Әлем чемпионатының іріктеу матчына қатысатын Қазақстан футзал құрамасы анықталды
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Рикардо Кака оқу-жаттығу жиынына шақырылған ойыншылар тізімін жария етті.
Қазақстан футбол федерациясынан мәлім еткендей, ұлттық құрама 2024 жылғы әлем чемпионатының іріктеу матчын Словения құрамасымен өткізеді.
Қос құрама бұған дейін өткен жылдың қазанында Астанада кездесіп, онда Кака шәкірттері 2:0 есебімен жеңген болатын.
Қазіргі кезде Қазақстан құрамасы турнир кестесінде 9 ұпаймен көш бастап келеді. Оған іріктеу сайысының элиталық кезеңіне өту үшін бір-ақ қадам қалып тұр.
Аталмыш ойынға дайындық 28 ақпан күні Алматыда басталады. Тізімге 17 футзалшы енді.
Қазақстан құрамасына «Атыраудан» Жақсылық Амандосов пен «Ақтөбеден» Дамир Қайырбай алғаш рет шақырту алды.
Команда капитаны Лео Игита жарақаттан кейін қалпына келу үстінде.
Футзалдан Қазақстан құрамасы:
Қақпашылар: Нұрәлем Байдолла («Рахмет»), Рауан Атантаев («Астана»), Нарын Серіков («Қайрат»)
Алаңдағы ойыншылар:Дуглас, Дәурен Нұрғожин, Шыңғыс Есенаманов, Дәурен Тұрсағұлов, Альберт Ақбалықов, Эдсон, Біржан Оразов (бәрі де – «Қайрат»), Тайнан («Эль-Посо», Испания), Лео («Жоинвиль», Бразилия), Азат Валиуллин («Аят»), Арнольд Кнауб, Райымбек Жұма (екеуі де – «Каспий»), Жаксылық Амандосов («Атырау»), Дамир Қайырбай («Актобе»).
Айта кетейік, Словениямен матч 8 наурыз күні Мариборда «Дворана Табор» спорт кешенінде өтеді. Кездесу Астана уақытымен сағат 23.00-де басталады.