Бельгия әлем чемпионатымен қош айтысуы мүмкін
Қатарда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатында Бельгия құрамасы бүгін үшінші ойынын өткізеді.
Бельгия футболшылары F тобындағы соңғы матчтарын Хорватиямен өткізеді. Ойын елорда уақытымен 21:00-де басталады.
Бұл топта үш құраманың жарысты жалғастыру мүмкіндігі бар. Екі ойыннан кейін Хорватия мен Марокконың — 4, Бельгияның — 3 ұпайы бар. Бірде-бір ұпайға қол жеткізбеген канадалықтар жолдамаға таласа алмайды.
Хорватия мен Бельгия кездесуі «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Кездесу Аль-Райан қаласындағы 45032 жанкүйерге арналған «Ахмед бин Али» стадионында өткізіледі.
Бас төреші — англиялық Энтони Тейлор. Оған отандастары — Гари Бесвик пен Адам Нанн көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші — румыниялық Иштван Ковач.
FIFA рейтингінде Хорватия — 12, Бельгия 22-орында тұр.
Екі құрама бұған дейін 8 мәрте кездесті. Олар үш-үштен жеңіске жетсе, екі кездесу тең аяқталды.
Канада мен Марокко кездесуі «Qazsport» теларнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Ойын ел астанасы — Доха қаласындағы 44400 жанкүйерге арналған «Эль-Тумама» стадионында өткізіледі.
Бас төреші — бразилиялық Рафаэл Клаус. Оған отандастары — Родриго Энрике Коррея мен Данило Симон Манис көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші — жапониялық Ёсими Ямасита.
FIFA рейтингінде Канада — 41, Марокко 22-орында тұр.
Екі құрама бұған дейін үш мәрте кездесті. Оның біреуінде тең нәтиже тіркелсе, екеуінде марокколықтар жеңіске жетті.