Шемонаихада бұқаралық спорт дамып келеді
Жақында Шемонаиха ауданында болғанымызда аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ришат Файзуллаұлы Ахметовпен жолығып, атқарылып жатқан істер жайлы сұраған едік.
– Ришат Файзуллаұлы, президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды» деп баса айтты. Сіздің өңірде еліміздің дамуы жолында қандай шаралар атқарылып жатыр?
– Кешегі Токио, Бейжің Олимпиада ойындары біздің елімізде спорт саласының алға емес, артқа шегініп бара жатқанын дәлелдеді. Яғни спортқа түбегейлі өзгеріс қажет. Спортшылар мен бапкерлер өз жоспарын қайта құрып, жаңа Қазақстанды құруда ізденіс пен ілкімділік танытуы тиіс. Алда-Париж Олимпиадасы. Қазақ елінің саңлақтары өткеннен қорытынды шығарып, алға қарай батыл қадам жасар деген ойдамыз.
Өзім спорт саласына жауапты болғаннан кейін, ауданымыздың спорттағы жетістіктері туралы айтайын. Аудан әкімі Григорий Акулов ауданда бұқаралық спорттың дамуына ерекше көңіл бөледі. Бұл күндері аудан халқының отыз пайыздан астам тұрғыны бұқаралық спортпен шұғылдануда. Бірер жыл бұрын ауданда дене шынықтыру мен спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған өңірлік бағдарлама қабылданған болатын. Сол бойынша бағытты іс-жоспар жүзеге асуда. Ең басты жаңалық, ауданның оннан астам ауылдық округінде спорт нұсқаушысы лауазымы ашылып, жұмыс жүргізе бастады. Спорт нұсқаушысы ауыл әкімі және бізбен тығыз жұмыс істейді, ақыл-кеңес алып тұрады. Бұқаралық спорт жарыстарын жоспарлы, жүйелі жүргізуге назар аударады.
– Жақсы жаңалық екен. Қалған ауылдық округтерде де спорт нұсқаушысы лауазымы енгізілетін шығар?
– Әрине! Аудандық мәслихаттың сессиясында бұл мәселе оң шешілер деген үміт бар. Өңірдің басқа аудандарының елді мекендері де біздің бұл бастамамызға қызығушылық танытуда. Шырайлы Шығыстың ауыл спорты жанданады деген ойдамын.
Дене тәрбиесі бойынша оқу сабақтарын өткізу және дене шынықтыру-сауықтыру жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру үшін ауданда 119 спорт ғимараты бар, 3 стадион, 29 спорт залы, 9 жапсарлас зал, 3 спорт кешені, 5 шаңғы базасы, бір атыс тирі, 63 жазық құрылыс алаңы, 5 хоккей қорабы, бір спорттық манеж жұмыс істеп тұр. 72 дене шынықтыру ұжымдарында 13 586 адам жаттығады. Ауданда ШҚО ДШ және СБ БЖСМ КММ өз жұмысын жалғастыруда, спорттың 7 түрі бойынша 35 топ жұмыс істейді. Олар: волейбол, акробатика, дзюдо, жеңіл атлетика, футбол, шаңғы жарысы, еркін күрес. Мұнда 538 адам шұғылданады, ал жаттықтырушылар саны 14 адам.
– Басқа ұлттық спорт түрлері жайлы не айтар едіңіз?
– Бізде ат спорты жақсы жолға қойылған. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін халық ойындарында саңлақтарымыз бәйге, аударыспақ, көкпарда жүлде алып жатады. Қазақша күрес, дзюдо, қол күресі, президенттік көпсайыс, күш қолданылатын спорт түрлері, басқа спорт түрлері бойынша 35 топ жұмыс істейді. Қарттарға арналған «Денсаулық тобына» жазылушылар саны жыл сайын өсіп келеді. «Жұлдыз» спорт клубында 19 жаттықтырушы бар. 2020 жылдан бүгінге дейін ауданда 148 іс-шара өткізілді, оның ішінде аудандық, республикалық және халықаралық жарыстар бар.
Мүмкіндігі шектеулі жандар да спортты өздеріне серік еткен. Олар шахмат, жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, қол күресі, үстел теннисі, басқа да спорт секцияларына барып, алаңсыз, тегін жаттығады, аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлде алып жүргендері де бар. Қазіргі күні 44 адам, оның ішінде 38-і ауылдық жерде спортты өздеріне серік еткен. Аудан әкімі Г.Акулов мүмкіндігі шектеулі спортшыларға барлық жағдайды жасауда. Мәселен, басқа қалаларда өтетін жарыстарға қатысатын саңлақтарға демеушілер есебінен қаражат тауып береді.
– Ауданның атақ-даңқын шығарып жүрген спортшылар деп кімді айтар едіңіз?
– Шаңғышы Иван Люфт Алматыда өткен студенттердің қысқы Универсиадасында алтыннан алқа тақты. Жақында ғана Қазақстан Республикасының V қысқы спартакиадасында бір өзі 2 алтын, күміс және қола алқаны иеленді. Ол ол ма, Иван Люфт 2019 жылы Ресейдің Красноярск қаласында жалауы желбіреген ХХІХ қысқы Универсиадада Қазақстан құрамасы сапында эстафеталық жарыста күміс медальға қол жеткізді.
Выдриха ауылындағы Уба шипажайында фельдшер болып қызмет ететін Жасұлан Тілеубердин деген азаматпен жақында танысудың сәті түсті. Ауылда еркін күрес секциясын ашып, баптап жүрген Жасұланның шәкірттері байрақты сайыстарда сан мәрте жүлде терді. Жасұланның өзі де, жұбайы Мереке де, үш қызы да спортпен шұғылданады екен. Жасұлан еркін күрестен ел біріншілігінде, облыстық жарыстарда сан мәрте жүлдегер атанса, жұбайы Мереке қол күресінен облыста бірнеше рет чемпион атаныпты. Қыздары да спорт десе ішкен асын жерге қояды. Оның жөні бар. Әке-шешесі бірдей спортты өмірлік серігі санайды, қыздарының да биік белестерді бағындыруын қалайды. Айсұлу – еркін күрестен облыстың жеті дүркін чемпионы. Айым үш дүркін жеңімпаз. Міне, бұқаралық спорттың нәтижесі осындай. Ж.Тілеубердин, А.Каримов, А.Колтубаев, В.Захарченко сияқты жаттықтырушылардың шәкірттері Талант Мадетов, Г.Трубачев, Д.Сәкенов, Д.Сембай, В.Митрополия – біздің мақтанышымыз.
Аудан орталығындағы спорт кешенінде барлығы бар. Бір мезетте 300 адамға қызмет көрсете алады. Жаңа спорт кешені салауатты өмір салтын насихаттауға, жастарды спортқа баулуда маңызды орын алатыны сөзсіз. Қысқасы, шемонаихалықтар бұқаралық спортты өркендету арқылы өз денсаулығын жақсартып, ел игілігі үшін жемісті еңбек ете бермек.
Сұхбаттасқан — Оңдасын Елубай