан да толығымен қызмет көрсетуге тырысты. Жазғы маусымның қорытындысы бойынша Алакөл жағалауында демалған адамдардың саны 1,5 миллионға жеткен. Өткен жылы 1,3 миллион адам тыныққан көрінеді.
Маусым айында «Астана ақшамының» тілшісі Райхан Рахметова Алакөл жағалауында демалып, көзкөрген көкейкесті мәселелерді ашық көрсетіп жазды. Ойымыз бір жерден шыққан соң, соның сөзін келтіре кеткенді жөн деп санадым: «Жетісудың Балқаштан кейінгі үлкен көлі Алакөл Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстары аумағында теңдей бөлініп жатыр. Барлық тауынан бастау алатын, минералға бай бұлақтарды қосқанда тұйық көлге 15 өзен келіп құяды. Осындай тамаша табиғи жерлеріміздің толық игілігін көруге кедергі болатын мәселелер бізде жетіп артылады. Біріншісі, жол нашарлығы болса, екіншісі – сервис төмендігі, үшіншісі – сапасына қарай демалыс бағасының тым қамбаттығы. Инфрақұрылым сапасының төмендігі, қатынайтын пойыздар мен ұшақтардың аздығы, қысқасы, жету қиындықтары – осы туристік бағытқа тән кемшіліктер», – дейді Райхан Рахметова.
Осы жақтың азаматы болған соң, жолдың машақатын әбден білеміз. Жеңіл машиналар қойып, жақында үш сағатта жететін Қабанбай ауылына ГАЗельмен 6 сағатта әзер жеттік-ау. Президенттің өзі айтқандай, Талдықорған мен Үшарал арасындағы күре жолдың құрылысы келер жылы толық аяқталып жатса, дұрыс-ақ. Әй, қайдам?! Себебі жол салу жұмысында бұрынғыдай қарқын жоқ.
Мәулетхан АҚСАНОВ,
«Қазақ спорты» газетінің өз тілшісі