Бапкердің бағы
…Қол күресі мен гір спортынан әлем, Азия, Қазақстан чемпионаттарында топ жарған саңлақтарды баптаған күршімдік Әділбек Өмірбекұлы Баймұқанбетов қазір кемел шағында. Мына бір деректерге көз салыңызшы. Спорт саласында қызмет еткен 40 жылында оннан астам әлем, осыншама жасты Азия чемпионаттарында жүлдегер еткен бабындағы бапкер жайлы қалай мақтасақ та орынды. Оның сыртында гір спортынан оннан астам саңлақты ел чемпионы қатарына қосқан.
Жас кезінде Әдекең еркін күреспен шұғылданып, спорт шеберлігіне үміткер атанды. Өз салмағында ел біріншілігінде сан мәрте жүлде терді. Ермак қаласындағы дене тәрбиесі техникумында оқып жүрген кезде Павлодар облысының намысын қорғады. Ақыры елге оралған соң аудандағы кәсіптік-техникалық училищеге дене тәрбиесінің оқытушысы болып орналасты. Бұл 1982 жыл болатын. Демек 40 жылдан астам уақыт бұрын.
Қазір ойлап отырсақ, Әдекең өмірден өз орнын, спорттан бақытын тапқан сияқты. 40 жылда гір спорты мен қол күресінен баптаған шәкірттері еліміздің көк байраған желбіретіп, елге жеңіспен оралып жүр. Мысал керек пе? Ол жеткілікті.
Алдымен гір спорты жайлы. Алғаш келген кезде гір спортын менсінбегендер кездесті. 16, 24, 32 келілік гір тасын екі қолымен алма-кезек көтерген кезде балалардың қызығушылығы байқалды. Албырт жастардың біразы ауыр жаттығуларға шадай алмай үйірмені тастап кетті. Ал табанды, қайсар жастар шыдады. Әділхан Нұрғазин деген шәкірті облыстық спартакиаданың 11 дүркін чемпионы атанды. Ол ол ма, әлем чемпионатында топ жарған кезде ең бірінші бапкерін құшақтап, алғысын айтты. Амангелді Құсайынов деген шәкірті гір спортынан ауданда бірінші болып спорт шебері атанды. Он шәкірті гір спортынан спорт шебері болып, жерлестерін қуантты.
2007 жылы Нұржан Дүкиев деген шәкірті қол күресінен әлем чемпионы атанған кезде бапкері ерекше қуанышқа бөленді. Оның себебі бар. Нұржан табанды, жаттығу залынан шықпайтын, қайтсем де әлем чемпионы атанамын деп ұстазына серт берген. Ақыры уәдесінде тұрды. Заңғар Әшіманов деген шәкірті Ресейдің Суздаль деген қаласында жалауы желбіреген жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатынан жеңіспен оралды. Қазір Заңғар Күршімдегі орта мектепте дене тәрбиесінен сабақ беріп, шәкірттерін баптауда. Ұрпақтар жалғасы деген осы болса керек. Күршімнің қыздары да спорт десе елеңдеп тұрады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Назерке Малқайдарова деген қыз Әділбектің қарамағында қол күресінен жаттыға бастады. Ерінбейтін, жаттығулардан қалмайтын өжет қыз 2009 жылы Канадада жалауы желбіреген әлем чемпионатынан жеңіспен оралды. Теректі ауылындағы бапкер Бақытхан Мәжиковтың шәкірті Ерназ Нұрахметов айды аспанға шығарып, Токио қаласында өткен әлем чемпионатынан жеңіспен оралды.
– Иә, Күршім ауданында бұқаралық спорт дамып келеді. Біздегі 200-ден астам спорт ғимаратында, спорт залдарында, екі стадионда, басқа да спорт алаңдарында қала тұрғындары мен жастар, мектеп оқушылары алаңсыз жаттығады. Барлығы тегін. Ал Әділбек сияқты ағамызбен мақтанамыз. 40 жылда қаншама әлем чемпионын тәрбиелеп шығарды. Алдағы уақытта да күршімдіктер спортта биік табыстарға жете беретіні сөзсіз, – дейді өңірде бұқаралық спорттың өркендеуіне ерекше үлес қосып, шалғайдағы ауданда ауыл спортының дамуына атсалысып жүрген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сымбат Дүйсенғазин.
Зейнеткер атанса да қатардан қалмай, ауыл спортының өркендеуіне ерекше үлес қосып келе жатқан Әдекең сияқты нар жүгін арқалаған азаматтарға алғыстан басқа не айтамыз?
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Қазақстанның құрметті спорт қайраткері»,
«Құрмет» орденінің иегері,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.