Қазақстанда футболдан жаңа жасөспірімдер лигасы құрылды
Лиганың биылғы маусымында 132 матч өтеді
Елімізде футболдан жасөспірімдер арасында жаңа лига пайда болды.
«QJ League мақсаты – ұлттық құрамаға сапалы резерв дайындау. Бұл біздің балалар мен жасөспірімдер футболын дамытудағы негізгі жобаларымыздың бірі. Жаңа лига арқылы біз дарынды балаларды дайындауға көмектесетін жарыс жүйесін құрамыз. Бұл жас таланттар үшін кәсіби футболдағы алғашқы қадам болады», – деді Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Лигаға еліміздің барлық өңірінен жас футболшылар қатысады. Турнирдің бірінші маусымына 18 жасқа дейінгі 12 команда қатыспақ. 2025 жылы QJ лигасында ұлдар үшін алты лига (үш жас санатына орай екі лига) және қыздар арасында бір лига құрылады деп жоспарлануда. Жалпы жарысқа 70-тен астам команда мен 3000 спортшы қатысады деп күтілуде.
QJ League-2023 қатысушыларының құрамы: «Ақсу» (Павлодар облысы), «Ақтөбе», «Астана», «Атырау», «Жас қыран» (Алматы), «Қайрат» (Алматы), «Қайсар» (Қызылорда), «Каспий» (Ақтау), «Оңтүстік» (Шымкент), «Ордабасы» (Шымкент), «Тараз», «Шахтер» (Қарағанды).
Лиганың биылғы маусымында 132 матч өтеді. Турнирде әр команда 22 матч өткізеді (үйде және сыртта 11 матч). Маусым қазан айында аяқталады.
Футболдан жасөспірімдер лигасының алғашқы матчы 22 сәуірде «Астана Арена» спорт кешенінде сағат 17:00-де басталады.