Юрий Логвиненко карьерасын аяқтады
«Ақтөбе» футбол клубының капитаны Юрий Логвиненко өзінің спорттық мансабын аяқтады.
«Ақтөбе» футбол клубының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Ю.Логвиненко өз сөзін жанкүйерлерге арнады.
«Жиырма жылдай уақыт бұрын менің ересектер футболындағы қадамым басталды. 2003 жылы 14 жасымда «Ақтөбе-Жас» құрамында бірінші лигада алаңға шықтым. Үш жылдан кейін мені облыстың бас командасына шақырып, Қазақстанның үздік футбол лигасында ойнадым. Содан бері клуб пен ел құрамасы сапында түрлі турнирлерде қатысқан матчтарымның саны 500-ден асты. Осы жылдар ішінде қаншама қуанышты бастан кештім, ең жоғары орындар үшін сынға түсіп, табыстарға жеттім. Жанкүйерлердің ғажап қолдауынан шабыт алдым. Бірақ бәрінің аяғы болады. Командада қаншама қалып, алаңда пайда әкелгің келсе де, мен ойыншы ретінде мансабымды аяқтау туралы шешім қабылдадым. Жасымның ұлғаюына қоса жарақаттарым сыр берді. Өз деңгейімнен кем ойнағым келмейді. Жастарға орын босататын кез келді», — деді 34 жастағы Ю.Логвиненко.
Ойыншы өз отбасы мен командасына, бапкерлері мен клубтың әр жылдардағы басшыларына және барша жанкүйерлеріне алғысын білдірді.
Ю.Логвиненко Қазақстанның ең атақты футболшысы болып саналады. Ол 16 жыл ішінде сегіз рет (төрт реттен «Ақтөбе» мен «Астана» сапында) ел чемпионы атанды. 4 рет күміс, 4 дүркін қола жүлдеге ие болды. Екі рет Қазақстан кубогін, алты мәрте суперкубокті жеңіп алды.
2008 жылы Қазақстанның үздік он ойыншысы қатарына кірді. 2016 және 2017 жылдары Қазақстанның сол қапталдағы үздік орталық қорғаушысы атанды.
Ю.Логвиненко «Ақтөбе» сапында 333 матч өткізіп, 22 гол соғып, 11 нәтижелі пас берді.
Сондай-ақ Қазақстан құрамасымен 58 ойында алаңға шығып, 5 голдың авторы атанды.