Басқа спорт түрлері

ЖАҢА ӨМІРГЕ БАТЫЛ ҚАДАМ немесе жаңа Қазақстанды бірге құрайық!

Жаңа 2022 жылдың басы бұрын-соңды көрмеген, жантүршігерлік оқиғалармен басталғаны өкінішті. Әсіресе халқымыз қаңтардың 4-і мен 7-сі аралығындағы қан төгіске ұласқан бұзақылықтың да тым шектен шыққанын да көпшілік өз көзімен көрді. Арнайы ұйымдастырылған болуы керек, дәл осындай тәртіпсіздіктер бір мезетте еліміздің өзге облыс орталықтарында да белең алды. Ол туралы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдемелерінде әлденеше рет айтты. Бұқаралақ ақпарат құралдарында кеңінен хабарланып, тайға таңба басқандай телеарналарда көрсетілді.

Әлеуметтік желілер арқылы жастардың орталық алаңға жиналып жатқанын көзімізбен көріп отыр­дық. Әдеттегідей алаңға жиналғандар айқай-шумен ойларын айтып, үйлеріне қайтар деп күттік те. Өкінішке қарай, көрініс біз ойлағандай болмады. Кеш бата бейбіт шеру әлдекімдердің ұйымдастыруымен жаппай төбелеске, басбұзарлыққа, тонаушылыққа ұласқанын да теледидардан естідік. Әсіресе, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы, драматург Дулат Исабековтың «Қазақстан» телеарнасынан ауық-ауық шығып: «Балаларым, айналайындар, үйлеріңе қайтыңдар! Арандатушыларға ұрынып қаласыңдар. Отбасыларыңа барыңдар!» – деп әлденеше рет әкелік тілекпен айтуы кімнің болса да жүрегін ауыртқаны рас.
Не керек, үлкен жазушының әкелік сөзін олар естімеді. Тыңдамады десек те болады. Шынында бұл жолы халық алаңға көптеп жиналды. Көкейде жүрген сөздерін барынша айқайлап-ақ айтты. Әлеуметтік желілер арқылы олардың сөздері әлемге тарап жатты. Сөйте жүріп көпшіліктің өз араларында қару ұстаған басбұзарлар мен арандатушылардың жүргенін көрмеуі, сезбеуі де мүмкін емес дер едік. Ендеше беттеріне маска киген содырлардың жоқ жерден төбелес ұйымдастырып, мемлекеттік мекемелерге өрт қойып, тәртіп қорғау органдарының қызметкерлеріне шабуыл жасаған сәттерінде оларға тоқтау салып не болмаса: «мына бәледен аулақ деп» үйлеріне неге қайтпады екен деген ой өз-өзінен туындайды…
Қаңтардың бесі күні таңғы рейспен Меккеден ұшып келетін баламды қарсы алу үшін төрті күні түнгі 12:00-де Алматы әуежайына таксилетіп жеттім. Тіршілік бірқалыпты. Әуежайда халық та көп екен. Бірі ұшақтан түсіп жатса, екіншісі ұшып жатты. Мен күткен ұшақ таңғы алтыда келіп қонды. Сағат жеті шамасында сыртқа шыққанымызда әскери сарбаздар әуежайға кірер жолды қоршап тұрды. Түрлеріне қарасам, киімдері әскери болғанымен, өздері өрімдей жас жігіттер. «Сақтық шаралары болар, бұл жаққа, әсіресе страгиялық маңызы бар халықаралық әуежайға кімдердің батылы жетіп келеді», деген оймен жол-жөнекей баламыз екеуміз такси ұстап, үй жаққа жол тарттық. Айнала әлі де таңғы ала көлеңке. Такси жүргізушісі басқа ұлттың өкілі болса да қазақшаға судай екен. Бізге қарап: «Мен орталық жақтан келемін. Онда азан-қазан шу. Ішке кіре алмайсың. Бір адамды үйіне жеткізу үшін бірнеше көшені айналып жүруге тура келді. Қай көшеге келсем де үш-төрт машина нөмірсіз шыға келеді де жолды әй-шәй жоқ жауып тастайды. Бұларың не деп, бір-екеуіне айқайлап едім, өзіме қарай жүгірген соң қашып құтылдым. Аяғы не болар екен», – деп ол басын шайқады. Оған не деп ой қосарымды білмедім. Үнсіз тыңдап отырмын. Үйге келіп, ұйықтап қалдық. Түске қарай интернет желісі өшті. «Әуежайды да содырлар басып алыпты» деген ақпаратты естігенде еріксіз жағамды ұстадым.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардың 11-інде Парламент Мәжілісінде «Қасіретті қаңтар» сабағы: Қоғам тұтастығы – Тәуелсіздік кепілі» атты мәлімдемесінде: «Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет… Бұл халықаралық лаңкестік тарапынан елімізге қарсы жасалған қарулы агрессия болғандықтан, Қазақстан заңды түрде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы бойынша әріптестеріне бітімгершілік контингент жіберу туралы өтініш жасады.
Мынаны түсіну керек: осындай шешім қабылдап жатқан кезде Алматыны бақылауды толықтай уыстан шығарып алуымыз мүмкін еді. Ондай жағдайда қалада лаңкестер ойран салатын еді. Алматыдан айырылсақ, астананы да жоғалтып, кейін елімізден айырылатын едік. Қаңтардағы қаралы күндеріндегі оқиғалардың мәні де осында. Елордада бітімгершілік контингент пайда болғаннан кейін Алматыға арнайы жасақтың қосымша бөлімшелерін жіберіп, қаланы сақтап қала алдық», – деді Президент.
Бұдан кейінгі жағдайды елдің бәрі өз көздерімен көріп, ой елегінен өткізуде. Отыз жылдың ішіндегі халықтың әл-ауқаты да ашық айтылды. Елдің байлығы да қанша адамның қолында шоғырланғанын да естідік. Президент мәлімдемесінің соңында: «Қиын күндер артта қалды. Осы сәтте ел тағдыры үшін ұйыса білген бүкіл халқыма шынайы ризашылығымды білдіремін! Бәріміз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек. Ең бастысы, береке-бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Енді Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл шынайы жаңару кезеңі болады. Егемен елімізді бірге өркендетейік! Халқымыз үшін тәуелсіздік бәрінен қымбат. Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!» – деп Мемлекет басшысы әр азаматтың жүрегіне жетерліктей етіп, қадап айтты.
Бәріне де уақыт емші. Болған оқиғаларды ой елегінен өткізіп үлгергенше, қаңтардың соңғы күндеріне де жетіп қалдық. Біраз дүние өзгерді. Қанды қақтығыста қаза болған азаматтардың есімдері де жарияланды. Бұрынғы Президенттің біраз туыстары лауазымды қызметкерлерінен айырылды. Әртүрлі деңгейдегі әкімдер де жаңарып жатыр. Үкімет жаңадан жасақталды. Ең негізгісі, бұқара халықтың ертеңгі күніне деген сенімі артты. Президенттің әрбір игі істеріне қарапайым жұрт пен бірге зиялы қауымдар да үн қосып, кеңінен қолдау танытуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, жаңа қоғамның жаңаша дамуы үшін бүгінгі шырмауықша бір-бірімен байланысқан жүйені түп тамырымен өзгертуіміз қажет. Сондықтан еліміздің әрбір азаматы жоғарыдан нұсқау күтпей, жаңаруды өзінен бастағаны жөн дегіміз келеді.

Мәулетхан БАРСАҒАЗЫҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button