Grand Slam: қазақстандық дзюдошылар алғашқы күні жүлдесіз қалды
28 ақпанда Ташкентте (Өзбекстан) дзюдодан Grand Slam халықаралық турнирі басталды.

Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасының ешбір спортшысы финалдық кезеңге өте алмады. Турнирдің алғашқы күнінде белдескен барлық дзюдошы жарысты ерте аяқтады.
Ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақта Нұраділ Әлжан алғашқы белдесуінде Камоллидин Бахтияровқа (Өзбекстан) есе жіберді. 66 келі салмақта Ердәулет Бозша Абдурахим Нутфуллоевке (Өзбекстан), ал Ержан Еренқайыпов Казбек Нагучевтен (БАӘ) ұтылды.
Әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақта Ғалия Тынбаева Ахлия Муминоваға (Тәжікстан) жол берді, ал Диана Букреева Сабина Гиллязоваға (Ресей) есе жіберді.
52 келіге дейінгі салмақта Құндыз Жылқыбай Мария Комасқа (Испания) жеңілді. Ал 57 келі салмақтағы Бақыт Құсақбаева Ирина Зуевадан (Ресей) ұтылды.
Барлық жекпе-жек қазақстандық спортшылар үшін турнирдегі алғашқы белдесулері болды.