Елде отандық футболды жабу керек деген әңгімелерге дейін шықты. Енді арада аз уақыт өткенде жағдай күрт өзгерді. Футболды жабу керек дегендер 50 мың теңгеге ұлттық құраманың ойынын көру үшін билет таппай жүр.
Былай қарасаң, көп ештеңе өзгере қоймаған секілді. Сол стадион, сол ойыншылар. Бірақ бір нәрсені баса айтуға болады. Ол қазақ футболындағы жаңа көзқарас пен қарым-қатынас.
2022 жылдың 28 ақпанында Қазақстан футбол федерациясының жаңа президенті сайланды. 15 жылдай қазақ футболында тізгінді ұстаған Әділбек Жақсыбеков орнын босатады. Орнына Әділет Барменқұлов сайланды.
Басына елдің күмәні болғаны жасырын емес. Көпшілікке аса қатты таныс емес адамның әлемдегі №1 спорттың Қазақстандағы федерациясын басқаруы да оңай емес. Оның үстіне көшбасшы елдердің қатарына да жатпаймыз. Бірақ Әділет Назарбайұлы аз уақыттың ішінде сөзбен емес, іспен менеджер екенін дәлелдеп келеді.
Сайлауалды науқан кезінде біздің «Қазақ спорты» газетіне сұхбат берген еді. Сонда «футбол саласында 1988 жылдан бері жүрмін. Қандай және қайда еңбек етсем де, футбол командасынан ешқашан қол үзген емеспін» деп айтқан болатын.
2020 жылы федерацияға барып, футбол саласын қалай дамытуға болатыны туралы өз ойларымды айтып, ұсыныстарымды да нақты дәлелдермен баяндап бергенмін. Себебі футбол мәселелеріне зерттеулер жүргізгенімде, оның проблемалары тым тереңде жатқанын сезіп, білдім. Кәсіпқой менеджер ретінде айтсам, бүгінгі футболды түбегейлі өзгертіп, жаңа деңгейге көтеруге болатынына да көзім жетті. Қолға алған ісімді ойдағыдай жүзеге асыру үшін менің күшім де, ұзақ жылғы іс-тәжірибем де жететініне өз басым сенімдімін, — деген болатын Барменқұлов.
Біз байқаған федерация басшысының ерекшелігі ашықтық болып отыр. Өйткені Әділбек Жақсыбеков басқарған тұста онымен сұхбаттасу, кездесу, жанкүйер тұрмақ, журналистердің өзіне қиын болатын. Ал Әділет Назарбайұлы ол жағынан ашық. Проблеманы айтудан, шешуден қашпайды.
Енді басты жетістік, әрине, ұлттық құраманың көрсеткіші. Франциядан жеңілгенде елдегі футболдағы жабайық деген пікір айтылса, қазір құрама Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне барудан үмітті.
Тікелей іріктеу арқылы немесе Ұлттар лигасының келесі жылғы көктемдегі плей-офф бәсекесі арқылы да Германияға жолымыз түсуі әбден мүмкін.
Айтпақшы, мамыр айында Қазақстанға FIFA президенті Джанни Инфантино келіп кетті. Ол елімізде жасөспірім немесе жастар арасында Еуропа чемпионатын өткізуге болатынын да айтып қалды. Сондықтан Қазақстан алдағы уақытта кемі 19 жасқа дейінгі Еуропа чемпионатын қабылдап қалуы ықтимал. Сосын Әділет Барменқұловтың мақсаты – әлем чемпионатын өткізу. Бұл ретте Өзбекстан, Қырғызстан елдерімен бірігуге болады.
Бүгінде Бактиер Зайнутдинов «Бешикташта», Рамазан Оразов «Коперде», Нұрәлі Әліп «Зенитте» доп тебуі де ұлттық құрамаға қуаныш болып тұр. Түбі қазақ футболшылары кәрі құрлықта өз аттарын шығарып жатса, еліміз үшін зор абырой болмақ. Осы ретте жаңа бағытқа бет алған федерация басшысы Әділет Барменқұловтың бастамаларына сәттілік тілеуден басқа айтарымыз жоқ.
PS: Әділет Барменқұловтың өзі айтқандай, бүгінгі таңда Қазақстан жастарының футболға деген көзқарасы түбегейлі өзгерді. Стадиондар жастарға толды. Футболдың танымалдығы артты. Бастысы, отандық футболдың болашағының зор екенін түсінді. Аз уақытта ала доптың құдіретін жастардың бойына сіңіре алған федерация басшысының ерен еңбегін атап өтпеске болмас. «Қазақ спорты» газеті осы бір үрдісті тұрақты түрде назарда ұстап отыратынын айтқымыз келеді.
Авторы — Бек ТӨЛЕУОВ